Жаңалықтар

Мал азығына субсидия беріледі

Жыл сайын мал азығын дайындау шығыны шаруалардың қалтасын қағып тұр. Былтырғы шабындықтан  биылғы шөптің түсімі әлдеқайда азайған. Бұл шөп нарығындағы бағаны да өсіріп жіберді. Сол себепті ауыл шаруашылығы жануарлары азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату үшін жергілікті бюджеттен 6 миллиард 750 миллион теңге қаражат бөлінді. Өткен жылы осы мақсатта берілген қаражаттан қарағанда көп.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің  19.03.2021 жылғы №108 «Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялау» Ережесіне өзгерістер мен толықтырулар қосылып, 25 шілдеден бастап қолданысқа енеді.

Жаңа Ережеде субсидияның беру тәртібін жергілікті атқарушы орган белгілейді.

Өтінім берілген сәттен бастап аналық мал басы субсидиялаудың ақпараттық жүйесі мен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасында міндетті түрде тіркелуге және сәйкес болуға тиіс.

Сондай-ақ аналық ірі қара малы 18 айдан, қойлардың жасы 12 айдан, бие мен інгендердің жасы 36 айдан кем болмауы керек. Ал субсидия алу үшін қой саны 300-ден, сиыр, түйе, жылқы малдарының аналықтары 50-ден жоғары болуы шарт.

Сонымен бірге жайылымның және шаруашылықтың есептік нөмірі қажет.

Аграрлық секторды тікелей қолдаудың жоғары деңгейі ол — агроқұрылымдарды субсидиялау. Бұл — шаруалардың өз қызметін нақты жоспарлауға, қосымша өндірістік шығындарға ұшырауға жол бермеу үшін жасалып жатқан көмек, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал щаруашылығы бөлімінің бас маманы Мереке Бисенбин.

Қазіргі таңда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал азығын субсидиялауға қажеттілікті анықтау және талдау жұмыстарын бастап кетті.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button