Басты бет » Әлеумет » «Нұр Ақтөбе»: тұрғындарды алаңдатқан мәселелер қандай?

«Нұр Ақтөбе»: тұрғындарды алаңдатқан мәселелер қандай?

Қаланың шығысында бой көтерген «Нұр Ақтөбе» ауданы күн санап үлкейіп келеді. Құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде мұнда 40 мыңға жуық тұрғын тұрады. Әрине, бұл шекті сан емес. Халық саны да, қала аумағы да кеңеюі әбден мүмкін.

Біз «Нұр Ақтөбе» қалашығында жасалып жатқан жұмыстар туралы Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Әміржан Оразғалиевтен сұрап білген едік. Сұхбат барысында аудан әкімінен тұрғындарды алаңдатқан негізгі сұрақтардың жауабын алдық.

 

Таза қала — тұрғындардың келбеті

Қала сыртындағы шағын ауданда көрер көзге көрнекті қыруар шаруа тындырылып жатыр. Дегенмен тұрғындар тарапынан шағым да жоқ емес. Мәселен, бұған дейін әлеуметтік желілерде тұрғындар «Нұр Ақтөбедегі» тұрмыстық қалдықтардың апталап жиналмайтынын айтып, шағымданған болатын. Жергілікті билік өкілдері енді мұндай олқылық болмайтындығын айтып отыр. Соңғы үш ай көлемінде нұрақтөбеліктер қоқыс мәселесінен арылған тәрізді. Өйткені мұндағы қоқыс шығару жұмыстарымен енді басқа компания айналысып жатыр.

— Сәуір айына дейін «Нұр Ақтөбедегі» қоқыс үлкен мәселе болғаны рас. 18 сәуірге дейін шағын аудандағы қоқыс шығару жұмыстарымен «Ақжол ЛТД» компаниясы айналысып келді. 18 сәуірден бастап «Нұр Ақтөбедегі» қоқыс тазалау жұмыстарымен  «Clean City Aktobe» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Аталған мекеме тек қана «Нұр Ақтөбедегі» қатты қалдық қоқыстарын шығарады. Сондықтан тұрғындар тарапынан алдағы уақытта қоқыс тазарту мәселесіне қатысты шағым болмайды деп ойлаймыз. Қазір тұрғындардың көбі үйлеріндегі үлкен ескі жиһаздарын да контейнерлердің жанына шығарып тастайтын болған. Қоқыс шығарушы мекемелер олардың барлығын ақысыз түрде алып кетіп жатыр. Дегенмен қоқыс жинау барысында ондай заттар  үлкен кедергілер  тудырады. Тұрғын үй иелерінен мұндай кедергілерді тудырмауын сұраймыз, — деп бастады әңгімесін аудан әкімі.

Сондай-ақ ол биыл «Нұр Ақтөбеде» тұрмыстық қалдықтарға арналған жаңа 200 евроконтейнер орнатылғанын айтты. Қаражат бөлінсе, жаңа контейнерлер қатары тағы толықпақ.

 

900 орындық мектеп қашан беріледі?

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын «Нұр Ақтөбе» тұрғындарын алаңдататын тағы бір мәселе бар. Ол — мектеп. Бұл жерде бүгінде 2 мектеп, 3 балабақша бар.

Құрылысы 2017 жылы басталған «Нұр Ақтөбенің» 4-шағын ауданындағы 900 орындық мектеп әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Аудан әкімінен аталған мектептің жайын сұрағанбыз. Әміржан Мұратбайұлы бұл жағдайдың қалалық құрылыс бөлімінің бақылауында екенін айтып, төмендегідей жауап берді:

— «Нұр Ақтөбенің» 4-шағын ауданындағы 900 орындық мектептің құрылысын

«АктобеЭлектросетьСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген болатын. Қазір мердігер мекеменің банкротқа ұшырауына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Мектептің нақты қашан пайдалануға берілетіні әзір белгісіз. Дегенмен бұл мәселені шешу бойынша жұмыстар жалғасуда. Шілде айында қалалық құрылыс бөлімі мердігер мекемені сотқа берді. Қазіргі таңда сот рәсімдері жүргізіліп жатыр.

 

Жарықшамдар неге жанбайды?

Байқағанымыздай, пайдалануға күні кеше берілген жаңа тұрғын үйлердің ауласындағы жарықшамдардың көбі дерлік істен шыққан. «Нұр Ақтөбенің» 4-шағын ауданында тұратын тұрғындар Коттедж қалашығы мен 4-шағын аудан арасын байланыстырып тұратын автомобиль жолы бойындағы жарықшамдардың да соңғы уақытта жанбайтынын айтады. Аудан әкімінен осы мәселені де сұрап, тұрғындар өтінішін жеткізген едік.

— «Нұр Ақтөбе» ауданында бүгінгі таңда 55 балалар алаңы мен 20 спорт алаңы бар. Егер тұрғын үй алаңындағы алаң қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының балансында болса, балалар алаңындағы жарықшамдар мен ойын алаңдарын біз жөндеп береміз. Ал басқарушы компанияға тиесілі болса, солар жөндеуге міндетті. Ол үшін тұрғындар қағаз жүзінде өтініштерін білдіруге тиіс. Ал жол бойындағы жарықшамдарға келсек, оған «Прогресс кз» мердігер мекемесі жауапты.  Тұрғындар бізге аталған мәселені жеткізсе, біз мердігерге тапсырма береміз, — деді Әміржан Оразғалиев.

 

Мобильді байланыс мінсіз болу үшін…

Жаңа қалашықта жиі көтерілетін тағы бір мәселе бар. Мұнда мобильді байланыс нашар. Мұны аудан әкімі де біліп отыр.

— Иә, қала сыртындағы аудан болғасын мобильді байланыс нашар. Бұл мәселені тұрғындар да бірнеше рет көтеріп, нәтижесінде жұмыс жүргізілді. Байланыс антеннасын қондыратын жерді анықтап,  инвестор да тапқан едік.  Дегенмен байланыс бағанын орнататын жерде тұратын тұрғындар бас тартты. Олар бағанды тұрғын үй маңына орнатуға қарсы. Ал инвестор «Нұр Ақтөбенің» барлық ауданын кеңінен қамту үшін баған орталыққа орнатылу керектігін айтады. Тұрғындар қағаз жүзінде баған орнатуға қарсылық білдірген соң инвестор бұл ауданнан кетіп, қазір «Батыс-2» ауданында жұмысын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта тұрғындар арасында байланыс антеннасының ешқандай денсаулыққа зияны жоқ екенін жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз, — деді аудан әкімі.

 

Саябақ пен спорт кешені салынады

Сұхбат барысында аудан әкімі нұрақтөбеліктер үшін жағымды жаңалық бар екенін айтты. Биыл аудан аумағында денешынықтыру-сауықтыру кешені мен жаңа саябақтың құрылысы басталмақ.

— Салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар үшін де, мектеп оқушылары үшін де заманауи талапқа сай келетін спорт залдары қажет. Осы мәселе, бұйырса, биыл өз шешімін тапқан секілді. Аудан аумағында бассейні бар жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені мен ангар типті спорт кешенінің құрылысы басталады. Жобалық-сметалық құжаттары дайын. Сондай-ақ биыл аудан аумағында жаңа саябақ салынады. Алматы ауданындағы саябақ Есет батыр ескерткішінің жанынан түседі, — деді Әміржан Оразғалиев.

 

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданының құрылысы кезінде Ақтөбе өңірі үшін үлкен тарихи оқиға болғаны белгілі. Бүгінде мұнда мемлекеттік бағдарламалар аясында мыңдаған адам баспаналы болып, қоныстанып үлгерді. Биылдың өзінде аудан аумағында 6 үш қабатты, 3 тоғыз қабатты үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл биыл тағы мыңға жуық адам нұрақтөбенің тұрғылықты тұрғыны болады деген сөз.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.