Білім

Құжаттар қабылданып жатыр

Елімізде  білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 16 шілде де басталды, 25 шілдеге дейін жалғасады. Қабылдау электрондық форматта egov порталы арқылы жүзеге асырылып жатыр. 

Талапкерлер мен олардың ата-аналарының денсаулығын қорғау мақсатында жоғары оқу орындарында виртуалдық қабылдау комиссиялары жұмыс істеп, талапкерлерге бейнебайланыс арқылы кеңес беріледі.

Талапкерлер 6 мамыр мен 1 шілде аралығында өткен ұлттық бірыңғай тестілеудің екі нәтижесінің біреуін конкурсқа ұсына алады. Өтініш берген кезде талапкерлер аттестат, аттестатқа қосымшаның электрондық көшірмелерін және электрондық құжат нысанындағы көлемі 3×4 сандық фотосуретті, сондай-ақ басқа да құжаттардың көшірмелерін қоса тапсыруы қажет.

Егер талапкер «Алтын белгі» иегері немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапатталған болса, онда ол басқа үміткерлермен балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады. Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары үшін де осындай артықшылықтар қарастырылып отыр. Талапкерлердің мұндай жетістіктерінің ескерілуі үшін тапсыру кезінде растайтын құжаттардың көшірмелерін тіркеу қажет. Мысалы, шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат болған кезде өтініш беруші сертификаттың атауын, балын көрсетеді және электрондық сертификатты тіркейді, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Дина Орынова.

Сонымен қатар биыл білім беру гранттарын бөлу кезінде Білім және ғылым министрлігі алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарына квоталар бөлді. Енді көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы талапкерлердің грант алу мүмкіндіктері арта түспек.

Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5 пайызы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға — 1 пайыз, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1 пайызы бөлу жоспарланған.

ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер Ұлттық жоғары оқу орындарына түсе алады. «Педагогикалық ғылымдар» — кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» — кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» — кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына — 50 балдан төмен болмауы керек. Бұл ретте талапкер ҰБТ-ның әрбір пәні және шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button