Жаңалықтар

Өткен аптада 16 адам қайтыс болды

Брифинг

Соңғы тәулікте облыста 255 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Бүгінде инфекциялық ауруханаларда 730 науқас ем алуда.

Аурушаңдықтың өсу деңгейі — 1,7 пайызды құрап отыр.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, жалпы тіркелген 15298 науқастың 1,5 пайызы сырттан келген, 16,6 пайызы ауру адаммен қарым-қатынаста болса, 81,8 пайызы — жергілікті жағдайлар.

Қазіргі таңда үй карантиніне 5 298 адам алынды. Оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес, анықталған құқықбұзушылықтар үшін 58 894 100 теңге көлемінде 469 айыппұл салынды. Сондай-ақ  Координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 50 тексеру жүргізіліп, 50 объектіге айыппұл салынды.

14 сәуірден бастап облыс аумағында «Ashyq» жобасы жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі күні аталған жобаға 1050 кәсіпкер қатысуға өтініш берген. Олардың барлығына QR-кодтары сәтті жүктелді, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.  

Пандемия басталғалы 12 298 науқас қауіпті індеттен жазылып шыққан. Соңғы тәулікте пневмония бойынша 5 жағдай тіркеліп отыр.

— Бүгінде облыстағы инфекциялық ауруханаларда 730 науқас ем алуда. Оның 523-і — Ақтөбе қаласында, қалғаны — облыс аудандарында. Жансақтау бөлімшелерінде 67 науқас емделуде. 9 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Соңғы тәулікте 3 мыңға жуық ПТР-зерттеу жүргізілді.

Вакциналауға қатысты жұмыстар жүйелі жалғасуда. Биыл ақпан айынан бастап облысқа 400 мыңға жуық вакцина келді. Бүгінде бірінші компонентті 215 983, екінші компонентті 124 359 адам алды.

Соңғы аптада инфекциялық стацонарларда 16 адам қайтыс болды. Бұл көрсеткішті өткен маусым айымен салыстырғанда жоғары.

Науқастардың көпшілігі үйден өз бетінше ем жасап, дертті одан әрі асқындырып алып жатады. Дәрілерді орынсыз қолдануға болмайды. Қызуыңыз көтеріліп, тамағыңыз ауырса, учаскелік дәрігерге хабарласу керек. Өңірде коронавирустың үнділік «дельта штамы» анықталғанын білесіздер. Бұл — өте қауіпті, тез таралатын вирус. Науқастың іші ауырып, іш өтуі байқалуы мүмкін, кей жағдайларда иіс сезу қабілеті төмендеп, құлағы естімей қалып жатады, —  деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанша, облыстың Бас санитарлық дәрігерінің 23 шілдедегі қаулысына сәйкес, әр жексенбі күні қоғамдық көліктердің жүруіне тыйым салынды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button