Әкімдер сайлауы

Қоғамдық бірлестіктер бақылайды

Биыл 25 шілдеде республика бойынша бір мезгілде 700-ден астам ауыл әкімдерін сайлау өтеді. Бұл саяси шараны қоғамдық бірлестіктердің 180 байқаушысы бақылайтын болады. Бұл жөнінде «Партиялық емес байқау орталығы» облыстық филиалы өткізген брифингте айтылды. Аталған шараға  облыстық филиал штабының басшысы Ерәділ Уббиниязов, бақылаушылар жөніндегі штабтың үйлестірушісі Алтынай Рахымова,  құқықтық мәселелер жөніндегі штабтың үйлестірушісі Нұрлыбек Шоқпаров қатысты.

Ерәділ Уббиниязовтің айтуынша, елімізде құрылған «Партиялық емес бақылау орталығы» сайлау процесіне жүйелі қатысу арқылы сайлауды бақылайды және сайлау процесіне мониторинг жүргізеді.

Республикалық қоғамдық ұйымның еліміздің барлық өңірлерінде филиалдары бар.

— Ақтөбе облысында 35 ауылдық округ әкімін сайлау өтеді. Сайлаушылардың тікелей дауыс беруі 74 сайлау учаскесінде болады.  Қалған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау олардың өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін біртіндеп өткізілетін болады.

Біздің қоғамдық ұйым елдегі сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр және ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын бақылауға белсенді қатысады. Осы мақсатта қазіргі уақытта орталық филиалы тарапынан 181 байқаушы оқытылып жатыр.

Біздің байқаушыларымыздың тізіміне 2021 жылғы 10 қаңтарда Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауы бойынша бақылаушылық тәжірибесі бар түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді, — дейді ол.

Аталған ұйымның мақсаты — сайлау барысында заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету.

— Алда өтетін ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы — саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіретін өте маңызды оқиға. Мұндай дауыс беру арқылы ауыл әкімдерін сайлау елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Ортақ күш-жігерімізбен облысымызда ашық және тәуелсіз сайлау өткізуге елеулі үлес қосамыз, — дейді Е.Уббиниязов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button