Әлеумет

Көне ауданның жаңа келбеті

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы Тұрғындар қалашығы ауданында жаңарту жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Биыл мұндағы 32 үйдің төбесі ауыстырылып, қабырғасы боялады. Аулаларын абаттандырып, ойын алаңдарын салу да көзделуде. Бүгінде ескі үйлердің өңі кіріп, аудан жаңаша кейіпке еніп келеді.

Тұрғындар қалашығы ауданында 126 үй бар. 1950-1960 жылдары бой көтерген 2-3 қабатты үйлердің сырт келбеті ескіргенмен, архитектурасы ерекше, ғимараттары тарихтан сыр шертеді. Бірақ аудандағы қираған аркалар, бұзылған, бос тұрған үйлер ауданның сәнін кетіріп тұр. Бұл мәселе бойынша тұрғындар әкімдікке жиі шағымданатын. Түйткілді мәселені шешу үшін облыстық әкімдік пен «Қазхром» трансұлттық компаниясы арнайы меморандумға қол қойған.

Биыл аудандағы ескі үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аталған компания 540 миллион теңге қаржы бөлген. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарын «Байсанат А» ЖШС жүргізіп жатыр.

Жоба бойынша аудандағы Есет батыр, Қаратаев, Махамбетов көшелері және Жеңіс даңғылындағы жалпы саны 32 үй жаңарады. Үйлердің қасбеттері боялып, шатыры ауыстырылмақ. Қазірдің өзінде жөндеу жұмыстарының 70 пайызы аяқталған.

— Ең басты міндет — үйлердің әуелгі тарихи келбетін жоғалтпай, жаңарту.

Бұл үйлер бұрын жөндеу көрмеген. Қазір үйлердің шатырын жабу жұмыстары толық аяқталды. Енді сырттары боялып жатыр. Сондай-ақ сыртқы кіреберіс есіктеріне маңдайшалар салынып, төсеніш плиткалар төселуде. Бұл жұмыстарға 300-ден астам жұмысшы жұмылдырылды. Жөндеу жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтау көзделіп отыр, — дейді «Байсанат А» ЖШС өкілі Руслан Керейұлы.

Тұрғындар қалашығы ауданында ескі үйлердің шатырын ауыстыру, сыртын бояу жұмыстарымен қатар, аула аумақтарын асфальттау жұмыстары да жүргізілуде.

Тұрғындар не дейді?

Алмагүл ҚОРАЗОВА:

Үш жылдан бері Тұрғындар қалашығы ауданының тұрғынымын. Биыл тұрғын үйлердің сырты жаңа кейіпке еніп, ажарлана түсті. Үйіміздегі подъездердің терезесі де ауыстырылды. Жасалып жатқан өзгерістер орынды деп есептеймін. Пандемияға қарамастан, осындай қолдау білдірген әкімдік өкілдеріне, жұмысшыларға тұрғындар атынан алғыс айтамын.

 

 

Владислав НУЖИН:

— Бұл жұмыстардың барлығы осы ауданның тұрғындарымен ақылдасып шешілді. Үйлердің сыртын қандай түске боялатыны туралы да сауалнама жүргізілді.  Атқарылған істерге тұрғындар дән риза. Ауданымызға әлі де гүлзарлар мен саябақтар, балаларға арналған ойын алаңдары керек. Сүйікті ауданымыз бұдан да дамып, көріктене түссе дейміз.

 

Дархан ӨТЕГЕНОВ:

Осы ауданға көшіп келгенімізге 6 жыл болды. Соғыстан кейінгі жылдары салынған үйлер қанша жылдан бері күрделі жөндеу көрмегені түсінікті. Мұндай жұмыстар алғаш рет жүргізіліп жатыр. Шатырдан бастап, үйлердің сыртының жаңарғаны ерекше реңк беріп тұр.

Осы айда толассыз жауған жаңбырдың салдарынан кейбір көршілеріміздің шатырынан су кетті. Зардап шеккен пәтер иелерінің шығындары өтелетін болды. Әрине, тиісті жұмыстар уақытында, сапалы атқарылса дейміз.

 

Александра ЧАУСОВА:

Бұл ауданда қаланың негізі қаланған уақытта салынған үйлер бар. Ескі ғимараттар болғанымен, бұл біздің тарихи шежіреміз іспетті. Бұл үйлер кезінде сапалы салынған. Ең бастысы, іші жылы. Дегенмен күрделі жөндеу жүргізудің уақыты таяғаны рас. Қазір шатырларын жауып, үйдің сыртын бояған соң көріктене түсті. Менің үйімнің келбетін де өзгертіп берді. Бастысы — тегін. Мұндай жөндеу жұмыстары  қарапайым қарияның қолынан келеді ме? Енді көшеге шыққан кезде көз сүйсінеді. Мен өте қуаныштымын.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button