Білім

Жергілікті бюджеттен 80 грант бөлінді

2021-2022 оқу жылына жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға 80 орынға грант бөлінді. Оның 31-і — білім беру саласына бөлініпті. 

Аталған гранттар өңірдің еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бөлінген.

Комиссияның алғашқы отырысында өңірге қажет, сұранысқа ие мамандықтар анықталды. Қажетті мамандықтар облыстық басқармалар мен қала, аудан әкімдіктерінің сұранысы негізінде әзірленеді. Комиссияның шешімімен білім беру саласы мамандарына — 31, ауылшаруашылық саласына — 8, өнер мамандықтарына — 5, денешынықтыру саласына — 4, дін саласына — 3, (барлығы бакалавриат), денсаулық сақтау саласына 29 (резидентураға) орынға тапсырыс берілді, — дейді облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Дина Орынова.

Оның айтуынша, комиссияның келесі отырыстарында студенттерді қажетті мамандықтар бойынша оқытатын оқу орындары анықталады. Комиссия жұмыс барысында жоғары оқу орындарының тапсырған құжаттары негізінде белгілі критерийлерге (кадрлар әлеуеті, жатақхананың болуы, ғылыми жетістіктері, түлектердің жұмыспен қамтылу пайызы, ЖОО-ның рейтингісі) көңіл бөледі.

Комиссияның үшінші және төртінші отырыстарында республикалық грант нәтижелері белгілі болғаннан кейін бакалавриат және резидентура бойынша грант иегерлері анықталады. Комиссия мүшелері талапкерлердің біліміне, ұлттық бірыңғай тестілеу (бакалавриат) мен емтихан (резидентура) нәтижелеріне басты назар аударады, — дейді Дина Орынова.

Гранттарды тағайындау облыс әкімдігінің комиссиясында қаралады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58 Қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы органдарының комиссиясы құрамына сол органдардың қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, «Атамекен» Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік палаталары мен азаматтық қоғам институттары өкілдері кіреді.

Айта кету керек, 2018 жылдан бастап «Білім туралы» Заңына сәйкес облыста жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы беріледі. 2018 жылы — 100, 2019 жылы — 100, 2020 жылы 80 грант бөлінген болатын. Қазір  осы гранттар бойынша 227 студент білім алуда.

             Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button