Спорт

Қоржынға алғашқы медальдар түсті

Токио — 2020

Токиодағы Олимпиада ойындарында ел қоржынына алғашқы медальды дзюдошы Елдос Сметов салды. Токионың  қоласы —  Сметовтің Олимпиада ойындарындағы екінші медалі. Елдостың бұған дейін 2016 жылы Риода күміс жүлде алғанын білеміз.

28 жастағы Елдос Сметов қола медальға таласта Торнике Цьякадоеаны (Нидерланд) жеңді. Алғашқы айналымда Түрік палуаны Михраш Аккушты, ширек финалда Әлем чемпионатының екі рет қола жүлдесін алған оңтүстік кореялық Ким Вон Джинді таза жеңіп, иппон әдісімен басым түсті. Аталған екі белдесуді де біздің дзюдошы уақытынан бұрын аяқтады.

«Шыны керек, мен қола емес, алтын аламын деп келдім. Рио Олимпиадасынан кейін татамиден алыстап кетпей, үлкен спортта қалуымның да бір себебі осы еді. Күмістен кейін алтын алғым келді. Еліміздің әнұранын шырқатып, көк байрағымызды биіктен көруді армандадым. Сол үшін тынбай еңбек еттім де. Бірақ маған бұйырып тұрғаны қола жүлде екен. Мен барымды салдым. Спортқа арнаған осынша жылдағы бар өнерімді, бар күшімді бүгін Токио татамиіне тастап шықтым. Бойымда күреске деген қандай қасиет болса, соның бірін де аяп қалмадым. Жартылай финалдағы жекпе-жекті көрдіңіздер. Өте тартысты өтті. Қайта-қайта шабуылға иек артып, қарсыласымды тұқыртуға тырыстым. Алайда жеңіс бүгін менің жағымда емес екен», — депті Токио Олимпиадасының жүлдегері Елдос Сметов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.

Ел қоржынына түскен екінші қола медальдың иегері —  зілтемірші Игорь Сон. Токио Олимпиадасында 61 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған ол зілтемір көтерудің бірінші түрінен кейін төртінші орында болды. Алайда кейін қажетті салмақты көтеріп, үшінші орынға көтерілді. Барлығы 294 (131+163) келі көтерді. Olympic.kz сайтына сұхбат берген Игорь Сон жарыс кезінде қатты қобалжығанын айтыпты. Ол сұхбатында: «Ойымды жинақтауға тура келді. Қалай уайымдағанымды сөзбен жеткізе алмаймын. Токиоға дейін осынша салмақ көтерген емеспін. Демек, бұл менің ірі жарыстарда көрсеткен ең жақсы нәтижем. Жаттығу залында қарсыластарды бақылап отырдық. Басты қарсыласым зілтемірді қисайтып алған кезде де уайымым кете қоймады. Бәрі болуы мүмкін ғой. Мен жұлқа көтеруден жақсымын, серпе көтеруде біраз қиындық бар. Ал төрешілер есептемей қойған екі мүмкіндікке келер болсақ, екеуінде де шынтағымның қозғалғаны кері әсер етті. Барлығы таза болуы керек. Рқхмет, Қазақстан! Маған қолдау көрсеткендердің бәріне алғыс айтамын. Алға, Қазақстан!» — депті.

Кеше Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір медальмен толықты. Бұл жолы әйелдер арасында 55 келіге дейінгі салмақта Зульфия Чиншанло қола медальға қол жеткізді. Жерлесіміз жұлқа көтеруде 90 келіні, серпе көтеруде 123 келіні бағындырды. Қоссайыс қорытындысы бойынша Чиншанло 213 келіні еңсерді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button