БілімТәуелсіздік — 30

Тәуелсіздік тартуы: 153 мектеп. 478 балабақша

Тәуелсіздік алғалы бері облыста  жобалық қуаты 48 800 орындық  153 мектеп пайдалануға берілді. Бұл білім шаңырақтары мектептердегі орын тапшылығын жою, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, апатты мектептер мен ескі мектептерді жаңарту мақсатында ашылды.

Тәуелсіздіктің арқасында ана тілінде білім алатын бала саны арта түсті. Қазір қазақ балабақшасы мен қазақ мектептерінің үлесі көп. 

Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылған «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы де жемісті болды. Жекенің иелігіне кеткен нысандар мемлекет меншігіне қайтарылды. Заман талабына сай балабақшалар еңсе тіктеді. Балабақша санының арта түсуіне мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің аясындағы ауқымды жұмыстар да септігін тигізді. Соңғы 10 жылда, яғни 2010-2020 жылдары біздің өңірде 478 балабақша ашылды.

Мүмкіндігі шектеулі, жетім балалар үшін де мемлекет қолдауы ерекше. Оларға арналған бірегей жобалардың Ақтөбеде салынуы — соның айғағы.

Біз облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханмен тәуелсіздік жылдарындағы білім саласының жетістіктері туралы әңгімелескен едік.

—  Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылдан бастап білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі білім беру жүйесін сапалық жағынан жақсарту болды. Бір ғана мысал, білім саласында 5 мемлекеттік бағдарлама жасалып, ұлттық білім берудің моделі қалыптасты.

Өңірдің білім беру жүйесінде де елеулі өзгерістер болды. Облыс бюджетінің қомақты бөлігі осы салаға тиесілі. Бұл өңірдің білім беру жүйесін дамытудың негізгі көрсеткіштерінің жақсаруына септігін тигізуде. Білім саласына енгізілген инновациялық, эксперименталды 12 жылдық білім беру, жаңартылған білім беруге көшу, электронды оқыту, жан басына шаққанда қаржыландыру, үш тілде білім беру жобалары облыста  табысты жүзеге асырылды, — дейді Жолдас Нұрланұлы.

Мектеп құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

Басқарма басшысының айтуынша, тәуелсіздік жылдары облыстағы  мектептердің жалпы желісі 20 пайызға қысқарды. Мектептердің желісі, негізінен, шағын жинақты мектептердің жабылуы есебінен қысқарып отырды. Оқушылардың контингенті 10 пайызға азайды. Бұл  процесті ішкі және сыртқы көші-қонмен, 90-жылдардағы демографиялық құлдыраумен түсіндіруге болады.

Оқушылардың контингенті соңғы 5 жылда 33 835 адамға артты (22 пайыз).

Еліміз егемендігін алғаннан бері біздің облыста  153 мектеп пайдалануға берілді. 1991-2000 жылдары 29 білім ордасы, 2001-2010 жылдары 37 мектеп, 2011-2020 жылдары 87 мектеп еңсе тіктеді. Нақтырақ айтсақ, бұл білім шаңырақтарының 44-і оқушы орын тапшылығын жою мақсатында  салынды. 35 мектеп  үш ауысымда оқыту мәселесін шешу үшін  пайдалануға берілді. 44 мектеп  апатты мектептердің орнына бой көтерді. Бейімделген ғимараттардың орнына 30 мектеп салынды, — дейді Жолдас Нұрланұлы.

Биыл облыста 12 мектептің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 1320 орындық 4 мектеп құрылысы еңсе тіктемек.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданында жеке инвесторлар қаражаты есебінен 1200 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде.

Облыста  үш тілде білім беретін 127 мектеп жұмыс істейді. Оларда 1046 жаратылыстану бағытыныӊ мұғалімі ағылшын тілінде білім береді.

Ана тілім — айбыным

Тәуелсіздіктің арқасында қазақ мектептерінің, қазақ сыныптарының көбірек ашылғанын, қазақ тіліндегі мектепке дейінгі ұйымдар саны артқанын мақтанышпен айтамыз.  Кеңес дәуірінде  Ақтөбе қаласында 1 ғана — №6 қазақ орта мектебі жұмыс жасады. Ал бүгінде облыс орталығында 48 қазақ мектебі бар. 1990 жылы өңірде  барлығы 514 мектеп болды. Соның 265-і  қазақ тілінде білім берді. Қазір облыстағы 403 мектептің  270-і қазақ, 112-сі аралас, 24-і орыс тілінде оқытады. Осы жылдар аралығында 3 аралас мектеп қазақ мектебі болып қайта құрылды. Жаңадан ашылған білім беру ұйымдарының 95 пайызы қазақ тілінде білім береді.

Жалпы білім беретін мектептердегі  оқушылардың 80 пайызға жуығы қазақ тілінде оқиды. Ал Кеңес дәуірінде қазақ тілінде оқитын балалар үлесі небары 37 пайыз болатын, — дейді басқарма басшысы.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары (1992-1993 оқу жылында) Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе ауданында жалпы 20 орыс мектебі болыпты. Қазақ мектебі — 10, аралас мектеп — 35. Ал Ақтөбе қаласында 7 қазақ мектебі болды.

Кеңес дәуірінде Ойыл, Ырғыз, Шалқар аудандарында орыс  мектептерінің үлесі өте аз болды. Ал Байғанин ауданында орыс мектебі мүлде болған жоқ.  Бүгінде өңірдегі орыс мектептердің басым бөлігі Мәртөк, Қарғалы аудандарында орналасқан.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру қазақ тілінде тәрбие мен білім беретін мектепке дейінгі ұйымдарда ұлты қазақ емес балалардың санының артуына ықпал етті. Қазір қазақ балабақшаларда 1000-ға жуық орыс және басқа да ұлт балалары тәрбиеленуде.

Бұрын 23 қазақ балабақшасы ғана болса, қазір 421 балабақша (!) қазақ тілінде тәрбие береді. Бұл — үлкен жетістік, — дейді Жолдас Нұрланұлы.

«Балапанның» жемісі

Тәуелсіздік алған соң балабақша жұмысы қайта жандана бастады. Елбасы тапсырмасымен жабылған мекемелер қайта ашылды. Жекенің қолындағы ғимараттар мемлекет меншігіне қайтарылды. Заман талабына сай жабдықталған жүздеген мектепке дейінгі мекеме еңсе тіктеді.

Облыста мектепке дейінгі ұйымдар желісін арттыру, балабақшаларға қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жолға қойылды. 90- жылдары еліміз біраз қиындықты бастан өткерді. Бұл ауыртпалық білім саласын да айналып өткен жоқ.  1991 жылы біздің өңірде 433 балабақша болды (оның 168-і қазақ балабақшасы болды). Олардың 370-і, яғни  85 пайызы жекенің меншігіне кетті. 1999 жылы облыста небары 68 балабақша болды.

Облыстағы мектепке дейінгі білім беру жүйесі 2006 жылдан бастап қайта жандана бастады. Сол жылы балабақшалар саны күрт өсті. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасының арқасында еліміздің мектепке дейінгі білім саласының мәселесі шешілді. Алғаш рет республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін нысаналы трансферттер бөлінді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының көпшілігі 2010 жылдан бастап ашыла бастады.  Соңғы 10 жылда, яғни 2010-2020 жылдары біздің өңірде 478 балабақша ашылды. Олардың сыйымдылығы — 37 мыңнан астам орын.  1999 жылдан бастап желі 68-ден 546 бірлікке дейін артты, — дейді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда облыста 546 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Бұл балабақшаларға 42 900  балапан барып жүр. 1999 жылдан бастап балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 77 пайызға өсіп (!), 86,3 пайызға жетті.

Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік жекеменшік серіктестікті дамыту  — мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігін арттыру жолдарының бірі.

Мемлекеттік тапсырысты орналастыру жеке мектепке дейінгі ұйымдардың санының артуына септігін тигізді. Нәтижесінде олардың саны 4-тен 160-қа дейін, 40 есеге артты. Балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты орналастыру жалпы облыс бойынша балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 34 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде жыл сайын облыстағы жекеменшік балабақшаларға мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үшін мемлекеттік тапсырысты орналастыруға республикалық, облыстық, жергілікті бюджеттерден 6,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінуде, — дейді Жолдас Батырхан.

Материалдықтехникалық база

2005 жылдан бері мектептердіӊ материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында білім ошақтары жаӊа модификация кабинеттермен, лингафондық және мультимедиялық кабинеттермен, интерактивті тақталармен жабдықталуда.

Облыс мектептерін интернет желісіне қосу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Білім шаңырақтарының барлығы кеӊжолақты интернетпен қамтылған.  2001 жылы 1 компьютерге 62 оқушыдан келсе, қазір бұл көрсеткіш — 1:5.

P.S.

Ел егемендік алғанның арқасында біздің облыста қазақ мектептерімен бірге қазақ гимназиялары да ашыла бастады. Мәселен, 1991 жылы Ақтөбедегі №32 мектеп мәртебесін өзгертіп, қазақ мектеп-гимназиясы атанды. Мәрия Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназия — Ақтөбе қаласындағы тұңғыш қазақ гимназиясы. Сол жылы бұл гимназияны Елбасының өзі ашты. Сондай-ақ 1991 жылы Ақтөбе қаласында №21 мектеп-гимназиясы бой көтерді.

Тәуелсіздік алған жылдары облыста 1 Назарбаев Зияткерлік мектебі, 3 облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат, инновациялық режимде жұмыс жасайтын 7 гимназия, 22 мектеп-гимназия, 9 мектеп-лицей бой тіктеген.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button