Басты жаңалықтарДенсаулық

Облыста екпе алғандардың саны 201 629 адамға жетті

Бүгінгі күні облыста  201 629 адам екпенің бірінші компонентін, 108 663 тұрғын екінші компонентін алған. Ал жалпы жыл басынан бері өңірімізге 398 575 доза вакцина жеткізілген.

40 адам жансақтау бөлімінде жатыр

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, бүгінгі күні  инфекциялық ауруханаларда 415 адам ем алып жатыр. Оның ішінде 276-сы Ақтөбе қаласында болса, 139-ы — аудандарда.

Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде 40 науқас жатыр. Оның ішінде 4 науқас жасанды өкпе желдеткішіне, 27 науқас инвазивті емес жасанды өкпе желдеткішіне қосылған.

Сондай-ақ облыс бойынша барлығы 145 балаға COVID-19 диагнозы қойылған, қазір оның үшеуі стационарлық ем алуда. 32 жүкті әйел КВИ диагнозымен бақылауда, оның 17-сі стационарларда емделіп жатыр. Ал 1548 адам  үй карантинінде бақылауда тұр. Бүгінгі күні аудандар арасында Мәртөк және Қарғалы ауданында жалпы саны 5 адам карантиндік стационарларға жатқызылды, — дейді ол.

Қазіргі таңда облыс бойынша науқастарға арналған барлық кереует саны 3603 болса, оның 795-і  — инфекциялық, 115-і — реанимациялық. Инфекциялық кереует жүктемесі – 52%, реанимациялық кереует жүктемесі – 35%. Резервтік кереует саны — 2808.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, биыл ақпан айынан бастап облысқа барлығы 398 575 доза вакцина жеткізілген. Атап айтсақ, «Спутник V» вакцинасы — 313 575 доза (I компонент – 194 000, II компонент– 119 575), «КазВак» – 7000 доза (I компонент – 3 500, II компонент – 3 500), «ХаятВакс» – 56 000 доза (I компонент – 28 000, II компонент– 28 000), «Коронавак» вакцинасы – 22 000 доза (I компонент – 11 000, II компонент– 11 000)

Қалалық емханалардағы көрсеткіш қандай?

Індеттің алдын алудың жалғыз жолы — екпе алу екенін түсінген тұрғындар қазір қалалық емханаларда кезекке тұрып, вакцина салдыруда.

Ақтөбе қаласындағы №1 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлнара Нұғманованың айтуынша, биыл жыл басынан бері емханаға қарайтын 9800 тұрғын екпе салдырған. Қазір қаламызда емханаға қарасты екі вакциналау пункті жұмыс жасап жатыр. Жуырда Кеңес Нокин көшесіндегі «Анвар» супермаркетінде тағы бір жаңадан вакциналау пункті ашылды. Бұл жерлерде тұрғындар таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін екпе алып, вакциналауға байланысты өз сауалдарына жауап ала алады.

— Екпе — бұл аурудан қорғанудың, оны асқындырып алмаудың жалғыз әдісі. Сондықтан біз тұрғындарға вакцина алудың маңызын түсіндіріп, түрлі шаралар өткізіп жатырмыз. Жалпы, тұрғындар арасында өз еркімен келіп вакцина салдырып жатқандар көп. Олардың барлығы өз денсаулығы мен отбасының қауіпсіздігі үшін алаңдайды.

Менің тұрғындарға айтарым: әрдайым әлеуметтік қашықтықты сақтап, қорғанып жүріңіздер. Вакцинаның бірінші компонентін алғанмен, адам ағзасында сол мезетте вирусқа қарсы қорғаныс немесе антидене пайда болмайды. Сондықтан әркез бетперде тағып, қолды жиі-жиі жуып, дезинфекция жасап жүру керек. Әсіресе көпшілік орындарға бармауға тырысу қажет. Бұл сізді және сіздің жақындарыңызды індеттен қорғайды, — дейді Г.Нұғманова.

Ал №4 қалалық емхана бойынша бүгінде тіркелген халық саны — 74431. Биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап емханада 7845 адам екпенің 1-компонентін, ал 4670 тұрғын 2-компонентін алған. Ал емханада жұмыс істейтін медициналық қызметкерлердің 80 %-ы  КВИ-ге қарсы екпе салдырыпты.

Қазір бұл емханада 3 екпе егу пункті жұмыс істейді. Бір жылжымалы пункт Батыс-2 ауданындағы «Дина» гипермаркетінде жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ емханаға қарасты 3 мобильді пункт бар. Бұлардың барлығы 1, 2-компонентті вакциналармен қамтылған.

«Ақтөбе» газетінің анықтамасы

Бүгінгі күні Қазақстанда 4 965 516 адам екпенің 1-компонентін, ал 2 907 410 адам 2-компонентін алған.

Жыл басынан бері індет жұқтырғандардың саны  504 290-ға жеткен.

Аудандардағы ахуал қандай?

 Биыл Шалқар ауданында 21 200 адамға екпе егу жоспарланған. Бүгінге ауданға барлығы 19 416 доза вакцина жеткізілген. Оның ішінде «Спутник V» вакцинасы – 13600 доза, «КазВак» – 80 доза,  «HayatVax» — 3536 доза, «КоронаВак» – 2200 доза.

Қазір ауданның барлық ауылдық округтерінде жылжымалы егу бригадалары жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ 6 шілдеден бастап ауданда халық көп жиналатын сауда орындарында («Сартай», «Нұрай»,  «Hi-tech», вокзал маңы, орталық базар) жылжымалы егу пункті ұйымдастырылған. Осы іс-шаралар аясында ауданда 401 адам екпе алған.

Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері Жангелді Былқайырдың айтуынша, бүгінге дейін аудан бойынша 9515 адам екпенің 1-компонентін алса, 5099 тұрғын 2-компонентін салдырған. Барлық деректер «Вакцинация» ақпараттық жүйесіне енгізілген.

Вакциналауды ынталандыру мақсатында «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал» акциясына қатысу үшін (25 маусымнан бастап) Шалқар ауданы бойынша 2314 адам тіркеліпті.  Алғашқы кезеңде Бозой ауылының тұрғыны Е.Айтмағамбетов планшетке ие болған.

Қазір ауданда вакциналау бойынша мамандар әлеуметтік желілер арқылы қарқынды түрде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Ал Әйтеке би ауданында наурыз айынан бастап жоспарланған 10 841 тұрғынның 46 %-ы, яғни 4941 адам коронавирус инфекциясына қарсы екпе алған. Оның ішінде аурухананың медициналық қарсы көрсетілімі жоқ 277 қызметкері, аудандық полиция бөлімінің 54 қызметкері, сонымен қатар 1336 мектеп мұғалімі мен кіші қызметкері, 116 мемлекеттік қызметші бар.

Әйтеке би аудандық ауруханасының бас дәрігері Жамбыл Жайлыбаевтың айтуынша,

ауданда КВИ-ге қарсы стационарда 13 кереует жасақталған, қазір 7 науқас ем қабылдап жатыр. Науқастарға тағайындалатын дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.

Коронавирус инфекциясы — бұл бүкіл әлем бойынша қатер тудырып отырған жедел респираторлы қауіпті індет. Инфекция адам ағзасына ауа-тамшылы жол арқылы өтіп, тыныс жолдарының қабынуына әкеліп соқтырады. Инфекцияны жұқтыруға иммунитеті төмен адамдар және егде жастағы адамдар бейім келеді. Өзіңізді қауіп-қатерден сақтау үшін қорғаныштың қарапайым шараларын қолданған жөн. Атап айтсақ, арақашықтықты сақтау, бетперде тағу, бөлмені желдету, адамдар көп жиналатын жерде жүрмеу, айналадағы адамдармен жақын қатынастардан аулақ болу, жөтелген кезде шынтақтың бүгілген жерімен немесе майлықпен ауызды жабу, тағы басқа шараларды үнемі жасап жүру керек. Коронавирус инфекциясын тоқтатудың бір ғана жолы бар. Ол – вакцина. Вакцина арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастыру маңызды. Ұжымдық иммунитет адамдарды вирус әсеріне ұшыратпай, керісінше, вирустан қорғаған кезде өз шегіне жетеді.

Екпе вирустың адамнан адамға жұғу мүмкіндігін азайтады. Осы арқылы біз басқа да қауіпті ауруларға байланысты вакцина қабылдай алмайтын адамдарды аурудан қорғай аламыз. Міне, осы ұжымдық иммунитет болып табылады.

Қазір ауданымызда осы факторларды ескеріп, вакциналау жұмыстарын барынша қарқынды жүргізіп жатырмыз, — дейді бас дәрігер.

Оның айтуынша, Әйтеке би ауданына наурыз айынан бастап бүгінге дейін 5445 доза екпенің 1-компоненті, 3635 доза 2-компоненті жеткізілген. Қазір аурухана қоймасында жалпы саны 1305 доза бар.

Биыл Алға ауданында 20 181 адамға екпе егу жоспарланған. Қазір аудан бойынша 6453 адам екпенің 1-компонентін (31,9%) алса, 3528 тұрғын 2-компонентін (17,48%) салдырған.

Алға аудандық ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Әмет Нәбиевтің айтуынша, бүгінде ауданда 12 екпе кабинеті жұмыс жасауда. Оның екеуі аудандық емханада болса, қалғандары — ауылдарда.

— Ауданда жылжымалы егу пункттері жұмыс жасауда. Оларға 69 медицина қызметкері жұмылдырылды. Сондай-ақ биыл аурухана вакцина сақтау үшін 3 мұздатқыш сатып алды. Атап өтсек, ресейлік «Спутник V» вакцинасы -18 градуста сақталуға тиіс. Жалпы ауданда екпенің бұл түрін 5199 тұрғын салдырды. Сондай-ақ отандық «ҚазВак» екпесін — 111, «ХаятВак»-ты — 800, «Коронавак»-ты 350 адам алды.

Қазір стационарда 10 адам ем қабылдауда. 23 адам облыс орталығындағы инфекциялық ауруханада жатыр, — дейді Ә.Нәбиев. 
Байғанин аудандық ауруханасының дәрігері Абзалбек Иманбаевтың айтуынша, биыл ауданда 10 160 адам екпе алуға тиіс. Бүгінде оның 42,2 пайызы вакцина салдырыпты. Атап айтсақ, 4601 адам екпенің бірінші, ал 2835 екінші компонентін алған.

— Бүгінге дейін ауданда медицина қызметкерлерінің 94 пайызы екпе алды. Қазір 7 селолық округте мамандар вакцина егу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Жылжымалы пункттер мен мобильді топтар қызмет етуде. Кез келген тұрғын өзінің тұрғылықты жері бойынша тіркелген медицина мекемесіне барып, тегін екпе алуына болады, — дейді ол.

Ал Қарғалы ауданында бүгінге дейін 8875 тұрғын екпе салдырған. Оның 72,3 пайызы (6417) екпенің 1-кезеңін, 44,2 пайызы (3925) 2-кезеңін алған. Бұл ауданда жоспарға сәйкес 16 350 адам вакцина алуы тиіс. Қазір ауданда 8 екпе егу пункті жұмыс істеп тұр.  
Екпе алғандар не дейді?

Клара СЕРҒАЗИНА, облыстық тілдерді дамыту басқармасының тілдерді оқыту орталығының директоры:

Отандық вакцинаны таңдадым

— Қазір қоғамдағы ең өзекті мәселе індетке қарсы екпе алу болып отыр. Бұл мәселе төңірегінде қоғамда екіұдай пікірлер де айтылуда. Тіпті қазір әлеуметтік желілерде арандатушы ақпараттар көп. Алайда ондай ақпараттарға сенбей, алдымен өз денсаулығымызды ойлауға тиіспіз. Бастысы, медицина саласындағы соңғы мүмкіндіктерді өз қажетімізге пайдалана алуымыз керек. Мәселен, тарихқа үңілсек, өткен ғасырларда адамзат холера, малярия, туберкулез сияқты індеттерді вакцинациямен жеңген. Сондықтан мұндай жойқын індетті жою үшін вакцина алу маңызды деп ойлаймын.

Мен о баста-ақ вакцина алу туралы шешім қабылдадым. Дегенмен дәрігерлер денсаулығыма байланысты рұқсат етпеді. Содан бірнеше ай бойы ем алып, міне, шілде айында отандық «Қазвак» вакцинасын салдырдым. Ешқандай жанама әсері болған жоқ. Мен педагогпын. Биылғы жаңа оқу жылында тыңдаушыларыммен қайта қауышып, сабақ өткізу мен үшін маңызды. Сондықтан өзімнің және әріптестерімнің қауіпсіздігін ойладым.

Асылбек ҚОҢЫРАТБАЕВ, Мұғалжар ауданы Жұрын ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы:

 Өзгелердің де, өзіміздің де қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек

— Биыл коронавирус індетіне қарсы екпе алуды медицина қызметкерлері, одан кейін мұғалімдер, құқық қорғау саласының қызметкерлері кезең-кезеңмен алып бастады. Пандемия кезінде полицейлер де дәрігерлер секілді коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрді. Біз, полиция қызметкерлері, тұрғындармен үнемі тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Сондықтан өзгелердің де, өзіміздің де қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек.

Негізінен, екпе ерікті түрде егіледі, ешкімді мәжбүрлемейді. Өзім вакцинаның екі компонентін де алдым. Ешқандай кері әсері білінген жоқ. Жалпы, вакцина алған әріптестерімнің жағдайлары жақсы. Әрине, екпе қойылмас бұрын денсаулықтарымызды мұқият тексерді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button