Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Ақтөбеге Нөкістен алғашқы рейс келді

Премьер-Министр Асқар Мамин Өзбекстан Республикасының көлік министрі Илхом Махкамовпен кездесу барысында  29 шілдеден бастап «Ақтөбе – Нөкіс» бағыты бойынша жаңа әуе қатынасын ашуға келіскен болатын. Бүгін Ақтөбеге Нөкістен алғашқы рейс келіп қонды.
Нөкістен келген алғашқы жолаушыларды ақтөбеліктер салтанатты түрде қарсы алды. Дәстүр бойынша қызыл лента қиылып, дәм тартылды.
— «Нөкіс-Ақтөбе» бағытындағы алғашқы рейс әуежай айлағына келіп қонды. Нөкістен келген алғашқы жолаушылар саны — 123 адам. Сондай-ақ сағат 14.00-де 56 жолаушысы бар «Ақтөбе-Нөкіс» бағытындағы ұшақ кейін қарай ұшады. Жалпы, әуе қатынасы «Ақтөбе -Нөкіс-Ташкент» бағыты бойынша жұмыс жасайды. Қатынасты Uzbekistan Airways әуе компаниясы жүргізеді. Ұшақ билеттерінің бағасы да қолайлы. Мәселен, Ақтөбеден Нөкіс қаласына дейінгі билет бағасы 40 мың теңге көлемінде болса, Ақтөбеден Ташкентке дейінгі билет құны шамамен 60 мың теңге, — деді Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Дастан Малиев.
— Бұрын Ақтөбеге пойызбен, автобуспен келетін едік. Жол шаршататын. Бүгін Нөкістен тікелей  бар-жоғы екі сағаттың ішінде ұшып келдік. Ұшақтың іші жайлы, әрі билет бағасы да қолайлы екен. Өзіміз Нөкіс қаласында тұрамыз. Ақтөбеде ағайын-туыстарымыз тұрады. Екі елдің арасы жақындай түсті. Өте қуаныштымыз, — дейді алғашқы жолаушылардың бірі Уайысбай Алламбергенов.
Ал облыс әкімінің кеңесшісі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Өңірлік университетінің доценті Жұмабай Атаниязов түскі сағат 14.00-де Ақтөбеден Нөкіске қарай ұшатын ұшаққа билет алыпты.
— 2019 жылы облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қарақалпақстанға барған жұмыс сапарында осы мәселе көтерілген еді. Сол кезде облыс әкімі болашақта Ақтөбе мен Нөкіс арасында әуе жолы болады деген. Сол уәденің орындалғанын көріп, қуанып тұрмыз, — деді ол.
Қазір рейстер аптасына бір рет бейсенбі күні, Airbus A320 жайлы бизнес-эконом-конфигурациясы бар ұшақтарда жүзеге асырылады. Алдағы уақытта ұшу жиілігін көбейту жоспары бар. Сондай-ақ тамыз айынан бастап аптасына екі рет «Ақтөбе-Тбилиси» бағытындағы рейс іске қосылады. Ал «Ақтөбе-Минск» бағытындағы рейстерді жүзеге асыру үшін қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Ішкі рейстер бойынша айтар болсақ, биылдан бастап «Ақтөбе-Шымкент», «Ақтөбе-Түркістан» бағытындағы рейстер ашылған.
Айта кетейік, Ақтөбе халықаралық әуежайына мамыр айында Әлия Молдағұлованың есімі берілген болатын.  Қаланың басты әуе қақпасының маңдайшасына латын әріптерімен Әлия Молдағұлова деп жазылып, әуежайдың ішіне батыр қыздың бюсті қойылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button