Жаңалықтар

​Хромтау «қызыл аймақта»

Эпидемиологиялық жағдай бойынша Хромтау ауданы «қызыл аймаққа» енді. Бұл туралы аудандық бас мемлекеттік санитария дәрігері Индира Аяғанова мәлімдеді.

Оның айтуынша, өткен жылдың 28 мамырынан бері ауданда барлығы 576 науқас тіркелген. Ал соңғы екі тәулікте 48 адамнан коронавирус анықталыпты.

Аудан бойынша 2020 жылы барлығы 130 науқас, 2021 жылы 446 науқас тіркелді. Қазіргі таңда Хромтау ауданы Ақтөбе қаласынан кейінгі коронавирус таралуы бойынша алдыңғы қатардағы аудандардың бірі болып тұр. Соңғы екі тәулікте коронавирусты жұқтыру қарқыны күрт өсіп кетті. Науқастар қатарында Дөң кен байыту комбинатының жұмысшылары, зейнеткерлер, балалар және басқа да тұрғындар бар, — дейді Индира Аяғанова.

Сондай-ақ ол індеттің бұдан әрі таралмауы мақсатында сақтық шараларын ұстану қажет екендігін, сондай-ақ вакцина алудың маңызы туралы айтып өтті.

Қазіргі таңда біздің аудан бойынша карантин талабын бұзған 13 жағдай тіркелді. 4 «қызыл статустағы» науқас коронавирус жұқтырғанын біле тұра, карантин талаптарын орындамаған. Оларға айыппұл салынады. Ал қалған 9  «сары статустағы» науқасқа үйден шықпау ескертілген болатын. Талап орындалмаған жағдайда сот арқылы айыппұл салынады. Өз денсаулығымыз үшін әрқайсысымыз сақтық шараларын ұстануымыз қажет, — деді дәрігер.

Айта кетейік, аудандық аурухана меңгерушісі Қарлығаш Сариеваның мәлімдеуінше, осы уақытқа дейін аудан бойынша барлығы 11800 адам коронавирусқа қарсы екпе алған.

Әлия БАЙҒОНЫС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button