Білім

Кешенді тестілеу басталды

Кеше Ақтөбе қаласында кешенді тестілеу басталды. Сынақ тапсыру тамыздың 7-сіне дейін жалғасады.

Ұлттық тестілеу орталығының Ақтөбе облысы бойынша базалық филиал басшысы Талғат Жарқыловтың айтуынша, кешенді тестілеу тапсыруға 1502 адам ниет білдірген. Тестілеу жалпы 19 лектен тұрады.

Сынақтың алғашқы күні, 1-лекте 72 талапкер, 2-лекте 92 адам сын тапсырды. 40 адам емтиханға  келген жоқ. Екі лекте де емтиханға кіргізу барысында бір-бір адамнан тыйым салынған зат табылды, — дейді Талғат Жарқылов.

Тестілеу қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкер Ұлттық жоғары оқу орындарына түсе алады. «Педагогикалық ғылымдар» — кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» — кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» — кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына — 50 балдан төмен болмауы керек. Бұл ретте талапкер ҰБТ-ның әрбір пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл жинауы қажет.

Айта кету керек, 2021-2022 оқу жылында бакалавриатқа түсу үшін 56 мыңнан астам грант бөлінді. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша гранттардың жалпы саны 5000-ға артып отыр. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау 16 шілдеде басталған болатын. Құжат қабылдау 25 шілдеге дейін жалғасады.

Білім беру гранттары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне және жұмыс берушілердің сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпаратына сәйкес бөлінген. Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына ең көп  17 028 грант бөлінді. Педагогикалық ғылымдар — 9573 грант, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар — 7487, жаратылыстану ғылымдары — 4088, ауыл шаруашылығы ғылымдары — 1895, денсаулық сақтау саласындағы мамандықтарға — 2700, өнер және гуманитарлық ғылымдар — 1615, бизнес, басқару және құқық — 1223, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат мамандықтарына 960 грант бөлінді. «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» («Серпін») бағдарламасы аясында де гранттар қарастырылған.
Сондай-ақ жаңа оқу жылында магистратураға түсу үшін 13 мыңнан астам грант, докторантураға 1800-ден астам грант бөлінді.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button