Жаңалықтар

Мәслихат хатшысы тұрғындармен кездесті

Ақтөбе қаласының тұрғындары электр энергиясымен, сумен, жарықпен және газбен байланысты мәселелерді шешуге көмек сұрап, облыстық мәслихат хатшысына жүгінді.

Бұл мәселелер облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғмановтың азаматтарды жеке қабылдауы барысында айтылды.
Қала маңындағы «Ақжар плюс» бау-бақша ұжымының тұрғындары атынан Жомарт Қартбаев пен Қалихан Нұрғалиев бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер бойынша көмек сұрады.
— Мен 2012 жылы қалалық сүт зауыты (ГМЗ) ауданында саяжай учаскесін сатып алып, сол жерден үй салдым. Алайда бір жылдан кейін қала билігі бұл учаскені босату керек деп мәлімдеді. Бізге «Ақжар плюс» бау-бақша ұжымынан жаңа учаскелер берілді. Міне, сегіз жылдан бері жер учаскелерін алған және үй салған 40-қа жуық отбасы жарықсыз, сусыз және көгілдір отынсыз өмір сүруде. Біз бірнеше рет жергілікті билік өкілдеріне мәселемізді шешу жөнінде өтініш жасадық. Бірақ біздің мәселелеріміз шешілмей, аяқсыз қалды. Тек биыл ғана Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров өзінің есептік қорытынды баяндамасында электр беру желілерінің құрылысына бюджеттен қаражат бөлінгенін, бірақ әлі күнге дейін тиісті жұмыстар атқарылмағанын айтты.
Тұрғындардың көпшілігі тұтынылған электр энергиясын ресми түрде төлей отырып, жақын маңдағы электр беру желілеріне жекелей қосылды. Бірақ бұл ретте тиісті құрылымдар апат болған жағдайда электр беру желісіне қызмет көрсетуден және оны жөндеуден бас тартады. Газдандыру, сумен қамтамасыз ету ісі де жеделдетілсе дейміз. Өйткені осы уақытқа дейін қала маңында тұрсақ та, біз өз үйлерімізді отынмен, көмірмен жылытамыз. Ал су алу үшін тұрғын үй ауданының шетіндегі жалғыз бағанға барамыз, — деп бөлісті Жомарт Қартбаев.
Істің мән-жайын мұқият тыңдаған Амангелді Нұғманов облыс мәслихаты аппаратының атынан тиісті шаралар қабылдау үшін Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровқа, облыс әкімінің осы секторға жетекшілік ететін орынбасарына, облыстық энергетика басқармасының басшылығына аталған мәселелерді анықтап, ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Облыстық мәслихаттың
баспасөз хатшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button