Жаңалықтар

Мұғалжардың көмегі

Мұғалжар ауданының шаруалары да қысқы мал азығын әзірлеп жатыр.

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары биыл аудан бойынша шабындық жерлердегі шөптің түсімі төмен екенін айтып отыр. Аудандағы 150 000 гектардан астам шабындық жерден 166 300 тонна шөп шабылған. Ал жоспар бойынша 265 900 тонна шөп дайындалуы керек еді. Қазіргі таңда шөп дайындау науқанында 95 бригада жұмыс жасауда. 335 шөп дайындау техникалары, оның ішінде 185 трактор, 150 шөп шабатын құрылғылар жұмылдырылған.

Мал шаруашылығына қарай бетбұрыс жасаған шаруа қожалықтары да шөп дайындауға білек сыбанып кірісіп кетті. Осы уақытқа дейін Еңбек ауылдық округінің шаруалары 2480 тонна шөп жинаған. Ауыл әкімі Аманбай Каюпов алдағы уақытта ауыл тұрғындарының қорасында тұрған малды да шөппен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстардың жүргізілетінін жеткізді.

Ал Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Әлімжан Андақұлов округ аумағында биылғы шөптің түсімі орташа екенін жеткізді. Бүгінде 22 шаруа қожалығы қысқы мал азығын дайындауда. Құмжарған ауылдық округінің әкімі Серғали Мамытов округ бойынша 4105 бас ірі қара, 7808 қой-ешкі, 1292 бас жылқы барын, оларды қысқы мал азығымен қамтамасыз ету үшін 67 мың центнер шөп қажет екенін, бүгінде шаруа қожалықтары мен жұмысшылары шөп шабу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқанын айтты. Сонымен бірге ауылда мал ұстайтын 300 үйдің 120-сына қажетті шөптің түсірілгенін мәлімдеді.

Батпақкөл және Ақкемер ауылдық округінің шаруалары шабындық жерлердің шөбін түгелдей шауып алған. Бүгінде тасып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Көршілес Маңғыстау облысына ауданнан 2600 бума (тюк), 700 орама шөп жіберілген. Аудандық ауылшаруашылығының басшысы Бауыржан Жолмағамбетов аталған көмекке аудан тұрғындары да белсенді атсалысып жатқанын айтты. Осы уақытқа дейін «Байқар» және «Жоламан» шаруа қожалықтарының иелері өз көмектерін көрсеткен. Айтуынша, алдағы уақытта биылғы шабылған шөптен «Қасай» қожалығы 100 орама, «Арман-М» қожалығы 100 орама, «Ислам» қожалығы 50 орама шөпті тегін беруді жоспарлап отыр.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button