Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Облыста мүгедектерді оңалтуға жағдай жасалып жатыр

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста мүмкіндігі шектеулі жандарды кешенді оңалтатын және оларды қарапайым әлеуметтік мәдени өмірге ықпалдастыратын белсенді шаралар қабылдануда. Осы орайда облыс әкімі Оңдасын Оразалин жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс аясында балалар мен ересектерге әлеуметтік көмек көрсетіп жатқан екі оңалту орталығының қызметімен танысты.

«Малика» әлеуметтік оңалту орталығында бүгінде 16 жасқа дейінгі балаларға жан-жақты жағдай жасалуда.

Орталық директоры Шара Жарылғасованың айтуынша, мұнда тірек-қимыл, жүрек-қан тамыр, тыныс алу жүйелері ауыратын, көруі, естуі нашар балалар емделеді. Олармен 15 күн бойы психолог, емдік денешынықтыру нұсқаушысы, массаж жасаушы, логопед-дефектолог, педиатр және т.б. білікті мамандар жұмыс істейді.

Орталықты аралаған Оңдасын Оразалин емделушілермен және олардың ата-аналарымен әңгімелесті.

Бала бұл жерге өз еркімен қуана келеді. Аузымен айта алмаса да, эмоциясынан көремін. Жалпы, қалада даун синдромы бар балаларға осындай орталықтар жоқ деп айтуға да болады. Сондықтан біз, ата-аналар, балаларымызға жағдай жасалып жатқанына, мемлекеттік назардан тыс қалдырмағанына алғыс айтамыз, — деді ата-аналардың бірі Гүлназ Қалменова.

Кездесуде ата-аналар осы орталықтың жанынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақша ашылса деген тілектерін жеткізді. Облыс әкімі уәкілетті өкілдерге бұл мәселені қолға алып, шешуді тапсырды.

Өңір басшысы «Роза» орталығында болып, науқастарға арналған оңалту әдістемелерімен және жағдайларымен танысты.

Ақтөбелік Татьяна Анатольевнаның осында емделіп жатқанына төртінші күн. Оның айтуынша, төрт күннің ішінде оң нәтижеге қол жеткізген.

— Мұнда бәрі мінсіз. Орталықты ашқан, бізге қызмет көрсетіп жатқан, емдеп жатқан кісілердің бәріне ризамын. Өзімді керемет сезінемін. Осында келгеніме төртінші күн, нәтижесі жүзімнен байқалады,— дейді 2-топ мүгедегі, зейнеткер.

Бүгінде облыста мүмкіндігі шектеулі 27,5 мың адам тұрады, оның 4,5 мыңға жуығы — 18 жасқа дейінгі балалар.

Биыл өңірде балаларға арналған екі және ересектерге арналған бір мамандандырылған орталықта оңалту қызметтерін көрсету үшін мемлекеттік тапсырыс берілген. Қазіргі таңда аумағы 3 мың шаршы метр болатын тағы бір үлкен заманауи оңалту орталығын ашу үшін ыңғайлы ғимарат іздестіріліп жатыр. Сондай-ақ Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында мамандандырылған спорттық нысанның және т.б. құрылысы басталды.

«Медициналық, әлеуметтік оңалту қызметтеріне сұраныс жоғары. Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бар. Осы жылдан бастап аталмыш бағытты дамытуға бюджеттен қосымша қаражат бөлдік. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады», — деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button