Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбе тігін фабрикасының өнімдері түркиялық өнімдерден кем емес

Ақтөбе тігін фабрикасының өнімдері түркиялық өнімдерден кем емес

Отандық өндіріс

Ақтөбе қаласындағы Сәңкібай батыр көшесінде орналасқан «A-Textile» ЖШС-на қарасты Ақтөбе тігін фабрикасының ашылғанына тамызда бір жыл толады.

Бүгінде тігін фабрикасында ер және әйелдерге арналған футболка, спорттық және іш киімдер, балаларға арналған спорттық киімдер мен пижамалар тігіледі. Биыл өндіріс орны жыл аяғына дейін 240 мың дана өнім шығаруды көздеп отыр.

Екінші кезең: 90 адам жұмыспен қамтылады

Сапалы трикотаж өнімдерін өндіретін фабрика өткен жылы өз жұмысын бастаған. Тігін фабрикасын ашуға ақтөбелік кәсіпкерлер 430 млн теңге инвестиция салып, бүгінде бұл өндіріс орны еліміздің өзге өңірлеріне өз өнімдерін сатуда.

«A-Textile» ЖШС-ның коммерциялық директоры Сабыржан Балмұрзиевтің айтуынша, қазіргі таңда фабрика бірінші кезең бойынша қарқынды жұмыс жасауда. Қазір мұнда 60-тан астам адам еңбек етеді. Қажетті құрылғылар Германия мен Оңтүстік Кореядан әкелінген. Ал шикізат Түркия мен Өзбекстаннан тасымалданады.

— Ақтөбеде тігін фабрикасын ашу үлкен жоба болды. Бұл жобаны жүзеге асыруға осы өңірдегі белгілі кәсіпкерлер атсалысып, инвестиция «құйды». Өткен жылы пандемия кезінде біздің жұмысымыз біраз тұрып қалды. Фабрика жұмысын тамыз айында бастады. Ал қазіргі цехқа желтоқсан айында көшіп келдік. Қазір мұнда жалпы саны 60-тан астам адам еңбек етіп жатыр. Оның 50-і — тігінші. Олардың әрқайсысы тігін машинасымен қамтамасыз етілген. Барлығы іс-тәжірибеден өтіп, мамандығы бойынша жұмысқа алынды. Алдағы уақытта облыстағы бірқатар колледждер мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің дизайн мамандығында оқитын студенттер осы жерде тәжірибеден өтеді. Олардың арасында үздіктерін жұмысқа қалдыру жоспарымызда бар.

Қазір фабрикамыз  бірінші кезең бойынша жұмыс жасауда. Былтырдан бері бір жыл ішінде 120 мың дана өнім шығардық. Өнімдерімізді облыстағы ірі сауда орталықтары, атап айтсақ, «Фиеста», «Бренд Мафия» сияқты киім дүкендері сатып алып жатыр. Сондай-ақ Атыраудан, Кентаудан, Ақтаудан, Нұр-Сұлтаннан тапсырыс беретіндер де бар. Жалпы отандық өнімге сұраныс жоғары. Себебі сапасы жақсы, ал бағасы арзан, — дейді С.Балмұрзиев.

Оның айтуынша, фабрикада тігілген өнімдердің барлығы сапалы. Себебі Өзбекстаннан әкелінетін шикізат құрамында (трикотаж) синтетика жоқ. Ал бағасы өзге елдерден әкелінетін өнімдерден екі есеге арзан. Сондықтан да бүгінгі күні жергілікті кәсіпкерлер тігін фабрикасының өнімдеріне аса қызығушылық танытуда.

  • Биыл күз айынан бастап өндірісті кеңейтіп, екінші кезеңді бастаймыз. Жыл соңына дейін мұнда тағы 90 адамды жұмысқа қабылдап, өндіріс қуатын арттыруды жоспарлап отырмыз. Жуырда Германия, Италия және Қытайдан фабрикаға қажетті құрал-жабдықтар келеді. Олардың жалпы құны — 250 мың доллар шамасында. Жаңа құрылғылар іске қосылған соң фабрикамыз жылына ең кемінде 240 мың дана өнім шығаратын болады. Мәселен, соңғы үлгідегі автоматты түрде арнайы бағдарламаға енгізілген өнеркәсіптік принтер (плоттер) тігіншілердің жұмысын жеңілдетеді. Құрылғы сызбаүлгілерді өздігінен мата үстіне қойып, сызып, пішіп беретін болады. Осылайша қазіргі жұмысымыз екі есеге азайып, есесіне өнім саны артады. Сондай-ақ күзден бастап ер және әйелдерге арналған күртеше, плащ, желбегей, шолақ жеңді киімдер тігуді бастаймыз. Ол үшін шикізатты Түркиядан әкелуді жоспарлап отырмыз, — дейді «A-Textile» ЖШС коммерциялық директоры Сабыржан Балмұрзиев.

 Фабрикаға жер керек…

«A-Textile» ЖШС басшылығы қазіргі цехты жалға алып отырғандығын айтады. Алдағы уақытта өндіріс орнының қуаты артса бұдан да үлкен ғимарат керек болады.

— Негізі бізге жалға ғимарат алғаннан гөрі өзімізде болған әлдеқайда тиімді. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан жер берілсе, фабрика өзінің қуатына, жағдайына қарай ғимарат салып алады. Бұл мәселеге облыстық әкімдік қолдау көрсетуге уәде берді.    

Біздің мақсат —  өндірісімізді жылдан жылға дамытып, ішкі нарықты толықтырып барып, ақтөбелік бренд үлгісіндегі дайын өнімдерді алыс-жақын шетелдерге сату, жарнамалау. Мәселен, Қырғызстан сияқты біз де неге отандық өнімдерімізді өзге елдерге экспорттамасқа? Бұл жерде бір ғана мәселе бар. Ол — шикізат мәселесі. Қазір біз дайын шикізатты Өзбекстаннан әкеліп отырмыз. Республикамызда мата, жіп өндіретін кәсіпорындар жоқтың қасы, — дейді С.Балмұрзиев.

Ал фабриканың өндіріс цехының жетекшісі Светлана Айбатованың айтуынша, қазіргі отандық өнімдер шетелден келген өнімдерден әлдеқайда арзан әрі сапалы. Ең бастысы, оны таңдай және бағалай білу керек.

  • Біздің қазіргі балаларға тігіп жатқан киімдеріміздің барлығы — мақтадан тігілген өнімдер. Құрамында 5-7 пайыз ғана синтетика бар. Бағасы өзге елдерден келетін өнімдерден екі есеге арзан. Мәселен, жұрт мақтайтын түркиялық өнімдердің сапасы бізбен бірдей. Көпшілік оларды бренд болғаны үшін таңдайды. Алдағы уақытта біз де өндірісімізде заман талабына сай бренд үлгісін қалыптастырсақ, халық еш ойланбастан сатып алатын болады, — дейді ол.

Айта кету керек, Светлана Айбатова өмір бойы тігін саласында еңбек еткен. Кеңес заманында ол Ақтөбедегі тігін фабрикасында технолог болып істепті. Кейін ол фабрика 1997 жылы жабылып қалған. Содан ол біраз жыл жекеменшік мекемелерде еңбек етіпті. Ал өткен жылы жаңадан фабрика ашылғанын естіп, түйіндемесін тапсырған.

Басында Түркиядан мамандар келіп, бізбен тәжірибе алмасты. Қазір солармен тығыз байланыста еңбек етіп жатырмыз. Қарамағымда 50 тігінші бар. Шикізатты алып, сапасын қарап, пішіп, әр тігіншіге бөліп береміз. Әр тігінші бір киімнің бір бөлігін бастан-аяқ тігіп шығады. Тігін цехынан кейін киімдерді сапаны тексеру бөлімінің мамандары қарап шығады. Одан кейін дайын өнімдер үтіктеліп, қаптамаларға салынып, қоймаға жіберіледі. Жалпы мұнда еңбек ететін қыз-келіншектердің бәрі шебер, шапшаң, ұйымшыл. Олардың орташа жалақысы — 100 мың теңге, — дейді өндіріс цехының жетекшісі.

 «Бесаспап» қыздар

 Тігін фабрикасына барғанда сол жерде еңбек ететін қыз-келіншектермен тілдескен едік. Бәрі шетінен пысық, еңбекқор, шебер, бір сөзбен айтқанда, «бесаспап» екен. Тіпті Ресейдің тоқыма институтынан білім алып келгендері де бар. Солардың бірі — Татьяна Индибаева. Ол фабриканың сапаны тексеру бөлімінде жұмыс істейді. Мамандығы — тігінші. Ол Ресейдің Иваново тоқыма институтын бітірген.

  • Бұған дейін бала күтімімен үйде отырдым. Осы фабрика ашылғанын естіп, жұмысқа орналастым. Міне, мұнда келгеніме төрт ай болды. Сапаны тексеру бөлімінде жұмыс жасап жатырмын. Менің қызметім — тігілген өнімдердің тігісін қадағалап, үтіктеп, өнімнің қоймаға жеткізілуін қамтамасыз ету. Жұмысым өзіме ұнайды. Мұнда қыз-келіншектердің бәрі белсенді, еңбекқор. Жалақымыз да жақсы, — дейді ол.

Ал ұжымдағы мамандардың ең жасы —  Жанель Кенешбаева. Ол биыл ғана Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін дизайнер мамандығы бойынша бітіріпті. Қазір жастар практикасы арқылы мұнда жұмыс жасап жатыр. 6 ай осында іс-тәжірибеден өтеді.

Өзім бала кезімнен дизайнер болуды армандаған едім. Міне, оқуымды сәтті аяқтап, осындай үлкен фабрикаға еңбек етуге келгеніме қуаныштымын. Мені қолдаған, үміт артқан ата-анама, осы фабриканың басшылығына айтар алғысым зор. Алты ай тәжірибеден кейін осы өнеркәсіп орнында дизайнер болып еңбек етсем деймін. Ол үшін бар ынтаммен жұмыс жасап, өзімді көрсетуге тырысамын. Қазір сызбаүлгілер жасап, киім тігудің қыр-сырын үйреніп жатырмын. Қасымда екі тәжірибелі дизайнер бар, — дейді Жанель.

Р.S. Қазіргі таңда елімізде шығарылатын отандық өнімдерге сұраныс көп болғанымен, насихат аз екені анық. Сол себепті біз өзіміздің жергілікті өнімдерімізді өзге облыстарға, сондай-ақ шетелдерге жарнамалауымыз керек. Осылайша Ақтөбенің өз брендін қалыптастыруға үлес қосамыз. Ендеше отандық өнімді қолдайық!   

 Данагүл ҚАЗИХАН.