Жаңалықтар

Журналистер де екпе алуда

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің, «Үш таған» журналының ұжымдары және әкімшілік-басқару қызметкерлері осы аптада бірлескен түрде коронавирус індетіне қарсы екпе алды. Ақтөбе қаласындағы №7 емхананың маман дәрігерлері компанияға келіп, журналистермен кездесіп, туындаған сұрақтар бойынша кеңес берді. Олар соңғы кездері қала бойынша тұрғындардың екпе алуға көптеп келіп жатқанын, емханада оларға қолайлы жағдай жасалып отырғанын айтты.

Компания директоры Раукен Отыншин, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев, журналистер Нұрмұханбет Дияров, Жанат Сисекенова, заңгер Берік Айгелді, газетті жаздыру және тарату бөлімінің жетекшісі Исламғали Бітік «Спутник-V» екпесін қабылдады.

— Біз отбасымызбен түгелдей екпе алдық. Бастапқыда ойланыңқырап қалғаныммен, айналадағы ахуалды көріп отырып, бірден-бір тура жол осы екенін ұғындым. Дәрігерлермен де ашық сөйлесіп, пікірлестім. Басқаларды да екпе алуға шақырамын. Өзіміздің ғана емес, ағайын-тума, ауыл-аймақтың амандығы үшін де осы қадамға баруымыз керек. Екпенің ешқандай ауыртпалығын сезінген жоқпын, бәрі жақсы,— дейді Ертай Ашықбаев.

Айта кететін жайт, бұған дейін де ұжымның бірнеше қызметкерлері екпенің екі компонентін алып үлгерген болатын. Осылайша журналистер баспасөз арқылы вакцина алудың пайдалылығын, қауіпті дерттен тезірек құтылудың бірден-бір жолы осы екенін насихаттап қана қоймай, нақты іспен де дәлелдеуде.

Өз тілшіміз. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button