Пікір

Аурудан қорғанам десеңіз, екпе алыңыз!

Рая ТӨЛЕГЕНОВА,

№6 қалалық емхананың иммунолог-дәрігері

Кейбіреулер ковидпен ауырған кісіні көріп, жақындарынан айырылып қалып жатса да, әлі күнге дейін жұқпалы аурудың барына сенбейді. Қоғамда вакцина туралы да небір әңгіме өріп жүр. Азамат ретінде де, дәрігер ретінде де  жұқпалы дертті ауыздықтаудың бірден-бір жолы — вакцина деп есептеймін. Әрі екпе алуға көзқарасым да оң. Отбасымызбен ( өзім, күйеуім, балам) ресейлік «Спутник V» вакцинасының екі компонентін де алдық. Теріс әсерін байқаған жоқпын.

Иммунолог ретінде де айтарым, адамдар иммунитеттерін әлсіретіп алмау үшін әр кез шынықтырып отыру қажет. Ол үшін ең әуелі дәрумендерге бай ет-сүт өнімдерін, көкөністерді, жеміс-жидектерді көбірек жегені жөн. Сондай-ақ таза ауада кең тыныстау да пайдалы. Себебі ағзаға оттегі жетіспесе де иммунитет әлсірей бастайды. Физикалық жаттығулар жасап, спорт залына барып тұрсаңыз, иммунитетіңіз күшейіп, аурумен күресу де жеңіл өтеді.

Коронавирус болсын, басқа инфекция болсын, жұқпалы ауру адамға иммундық жүйесі әлсірегенде тез жұғады. Ал иммундық жүйе уайымнан жүйке жұқарғанда, уақытымен демалмағанда, ұйқы қанбағанда, тіпті желдеткіштің астында көп отырып қалғанда да әлсірейді, адам сол кезде ауырып қалады. Сондықтан да әр адам күтініп жүргені дұрыс. Аурудан қорғанам десеңіз, вакцина алыңыз. Сосын көпшілік жерге барғанда міндетті түрде медициналық бетпердені дұрыстап киіп алыңыз. Үйге сырттан кіргенде де қолыңызды жуыңыз, балаларға да соны үйретіп, әдетке айналдырыңыз. Әр адам өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қараса, ұжымдық иммунитет сонда ғана қалыптасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button