Білім

Балдырған

Қанаттылар әлемі

Қас қарайғанда ұшатын құс

Бұл құсты қас қарайған шақта ғана көруге болады. Ол біресе шырқап көкке көтеріліп, біресе құлдырап төмен түсіп, егіс даласының үстінде айналып ұшып жүреді. Немесе қой-ешкі отарлары мен жылқы тебіндерін, сиыр табындарын төңіректейді.

Бұл құс күндіз көзге түсе қоймайды. Ол сенің дәл жаныңда ық жерде бұғып немесе бұтақта жабысып отыруы мүмкін. Түсі ағаш қабығына немесе жер реңіне ұқсас келеді, оның үстіне басқа құстар секілді бұтаққа көлденең отырмай, бұтақты бойлай жабыса қонады.

Бұл құс түнкептер деп аталады. Халық арасында түнкептердің малдың маңынан шықпайтыны ол ешкі мен сиырды емеді екен деген аңыз бар. Оған иланған адамдар да аз емес. Алайда түнкептердің мал төңіректеп жүруінің сыры басқада. Әдетте мал айналасында маса, сона, шыбын-шіркей көп болады, ол соны аулайды.

Түнкептер ұя салмайды. Оның мекиені жерге түскен жапырақтың үстіне, ал кейде тақыр жердің өзіне де жұмыртқалай береді. Әдетте сұрғылт және қоңыр секпілі бар ақ түсті екі-үш жұмыртқа салады. Оны қоразы мен мекиені кезектесіп басып, 17-18 күннен кейін балапан шығарады.

Түнкептер балапандары алғаш мүлде қорғансыз болады, жауының көзіне түспеуіне тек қоңырқай түсі ғана көмектеседі.

Тамыздың соңы мен қыркүйекте балапандары қанаттанып ата-енесімен бірге ыстық жақтарға сапар шегеді.

Түнкептер көктемде өз мекеніне қайта оралады да бүкіл жаз бойы зиянды насекомдарды құртып пайда келтіреді.

Он дерек

…Қашан пайда болды?

  • Үнкүшейткіш (громкоговоритель) — 1900 жыл. Хорас Шорт. Ұлыбритания.
  • Үнкүшейткіш (репредуктор) — 1924 жыл. Честер У. Райс, Эдвард У. Келлог. АҚШ.
  • Ерін далабы (цилиндрлік корпустағы) — 1915 жыл. Морис Леви. АҚШ.
  • Ирригациялық дамба — біздің заманымызға дейінгі 3 мыңыншы жылдар шамасы. Египет.
  • Электр двигателі — 1832 жыл. Уильям Стургеон. Ұлыбритания.
  • Әуе-реактивті двигатель — 1930 жыл. Фрэнк Уайтл. Ұлыбритания.
  • Металл детекторы — 1920-жылдардың соңы. Герхард Фишер. Германия-АҚШ.
  • Детонатор — 1865 жыл. Альфред Нобель. Швеция.
  • Дайын тұрған балалар тағамы — 1927 жыл. Дороти Гербер. АҚШ.
  • Джинсілер — 1873 жыл. Леви Штраус, Джекоб Дейвис. АҚШ.

Дастарқан

Артық қасиетті ащы дәм

Көп реттерде асханалардағы тағам столы үстінде немесе қалалық тұрғындардың дастарқандарында қыша (горчица) тұрады. Бұл, әрине, тәбет ашуға қажет екені белгілі. Қышаның пайдасы сол ғана ма?

Әуелі, қыша әртүрлі заттардан жасалған май қоспасы ма, әлде өсімдік жемісі ме, осыны анықтап алайық.

Қыша — таулы аймақтарда өсетін ағаштың бір түрі. Өте ерте замандардан бері адамдар оның ұзын бұтақтарын бойлай өсетін бүршіктерін теріп алып, одан май айырған.

Қыша дәнінде 35 пайызға дейін май болады. Осы майды парфюмерия өндірісінде сабын, әтір, опа-далап жасауда кеңінен пайдаланады. Фармацевтер де қышасыз дәрі-дәрмек дайындай алмайды.

Әбу Әли ибн Сина (Авиценна) 980 жылы «Хардал» атты ағаштан алынатын майдың мың да бір ауруға ем екенін, атап айтқанда, тыныс жолдары суықтағанда, өкпе қабынғанда, көкіректе қақырық қатқанда, тәбет шақыруға пайдалануға болатынын жазып қалдырған.

Халық медицинасында жас қыздардың бетіндегі секпілді кетіру үшін қыша ұнтағы мен балды тең араластырып жағу бұрыннан бар.

Француздар қышаны «май шөп» деп атайды екен. «Майшөпті» сиырға берсе, сүт молаяды, майлылығы артады, түсі жақсарады.

«Май шөп» гүлдей бастағанда омарташылар бал араларын нақ осы аймаққа жіберуге құштар. Құла сары түсті бал осы қыша гүліне қонған ара берген әсел. Оның құрамында, әсіресе, С витамині көп.

Ертеде орыс ағайындар суық тиіп ауырса, жатар алдында шұлығының ішіне қыша ұнын құйып ұйықтайтын болған. Мұның өзі қышаның о бастан-ақ емдік қасиеті бар екендігін көрсетеді.

Ендеше, дәмі ащы екен деп қышадан бекер қорықпа.

Қыс

Боран

Қыста боран соғады,

Аппақ — қыстың бояуы.

Аяз, суық қосылып

Ақ көрпеге орады.

Мейрамгүл ЕШІМБЕТОВА, 3-сынып оқушысы.

Талдысай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Көркем көріністер

Қыс мезгілі өте тамаша.

Айналаның бәрі ақ күмістей жарқырап кетеді.

Саябақтардағы ағаш-талдардың «киімдері» жылт-жылт етіп, бейне ертегідегідей құлпырып тұрады.

Әсіресе, қоян жылғы қыстың көркі ерекше болуы керек сияқты. Енді ғана шындап басталып жатқан қыстың көп қызықтарын күтіп жүрміз.

Райса НАСАН,

оқушы.

Бөгетсай ауылы,

Хромтау ауданы.

Оқушының өлеңі

Бауыржан рухы

Қабыл боп ата тілегі,

«Елім!» деп соққан жүрегі.

Аты аңызға айналған

Ақиық қыран түледі.

Жағаласып жауменен,

Майданда ерлік танытты.

Найзағайдай жарқылдап,

Жігерін тасқа жаныпты.

Қазыналы, дана қазақтың

От боп туған баласы.

Ұшқынынан жалын ап,

Лаулар қазақ даласы.

Ерлік рухы мәңгілік

Қуат берер жалпыға.

Қайсар үні жаңғырып,

Күш қосады халқыма.

Темірлан ТҰРАШОВ,

облыстық қазақ-түрік лицейінің оқушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button