ТарихТәуелсіздік — 30

Дәуімшар мен Құдабай

Халық батырлары

Маңғыстау тарихының бір тарауы Жем бойы, Жылыой өлкелерімен тығыз байланысты. 1932 жылға дейін Маңғыстауға, яғни Адай уезіне қарап, кейінгі бөлініске байланысты Ақтөбе облысының әкімшілігіне еніп, 1940 жылы халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілген аудан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер және XVIII ғасырдың аяғы XIX ғасырдың басындағы кейбір тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы мәліметтер жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Солардың бірі — Дәуімшар-Құдабай батырлар мен олардың Үстірт пен Маңғыстау, Жем бойындағы жорықтары туралы деректер.

Тарих — таным үшін һәм тағылым үшін маңызды. Арысы — адамзаттың, берісі – ата-бабаларының басынан кешкенді, елі мен жерінде болған оқиғаларды ұрпақтары біліп қана қоймай, олардан үлгі де, сабақ та алуы керек. Осы орайда XIX ғасырдың алғашқы ширегіндегі Дәуімшар-Құдабай жорығын жұрт жадында жаңғырту мақсатында маңғыстаулық және ақтөбелік ел азаматтары еске алу шараларын ұйымдастырып келеді.

Сөз басында «Дәуімшар-Құдабай деген кімдер?» деген сауалға энциклопедиялық анықтамалық деректер мен ақын-жыраулардың шығармаларынан және өлкетанушылар мен баһадүр баба ұрпақтарының жазбаша және ауызша әңгімелерінен жауап іздеп көрелік.

Адай – Келімберді – Мұңал – Қырықмылтық атанған Шоғы батырдың үлкен ұлы Есекейден – Жарас, одан Тікенек атты бір ұл туады. Тікенектен: Құттықадам, Қармыс, Сармыс, Бозша, Сексенбай атты бес ұл өрбіп, «Бес Тікенек» аталады. Дәуімшар батыр – Құттықадамның ұлы Қуаттан туған да, Құдабай батыр – Сармыстың баласы. Яғни екеуі – бел немере. Қос батыр ержетіп, ат жалын тартып мінгесін, батыр аталары Құттықадам, Қармыс, Сармыстардың жолын қуып, ел қорғап, патша үкіметінің отарлау саясатына және іргелес қалмақтардың басқыншыларына қарсы күрескен халық батырлары.

Дәуімшар батырдың ағасы Дәуленбердіден тарайтын аталас ұрпағы, ауыл шаруашылығының ардагері Иван Ізімов Дәуімшар қорымының басында бізге ата-бабаларынан жеткен әңгімелерді баяндап берді: «Дәуімшар он төрт жасынан батыл мінезімен, батыр тұлғасымен көзге түскен. Жастайынан жорықтарға шығып, шайқастарға қатысқан. Аруақты кісі болған. Айналасындағы адамдарды айбары мен мысы басып, сұсы сескендіріп тұрады екен.

Бірде жолаушылап жүріп бір ауылға түскенде, сол елдің ақсақалы, құрметті кісісі құрақ ұшып, алдынан шығып, атынан түсіріп, айрықша қошемет көрсетіпті. Қонақ қылып, кетерінде атына мінгізіп, өзі шығарып салып, қоштасыпты. Оны көрген ауылдастары:

– Оу, Пәленшеке, сіздің мұныңыз қалай? Дардай ақсақал басыңызбен қаршадай баланың алдына түсіп, соңына еріп, елпеңдеп кеткеніңіз не? – дегенде, қария ойланып тұрып:

– Шырақтарым-ай, бұл бала құр адам емес, өйткені оның атының шылауында періштелер еріп жүр, – деген екен. Қарияның өзі де жүрек көзі ашылған адам болғаны ғой. Менің әкем Дәндібай: «Бұл батырлар – Құдай алдында ағли шейіт («аһли шаһид») дәрежесіне жатады. Олардың денесін жумай (қанымен жуылады), кебінге орамай, қабірге сауытымен жерлей береді…» – деп айтып отыратын».

Алашорда арысы, ғалым, қайраткер Халел Досмұхамедұлы 1925 жылы Ташкентте шыққан «Исатай-Махамбет» кітабының алғы сөзі ретінде жазған көлемді зерттеу мақаласында орыстың отарлау саясатына қарсы әр жылдардағы қозғалыстар мен көтерілістер туралы: «Адайдан шыққан Атағозы, Құдабай, Дәуімшар, Сүйінқара, таздан шыққан Өтен, Нарынбай, Төремұрат, беріштен шыққан Құлбарақ, Батырбек, Жапарберді, Кәбіс, Құлшар, есентемірден шыққан Мыңбай, Сұлтангелді, Көктаубай, тағы талай адам ел қорғап, қазаққа дұшпан дегендермен көп жауласқан. Қазақтың адай секілді рулары, шындығында, патша өкіметі Хиуа мен түрікпенді алғаннан кейін ғана бағынды…» – деп жазады. Бұған да алда мысал келтіреміз.

Әдебиеттанушы ғалым Қабиболла Сыдиықұлы XVII-XIX ғасырларда өмір сүріп, ел намысын қорғаған халық батырлары туралы жазып келіп, былай дейді: «Иса, Досан, Сүгір, Орақ, Дәуімшар, Құдабай сияқты батырлар – патша үкіметінің отарлаушылық саясатына қарсы шыққан халық батырлары. Сыртқы жаулармен елдің жер-суын, атамекенін қорғау, халық тәуелсіздігі үшін күресте ерекше көзге түскен яки сол жолда жандарын құрбан еткен халықтың аяулы перзенттерін астана жұрты ұмытпай, жыр арнап, ән-күйге қосып келеді. Халық батырларының бірқатары тарихи деректерде кездеседі, бірқатары ақындар жырында, шежірелер мен аңыз әңгімелерде айтылады. Олардың бірқатарына замандастары ескерткіш-бейіттер, күмбез-кесенелер тұрғызған…»

Тарихи оқиғаларды зерттеп-зерделеуде қазақтың ауыз әдебиетіне, аңыз әңгімелер мен сол тұстағы ақын-жыраулардың жыр-дастандарына да жүгінеміз. Өйткені олардың негізгі арқауы – өткен тарихымызға арналған.

Дәуімшар мен Құдабай батырларды ең көп жырлаған – «Жорық жыршысы» атанған Қалнияз жырау Шопықұлы. Оның әйгілі «Қожалақ батырға айтқан» жырында:

Сармыс, Шотан, Ер Жанақ,

Қалмақ жаумен шабысқан.

Атағозы, Ер Лабақ,

Дұшпанды қуған қоныстан.

Дәуімшар, Мыңбай, Құдабай,

Патшаға қарсы ұрысқан, –

десе, «Қоштасу сөздерінде»:

Тартынбай шапқан ерлер-ай,

Қаптағанда жау қалмақ,

Солардың бірі бұрынғы

Белгілі Бегей Қозыбақ,

Тәңіберген, Шотан мен

Сармыс, Есен, Ер Жанақ,

Туын жыққан дұшпанның

Атағозы, Ер Лабақ,

Өзім көрген кешегі

Амантұрлы, Қожалақ,

Балуанияз, Тұрмамбет,

Бердалы, Сүгір, Байбарақ,

Белгілі ерлер және де

Қармыс пен Өмір, Қонайым,

Жылқайдар мен Ер Төлеп,

Қарақай менен Шабайым,

Дәуімшар, Рақ, Құдабай,

Бердібек, Досан, Мыңбайым –

Бұлардың бүгін бірі жоқ,

Қара жер жұтқан талайын,

Олар түгіл бүгінгі

Азайып жүр маңайым,

Іні, келін, қарындас –

Қаумалаған ағайын,

Көре алмасам қош болың,

Қалың Алшын, Кіші жүз,

Сегіз арыс Адайым… – деп, есіл ерлердің есімдерін түгел тізбектейді.

Шалбар Қалнияз Кете Тәжібай ақынмен айтысында Ұлықұм шайқасы туралы айта келіп, онда ерлік көрсеткен батырлардың аттарын атайды:
… Аты қазақ ары үшін
Біздің елден ер Шырты,
Амантұрлы, Күзенбай,
Бабықтағы ер Мыңбай,
Олжалаған орысты
Дәуімшар мен Құдабай,
Құлыбек пен Төленді,
Еснияз бен ер Шабай,
Тағы да ерлер бірталай,

Көлденең Шыңның үстінен
Жеті жүз адай аттанды.
Әлмембет салған жолменен,
Желбіреген туменен,
Әзілбайдың ақ суат
Қуып жетіп артынан,
Алысты ауыр қолменен,
Басқыншы қалың жауменен.
… Жеті жүз адай айқасып,
Жан берісіп, шайқасып,
Тоқтатты жауды жолынан,
Жесірді алды қолынан.
Айырды малды алдынан…

1870 жылғы Иса-Досан көтерілісі күшпен басып-жаншылған соң Досан Тәжіұлы, Иса Тіленбайұлы, Ғафур Қалбыұлы бастаған қазақтың жетпіс биі мен старшыны, ел азаматтары пана сұрап, сол кездегі Хиуа ханы Атажанның алдына барып кеңес құрады. Олардың ішінде Қалнияз да болған. Сонда ақынның Атажан ханға айтты деген жырында мынадай жолдар кездеседі:

Мен жайымды білдірсем,

Түсінерсің себебін.

Сахыра жайлау, кең қоныс –

Еркін өскен ел едім.

Бұл күндері болғанда,

Болмай тұр менің дегенім.

Дәуімшар мен Құдабай –

Жығылғасын өренім;

Исатай мен Махамбет –

Қолға түсіп қорланып,

Құлағасын тіреуім.

Досан мен Иса – түлегім,

Көріп келген ел едік

Ақ патшаның әлегін…

Осы кеңестен кейін Атажан хан қазақтарды Хиуа жеріне қоныстандырады. Оның да өз есебі бар еді. Ресей Хиуаға жорық ұйымдастырса, қазақ батырларын қалқан қылып, қарсы қоюды ойлаған. Ол ойы жүзеге де асады. Досан бастаған халық батырлары соңына дейін күрескенімен, Ресей 1873 жылы Хиуаны да басып алып, өзіне қаратады. Жоғарыда Х.Досмұхамедұлы: «Қазақтың адай секілді рулары шындығында патша өкіметі Хиуа мен түрікпенді алғаннан кейін ғана бағынды…» – дегені сондықтан. Бұл кезеңнің өзі жеке тақырып болғандықтан, қысқаша әрі жалпылама мағлұмат беріп отырмыз. Ал Қалнияз жырау ауылымен бірге одан әрі Тескентау асып, Ауған барып, кері қайтарда Тәжікстан жерінде тұрақтайды, сол жақта өмірден өтеді…

Өлкетанушы, қаламгер Ізбасар Шыртанов «Маңғыстау» газетінде жариялаған «Кім кетіп, Маңғыстауға кім келмеген?» атты мақаласында: «Кей деректерде Шерқала оқиғасы Құдабай, Дәуімшар есімді батырларға байланысты айтылады. Шерқала тауы Маңғыстау ауданының территориясында. Аңыз бен дастан мағынасы бірін-бірі қайталайды. Өтірік деп көріңіз. Өтірік деуге кімнің батылы барады?!» – деп жазады.

Осы мақаласында Мұрат Мөңкеұлынан мысал келтіреді. Ақын «Өлім» деген термесінде батыр да, би де ажалдан құтыла алмайтынын, бірақ олардың ерлігі мен сөзі өміршең екенін айтады. Сол ерлерді еске алып шығарған «Батырларды жоқтау» деген жырында:

Адайыңды мақтасам,

Дәуімшар мен Құдабай,

Алдына келген дұшпаны

Жапырылды шыдамай.

Бұрынғы өткен ерлердің

Қайратын айтсам мынадай… – деп сүйсінеді.

І.Шыртанов жазған Шерқала шайқасына қатысты дерегіне де Мұрат пен Жылқышы ақынның 1860 жылы болған айтысында М.Мөңкеұлының айтқан сөзі дәйек болады:

Өлеңге сен де дайын, мен де дайын,

Жүйрік бол, жүйрік болсаң не қылайын?

Түскенде қырық күн тұман Шерқалаға,

Жүріпті қосшылыққа Телібайың.

Бар болса бір сырғияң батыр дейсің,

Мініпті Көбек байдан аттың майын.

Түрікпенді Шерқаладан төрт бостырған

Адайдың естіп едің бе Құдабайын?

… Өтіпті Атағозы, Өмір, Темір,

Бірінен бірі өтеді ақ сұңқардай,

Құлбарақ, батыр өтті Дәуімшардай…

Белгілі Ер Бегейдің ұрпағы Қалым жырау Тұманұлы да бұл батырлардың ерлігін дәріптей түседі:

Дәуімшар мен Құдабай

Патшаның әмір жарлығы –

Қазаққа қылған зорлығы

Көңілге жүрген ұнамай.

Сол себептен қос батыр

Қазақ елі ары үшін,

Атақоныс жер үшін,

Аянбай жұмсап бар күшін

Жауға шапқан шыдамай.

Қос батырдың найзасы

Желкесінен тигенде,

Қарсыласқан жауының

Бастары кетті домалап,

Кеудесі қалды құлап-ай.

Қалмақпен де соғысып,

Жесір алып олжалап,

Шайқасып өтті бұл Адай…

Ежелгі жыраулардың соңғы сарқыты Сүгір Бегендікұлы «Мүштәрих» сөзінде:

Дұшпанға қарсы шауып олжа алған

Сармыс батыр, Дәуімшар-Құдабайым.

Халқының қамын ойлап Төле молда,

Түркіменмен тату еткен бұл Адайын.

Моласы осылардың Жем бойында,

Барғанда дұға етің, сіз ағайын! – деп ерлік пен елдікті, парыз бен қарызды еске салады.

XIX ғасырдың басы – қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі хандық билігі әлсіреген кезең еді. Хандарды орыстың патша үкіметі тағайындай бастап, олардың қызметін де бақылап отырды. Хан деген лауазымы болғанымен, өкілеттілігі шектелген. Тиісінше, осы кездегі зор тарихи міндет халық батырларына тиесілі болды. Олар елді басқыншы жаулардан қорғап, мемлекеттің бірлігі мен территория тұтастығын сақтап, ішкі-сыртқы саясатпен қатар айналысып, би деңгейіне де көтерілді. Осы кезеңдегі ішкі және сыртқы факторлар қазақ қоғамындағы батырлардың саяси, әлеуметтік мәртебесінің күшеюіне ықпал етті. Сондықтан ел басына күн туған сәттерде саяси басымдық батырлар қолына өтті. Олардың туының астынан табылу — жаужүрек жұрттың жауынгер ұландары үшін зор мәртебе болатын.

1812 жылы Александр І патшаның жарлығымен Кіші жүз екіге бөлінгенде: Ішкі ордада – Бөкей, Жайықтың сол жағасынан шығыс жақтағы өңірде Шерғазы хан болып жарияланғаны белгілі. Өлкетанушы ғалым, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбаев осы оқиғалар қарсаңындағы тарихи құжаттарда Дәуімшар батыр Қуатұлы үлкен саясатқа араласып, өз жақтастарымен бірге халық өкілдері ретінде Шерғазы ханның билікке келуіне сенім білдіріп, қолдау көрсеткені туралы да зерттеу мақаласын жазды.

Ал бүгінге дейін айтылып-жазылып жүрген деректерге сүйенсек, Дәуімшар мен Құдабай батырлардың соңғы жорығы шамамен 1812 жылдың күз айларында болған. Қатарына ағылшын сарбаздарын да қосып алып, барлау жұмыстарын жүргізіп, отарланған жерлерді игеруді жоспарлаған Ресей патша үкіметінің әскеріне қарсы аттаныпты. Жем бойында беттесіп, алғашында алыстан атысып тұрған екі жақ бір-бірінің қару қуатын байқайды. Бұлардың бес қаруы белінде: қылышпен кескілесіп, айбалтамен шабысып, найзамен шаншысып-түйресіп, шоқпармен соғысып, садақпен атысуға әбден машықтанған, тіпті білтелі мылтықтары да бар Қырықмылтық ұрпақтары бастаған батырларға бәрібір орыс отрядының отты қаруы басым екені білінеді. Өйткені олар зеңбірекпен қаруланған. Бір мезгілде жаңбыр жауады… Сол сәтте батырлар ақылдасып: «Зеңбіректің білтесі мен оқ дәрісі су тигенде от алмай қалып, атылмауы мүмкін. Келіңдер, біз осы жолы патша әскерінің үстіне атой салып араласып, найзаласып, қылыштасып жеңіске жетеміз»,– деп лап қояды. Патша әскері өздеріне қарай шауып келе жатқан аламанға зеңбірек пен мылтықтан оқ жаудырып, қырғынға ұшыратады…

Жауынгерлік дала заңын ұстанған батырлар аңғалдығынан ақкөздікке салынып, қамсыздығынан зеңбіректің добына, мылтықтың оғына ұшырап, қапыда қаза табады. Бас сардар Дәуімшар мен інісі Құдабай батырлар арманда кетеді. Әділетсіз соғыста қара күшті қару жеңеді. Екі жақтан да көп кісі өледі. Сүгір жырау Бозша Көбейсін Жұмағазыұлына арнаған толғауында осы соғысқа қатысқан Бозша Жанықұлұлы Өтеміс батырды жырға қосады:

Ашайын сөздің тиегін,

Дәуімшардың жауда өлген

Өтеміс алған сүйегін.

Кем деп ешкім айтқан жоқ,

Өтеміс ердің бұ жерін…

Соғыс басылған соң өлген адамдарды жинап жүргенде аттың екпінімен ойпаңдау жерге құлап түскен Құдабай батырды бауырлары тауып әкеліп, Дәуімшар ағасына жақын маңға – Сармыстың өзге де ұлдары жатқан молаға жерлейді. Содан бері бірі «Дәуімшар», бірі «Құдабай» моласы атанып кеткен. Екеуінде де екі батырдың әулеті, туыстары мен ұрпақтары жерленген.

Енді әр аймақтың энциклопедияларын парақтасақ. 2008 жылы жарық көрген «Маңғыстау» энциклопедиясында шағын дерек берілген: «Дәуімшар батыр – Мұңалға кіретін Шоғы (Қырықмылтық) руының Есекей тармағынан. Оның өмірі, ерлік жолдары Үстірт, Жем, Сағыз аймақтарымен тығыз байланысты. Осы өңірді басып алуға тырысқан қалмақ, башқұрт, хиуалықтардың бетін қайтарып, ұрпақ алдында өшпес ерлік үлгілерін қалдырған. Х.Досмұхамедұлы Дәуімшардың батырлығын жоғары бағалап, оны Атағозы, Сүйінғара, Өтен, Нарымбай, Құлбарақ, Жапарберді, Мыңбай, Көктеубай сынды ерлердің қатарында атаған. Моласы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 37 шақырым жерде, «Дәуімшар қорымы» деп аталады. Басына кесене тұрғызылған…»

2001 жылы шыққан «Ақтөбе» энциклопедиясында Дәуімшар қорымы туралы мәлімет бар: «XVIII ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қойылған 200-ден астам ескерткіштерді қамтитын бұл зират Адайдың Қырықмылтық бөлімінің батыры Дәуімшар есімімен аталады. Аңыз әңгімелерге қарағанда, мұнда қалмақтармен соғыста қаза болғандар жерленген. Екінші бір мәліметте Дәуімшардың бастауымен қазақ жасақтары кезінде ағылшындар экспедициясымен қақтығысып, содан көп адам қаза табады. Бұл 1810 жылы болған. Осы ұрыста қаруы аса көп ағылшындар оғынан адайлардың көп адамы шейіт болады, келімсектер жағынан да шығын болады. Ағылшындардың моласы қауымның етек жағында жатыр…»

Қазір Астана қаласының тұрғыны, тарихшы, өлкетанушы, саяхатшы Сәрсенбай Ерқасымов тоқсаныншы жылдардың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясында бас маман болып, ғылыми-зерттеу бағытында көптеген жұмыстар атқарған. Оның сипаттауынша: «Дәуімшардың моласы сол заман үлгісі бойынша шариғат заңына сәйкес салынған. Жалпы формасы төрт құлақты, төбесі ашық, қабырғалары саманнан қаланған. Құбыла тұсында қызыл күрең тастан қазақы оюмен өрнектелген құлпытас орнатылған. Құлпытастың жоғарғы жағындағы символ – мұсылмандар белгісі екені айқын көрініп тұр. Кеңес үкіметі тұсында зияратшылар кириллица әріптерімен жазылған цемент құлпытас орнатып, шүберек байлау үшін 4-5 метр ағаш сырық қадаған. Ескерткіштің ішіне кіретін есігі оңтүстік бетінде, «П» үлгісінде арнайы өңделіп дайындалған тастардан қаланған. Екі ғасырға жуық уақыт бойы күн, жел, жауын-шашын сияқты табиғи құбылыстарға төтеп беріп, әбден мүжіліп, бастапқы формасын жоғалта бастағанда, 2000 жылы маңғыстаулық ел азаматтары жанашырлық танытып, бейітті одан әрі бұзылудан сақтау үшін Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясына консервация жасау туралы архитектуралық жобасын ұсынған. Ол жоба мақұлданып, 2001 жылы ескерткіштің сыртын қоршаған.

2011 жылы жарық көрген «Айбын» энциклопедиясында: «Дәуімшар Құттықадамұлы – Ресей отаршылдығына қарсы күресте қазақ жерінің тұтастығын сақтауда көрсеткен ерлігімен, табандылығымен танылған батыр. Кіші жүз құрамындағы адай тайпасынан шыққан. Әкесі Құттықадам Тікенекұлы қалмақтармен шайқасқа қатысқан. Орталық Үстіртте, Білеулі керуен сарайынан оңтүстік-шығысқа қарай 25 шақырым жерде жерленген. Дәуімшар батыр жөнінде нақты деректер аз. Х.Досмұхамедов өз еңбегінде оны Атағозы, Сүйінғара, Өтен, Нарынбай, Құлбарақ, Жапарберді, Мыңбай, т.б. атақты батырлармен тең қояды. Халық арасында Дәуімшар батыр туралы Жемнің сол жақ жағалауында – кейбір мәліметтерде орыстар, енді бірінде ағылшындардың экспедициялық отрядымен болған ұрыста қаза тапты делінген. Батырдың бейітіне қару мен ат бейнеленген құлпытас орнатылған…». Дәл осы дерек 2014 жылы шыққан «Қазақ көтерілістері» энциклопедиясында барынша нақтыланып берілген.

Өлкетанушы Сәрсенбай Ерқасымов бізді ел аузында «Орыс мола» атанып кеткен аймаққа апарып аралатты (кеңестік әскери картада «кладб. Русская могила» деп жазылған). Онда өздерін топограф ғалымдармыз деп таныстырғандар – қазақ жерін картаға түсіріп, империяның есебіне алуға арнайы жіберілген әскери топ, орыс-казак және ағылшын сарбаздары, ауыр артиллериямен аттанған адьютанттар, офицерлер, т.б. әскери шенді кісілер екені анықталған. Жарты ғасырдан соң, 1861 жылы Санкт-Петербургте шыққан жер реформасына алғышарт ретінде бекініс салуға ыңғайлы жерлерді анықтап, ол жерлерді игеріп, жаңадан қоныстандырған орыс-казактардың өзін-өзі асырауы үшін шаруа ретін қарап, тіпті жергілікті халыққа мал бақтырып қойып, солардың есебінен күн көру саясатын көздеген. Қызығушылық танытып, зерттеуге құлықты тарихшылар болса, Орынбор облысындағы мемлекеттік архив пен Санкт-Петербургтегі Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінен патша үкіметінің кеңселеріндегі сол жылдарға тиесілі кіріс-шығыс хаттар мен хаттамалардан, рапорт-баянаттардан дерек іздеуге болады. Ол сапарға кімдер шыққанын, нақты міндеті мен мақсаты не болғанын, кімдер қаза тапқанын, қандай қару қолданғандарын, т.б. мәселелерді анықтау қиын емес.

Отарлау саясатына қарсы соғысқан Жем бойындағы Дәуімшар-Құдабай жорығы – кейінгі 1836-1938 жылдардағы Жайық бойындағы Исатай мен Махамбеттің, 1870 жылғы Үшауыздағы Иса мен Досан бастаған көтерілістердің басында тұрды. Ортақ тарих… Ұқсас тағдырлар…

Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында тұратын ел азаматтары 2017 жылғы 29-30 маусым күндері Дәуімшар батыр қорымында ас беріп, баба бейіті басындағы ескі түнек үйді толық жөндеуден өткізді. Дәстүрлі өнер мерекесі мен ұлттық спорттық шаралар ұйымдастырды. Маңғыстау облыстық мәслихатының сол кездегі депутаттары Жаңбырбай Дәрменов, Мақсат Ибағаров пен Каспий педагогика және салалық технологиялар колледжінің директоры Ісенбай Қалдаманов ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында болды. Енді олар мемлекет қорғауындағы Дәуімшар батыр қорымының аумағын түгел қоршауға алу жұмыстарын бастап жатыр.

Сондай-ақ осы азаматтардың бастамасымен Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде Дәуімшар батыр Қуатұлына арнап еңселі ескерткіш орнатылуда. Ескерткіш мүсінінің жобасы республикалық конкурс арқылы таңдап алынып, қоладан құйылды. Тұғыры мәрмәр тастан қаланды. Айналасы абаттандырылып, демалыс орнына айналады.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың өмірі мен еңбегін насихаттауды тапсырған болатын. Осы мақсатта ұлттық деңгейдегі қаһарман тұлға, даңқты батыр Дәуімшар Қуатұлына арналған ескерткіштің салтанатты түрде ашылу рәсімі 1 тамыз күні өтеді деп күтілуде.

Бақтыбай ЖАЙЛАУ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті

«Өлкетану» ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button