Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Құрбан айт: Індет кезіндегі ерекшеліктер

Брифинг

 

Биыл Құрбан айт мерекесінің бірінші күні 20 шілдеге сәйкес келеді. Айт намазы ертеңгілік сағат 7.00-де оқылады.

Індетке байланысты мешіттердің ішінде намаз оқылмайды, арақашықтықты, басқа да барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, сыртында оқуға ғана рұқсат берілген. Құрбан шалу Айт намазы оқылып болғаннан кейін басталады.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн режимінде өткен тікелей эфирде облысымыздың бас имамы Серікжан Еншібайұлы айтты.

— Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы, індетке байланысты, былтырдан бері құрбандық шалуды онлайн режимінде, яғни qurban2021.kz сайтына тапсырыс беру арқылы ұйымдастыруды қолға алды. Бұл істі ұйымдастыруда шариғатта бұрыннан бар «өкілдік» қағидасы негізге алынады. Яғни, бір адам белгілі бір істі өзінің атынан орындауға басқа кісіні уәкіл ете алады. Бұл жобаның мақсаты — қазіргі індет жағдайында құрбандық шалуға ниет етуші адамдарға оңтайлы жол ұсыну, — деді бас имам.

Биыл Ақтөбеде qurban2021.kz сайты арқылы құрбандыққа шалынатын малдың бағасына келсек, қойдың құны — 70 мың теңге, сиыр 350 мың теңге екен. Бұған қасапшының қызметі де кіреді. Сиыр малын 7 адамға дейін бірігіп шалуға болады.

— Құрбандық шалу барлық мұсылманға бірдей міндеттелмейді. Ол тек күнкөрісінен артық дәулеті бар ауқатты жандарға ғана уәжіп етілген. Алайда құрбандыққа шалынған малдың еті қалайда жоқ-жітікке жетуі керек. Бұл жұмысты да мешіттер ұйымдастырады. Ал мұқтаж жандар ет алу үшін де, жоғарыда айтылған сайтқа тапсырыс береді, — деді Серікжан Еншібайұлы.

Ғаламтор болмаған жағдайда, мұқтаж жандар  8 (7132) 77-43-49 телефоны арқылы мешітке хабарласып, өздері туралы мәліметтер қалдыруы керек. Сол мәліметтер арқылы мешіт қызметкерлері олардың тапсырысын жоғарыда аталған сайтқа енгізеді.

— Құрбандық етін алуға тек шын мұқтаж адамдар ғана тапсырыс берсе екен дейміз. Ең бастысы, Құрбан айт аясындағы істерді ұйымдастырғанда, барлық санитарлық талаптар мүлтіксіз орындалуы керек, — деді бас имам.

Сөзінің соңында ол барша ақтөбеліктерді келе жатқан Құрбан айт мерекесімен құттықтап, игі тілектерін жеткізді.

Тікелей эфирге облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Махамбет Бисенов те қатысты. Соңынан имамдар көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button