Мәдениет

Жүрегімде жүз қасиет аяулы, сырты қарапайымбыз

Гүлімай Қуанышова

 

Қара өлең құлайды кеудеме

Қанатын жайып сап.

Түн сайын жылайды. Беу, неге?

Тек осы дерттен бір айықсақ.

Уілдеп шақырған бір әннің,

Үзіліп кетердей сағағы.

Сәбидей тәп-тәтті былдырлап,

Санамда қоңырау қағады.

Төсектің наласын арқалап,

қиялды тербетіп отырмын.

Қалғысам ішегін тартады,

Онсыз да сүйкімсіз қотыр мұң.

Сөнсе үміт соңғы рет қарманып,

Сұлбасын сызылған әріптің.

Таңсырап, өлердей қансырап,

Бауырымда боздайды ғаріп түн.

Фәнидің тілегін тәрк етіп,

Түссе өлең шер толы шараға.

Жалаңаш жүрегі жарқ етіп,

Жоғалса…

қапыда қалам, ә?

*   *   *

Ұлпаға үзіп-үзіп тастағалы,
Нәтімді қаңтар-ұлық.
Болмай қап кезбе бұлттың басқа амалы,
Әлі тұр аңтарылып.

Мұң аңқып құндағымнан тарағанда-ақ,
Қарқылдап қос қанаты сынық қарғам.
Аңдаусыз аспанға алғаш қарағанда-ақ,
Көзіме көктем нұры тұнып қалған.

Жадыма жаз әуенін тоқығасын,
Сыр төккем жөргегіме.
Күзде кеп оқимысың, оқымасым,
Сүрініп өрмегіме?

Ұлы өртке тамызық боп ақтың бәрі
Жалынға жұтылғасын.
Таңдайға татымады хақтың дәмі,
Кермек жас — ұтырлы асым.

Өттім де өзегінен күйіп ардың,
Барымды ұмыттырып,
Ажалдың маңдайынан сүйіп алдым,
Көзімді жұмып тұрып.

*   *   *

Нұр тамшылап қанатынан ақ таңның,

Сайрауықтың көмейінен түртеді.

Мөлтең-мөлтең моншақтарын көкжиек

Кірпігіне іркеді.

Ай барады ақ сағымға оранып,

Әдеті ғой ілкіден.

Сұлық жатыр шашын жайып сайтан сай,

Өліп кеткен күлкіден.

Үкісі үлпіл үйеңкіні сағалап,

Сыбырласса қос үміт.

Сынық сәуле үнсіз сезім тербеумен,

Сыр күтеді тосылып.

Көбелектің қиялына күмп беріп,

Жаннан безген жалғыздық.

Күн астына сыймай тағы бір өксік,

Көкірекке салғыздық.

Арайыңа еншілеспін, шұғыла.

Аспанға бір кетеріміз көрінді.

Малып алып көкжиектің мұңына,

Маңдайыма бас мүбәрак мөріңді!

*   *   *

Басыбайлым батпан құйрық сағыныш

Жауыр жамбас, боздауық.

Қанатымен күн сипаған шағымыз,

Қонып қалған сөзге ауып.

Кетті күнім… Келді күнім қаяулы,

Менің алақайымсыз.

Жүрегімде жүз қасиет аяулы,

Сырты қарапайымбыз.

Атар таңым мейірімге сараң ба,

Неге мүрде санатты?

Қазағымды Құдайға айтып қалам ба,

Ұшқан сайын қанатты.

Көктен созған көп елестің жетегі,

Жер қойнында тұншығып.

Үмітімді үзіп-үзіп өтеді,

Үрей тінді мың шыбық.

Тәңір берген түйсігіне сүйеніп,

Обал, сауап үшін деп,

Сенген ұлтқа қылмай ма екен иелік,

Құдіретпен мүсіндеп.

Ұзын арқан,кең тұсаулы ғұмырдың

Шешілер ме ноқтасы?

Бауырыңды жібітейін жұмыр күн

Жанарыма тоқташы.

Басалқаң кім? Бұлай неге билейсің?

Есіңді жи! Дүние!

Неге мені маңдайымнан сүймейсің?

Сезіміңе кім ие?

*   *   *

Бүйіріңде мен бармын ғой, дүние,

Дөңгеленші ақырын.

Құйрық, жалсыз құйындаған күніңе

Ілесе алмай туа шабан ақылым.

Далам кетті борбайында даң-дұңның,

Дүбірінен жауыр болды тақымым.

Шың басында қалып қойғым келеді,

Шымбайыма батқанда әр шақырым.

 

Зеңгір көктің жұпартекті желіні

Жанасқанда исініп.

Құзар шыңға қиялыммен қонақтап,

Емінер ем сүйсініп.

Күңіренсе Құлжығылған заңғары,

Құпия сыр түйсініп.

Күмбір күзге оралар ем,

Қанатыма күй сіңіп…

*   *   *

Есіме түссе көбелек-көйлегім

Келеді бір былдыр-былдыр сөйлегім.

Құлдыр құлыныммен жарысып,

Гуілдетіп асау желдің гөй лебін.

 

Со бір елес…

Кейде шаттық,кейде мұң,

Етегіме толтырғандай адыраспан жидегін.

Көтере алмай ауыр ойлардың

түйдек-түйдегін,

Әлсіреп жүрегім, ми, демім,

Ұмыт боп түздегім, үйдегім…

Отырам алақтап.

 

Тамсанып, қайтадан санамды парақтап.

Парақтап-парақтап,

Тағы да әй-әйді киіп ап заулаймын,

Ақ самал шашымды тарақтап,

Ақ күшік етегім қармайды далақтап.

Селт етіп тіршілік

кенеттен қарап қап,

Доп қуған, шөп буған

бәрінің тұсынан өтемін он аттап.

Ақбауыр төбе де жарыса жүгіріп,

жарқ етіп, жалт етіп жоны аппақ.

…Тек қана көйлегім қызылды-жасылды,

Әйтпесе, көңілім, өңірім — бәрі аппақ…

Бәрі аппақ!

 

Көктемнің күлкісі

Күміс нұр себелеп,

Ұшамын, ұшамын

Көйлегім көбелек.

 

Және бір ұшар ем,

Қала ма қимай бақ.

Өшірсе деп едім өткенді,

қанатым шимайлап…

Ұша алмай қалдым ғой.

Көйлегім сыймай қап.

… Көбелек-көйлегім…

*   *   *

Аңсаулы төрім дуды,бесігім бақ,

Періштем іздеп жүр ме несібімді ап.

Үмітім қалғып отыр босағада,

Жақсы күн! Кел! Кел!

Менің есігім қақ!

Мына таң үні үрейлі,көзі мұңды,

Сыбырлап оятып жүр сезімімді.

Сен келсең, ҚАЗАҚқа кел басыбайлы!

Сүйей гөр, сыңар қолтық төзімімді.

Жаман күн әкеткелі бар жақсымды,

Айтынып әлі отырмын заржақ-сынды.

Ақиқат ақыретте жұбатар ма,

Кіл бүрсең көтере алмай қалсақ шынды.

Баласы ек «о қалай» мен «бұ қалайдың»,

Бар ма екен ақыры, біз шығар айдын?

Құрбансыз жақсы күнім келер ме деп,

Жаһанның жабығынан сығалаймын.

Кел, жақсы күн!

*   *   *

Уа! Жарық күн!

Өзің жолға салдың ба түнек-керді?

Өң мен түстің арасын сағым қылып,

Менің үшін қойдың ба бұл өткелді?

Таң нұрына саусағын малындырып,

Сұрасын деп, хақ маған тілек берді.

Шуағыңа жаһанды табындырып,

Саған мәңгі соғатын жүрек берді,

Жарық күн!

Әлімсақта,

Нәсілсіз, құл, қауымсыз,

Ерте, ерте, ертеден бұрын,тіпті,

Ешкінің құйрығынсыз, қырғауылсыз,

Жоқ кезде жауыздық та,

Сезім біткен жатқанда қауызды ықтап.

Сабарға төсі барын білмей пенде

Нәпсісін ауыздықтап.

Өткен бе еді?

Буаз бұлт мамырласа, бүйірінен,

Қытықтап, ойнаушы ма ед көктем лебі?

Көрген бе едің қапасқа қамалғанын,

ЕЛІ ҮШІН ЖАННАН АЗАП ШЕККЕН БЕГІ?

Айтшы, күнім!

Жарық күн!

Жеткіз мені ой шыңына!

Неше қайнап сорпам да қосылмай жүр,

Бүгінгінің сыңқыл қыз, тойшы ұлына.

Ақыл-есім, пейілім, ықыласым,

Ауып кеткен ТОБЫЛДЫҢ ОЙШЫЛЫНА!!!

Әкетші мені қола дәуіріне.

Қоғамға қайтармай-ақ қойшы мына!

Жарық күн!

Жарық күн!

Сәулең ғана шынайы.

Өзге «шынның» бәріне

Мен алданып қалыппын…

*   *   *

Күлегеш той!
Қызығыңды жемес ем,
Құзырыңда жасыдым.
Желек асты желкілдейді демесең,
Бұ ханшаңның басы мұң.
Базынасын боздауық бұлт демесе,
Бебеулер ме асық үн?
Жатырласым жатқа кетті…
Алғаны…
Бағын білсе-ау, бәсінің.

Бұлдыр-бұлдыр бейтараптау дүние,
Жоқ бітім де, жоқ ылаң.
Айдынымның арайы сәл кемшін дүр,
Ақ қайраңға соғылам.
Жалын шарпып жағалауда күтеді
Жасампаз бір оғылан.
Жанып кетем!
Алау тартып алам да
Жанарының шоғынан.
*   *   *

Сәби үні сүйкімімен сауласа,
Санаңызға саф алтынын жұқтырып.
Былдыр көштің бұла жолына аунаса,
Әр көкейде алуан елес тік тұрып.

Бал дәуренді қуалайды өкшелеп,
Атып шығып алаңғасар мың дерек.
Кел, ойнайық, «Ақсерек пен көксерек»,
Айтшы,бізден сізге тағы кім керек?

Көше сайын құлдыр қаққан бұлақ жыр
Қақпақылдап базарын.
Жетегімде ағыл-тегіл жылап жүр
Апам ғұрлы ажарым.

Жылатарға, жұбатарға қош айтып,
Жұпарына жұтылсам ба жөргектің.
Санайсың ба саусағыңды шошайтып,
Ит жылғыны ұмытпайтын сергек күн.

Ардың құны арзанқолдау тығырық
Үлкен өмір үйін тіккен сарсаңға.
Алақанның ар жағына жығылып,
Шынымен-ақ жасырынып қалсам ба?

*   *   *

Қызалақ бала едім-ау
іс – шала, ойым – «дана».
Ақтөбе, қала едің ғой
сен қарапайым ғана.
Сөмкеме сыймай қалып сайын дала,
шыт көйлек, көз, көңілге
толтырып, уайымды ала
келгенмін саған сеніп.
Жаз. Маусым айында ма.
Өзіңе мұң шағушы ем,
жоқ, әлде қайыңға ма.
Ауылым, апамды ше?
Әлде… М. жайында ма?
Дегенсің;
«сағынышты мойындама!»

Айттың «тек жаман қыздар жылайтынын,
Әдемі болмайтынын бұлай түрім».
Содан шығар жетем деп сұлулыққа,
«бізөкшемен» жүгіріп құлайтыным.
Содан шығар қойныңа күз кіргенде
Тәңірден саған көктем сұрайтыным.
Білсемші қаланың да құрылысын
жүректегі жылдардың құрайтынын.

Төсіңді талай қиқу дүбірлетіп,
керуен оздырғанда.
Бәс тігіп бозашының «бәйгесіне»
бос қауыз, боз қырманда.
Бармағым тістегенде шер саулаған,
бекерге сөз құрбанда.
Біздің жалаң жанымыз
көзге, ұрғанда
Бір күні!
Берекеге кез қылғанда,
Ақыры мерекеге кез қылғанда.
Екеуміз
Тағы да шық сүйестіріп
Тұрайық та!
Күз келіп, бұйырғанша бір айыпқа.

Алшынның ақ қанатын төгілдіріп
көтердің бойың көкке.
Менің де шашылып қап ойым көпке
Әйтеуір, екеумізде дос көбейді.
Мақтайтын мұнайың деп, тойың деп те,
«Мырзаң» да, «мүмінің» де төріңе озды
Сабырмен сойыңды епте,
Ақтөбем!

Басқа жаңалықтар

Back to top button