ЖаңалықтарӘкімдер сайлауы

Әкімдер сайлауы: «Nur Otan-нан» 28 үміткер тіркелді

Ауылдық округ әкімдерін сайлауға «Nur Otan» партиясы атынан облыста 28 үміткер ұсынылып отыр. Олардың 17,9 пайызы, яғни 5-уі — әйелдер, 10,7 пайызы немесе 3-еуі — 35 жасқа толмаған жастар. 

Нұротандық кандидаттар 14 шілде сағат 18.00-ден бастап сайлаушылармен тікелей қарым-қатынас жасап, өздерінің бағдарламаларын насихаттауға кірісті. Үгіт-насихат кезеңінде әр кандидат 90-ға жуық іс-шара өткізбек.

Сайлау Алға ауданындағы12 ауылдық округтің екеуінде өтеді. Үшқұдық ауылдық округі әкіміне «Nur Otan» партиясынан үміткер сайлаушылармен кездесіп, үгіт насихат жұмыстарын жүргізуді бастап кеткен. Ол бүгінге дейін «Есіктен есікке» акциясын, канвассинг, экспромт-кездесу, «Үміткерге сұрақ қойыңыз» тікелей эфирін өткізіп, белсенді жұмыс жасауда.

Ауылдық округ әкімдерін сайлау Қобда ауданындағы 5 ауылдық округте өтетін болса, «Nur Otan» партиясынан әрқайсысына бір-бір кандидаттан түсіп отыр. Әр үміткердің 1 сенімді өкілі мен 2 байқаушысы тіркелген. Бүгінгі таңда 8 елді мекенде учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс жасап жатыр. Сайлауға 2429 сайлаушы қатыспақ.

Партия Шалқар ауданының 4 ауылдық округінде өтетін сайлауға әр ауылдан бір кандидат ұсынып отыр. Негізі ауданда 12 ауыл әкімі болғанымен, қалғандарының өкілеттік мерзімі аяқталмаған. Олар да алдағы уақытта тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Ал биылғы науқан аудандағы 27 мыңнан астам сайлаушының 4,3 мыңға жуығын қамтымақ.

Қарғалы ауданының Қосестек ауылдық окургінде өтетін сайлауға партия бір кандидатын ұсынды. Партиядан ұсынылған үміткер желілік кестеге сәйкес үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Оның 3 сенім білдірген өкілі бар. Үміткерлерге ауылдық округтің 1070-ке жуық сайлаушысы дауыс бермек.

Ырғыз ауданындағы Тәуіп ауылдық округіне де  партиядан үміткер бар. Ауылдық округтің Құйылыс ауылында  790 адам болса, сайлаушылар саны — 336. Партиядан түскен кандидат күніне 10 үгіт шарасын өткізеді.

Мұғалжар ауданындағы Қайыңды ауылдық округіне де партиядан бір кандидат бар. Додаға түсетін 3 үміткерге Қайыңды және Алтынды ауылының 710 сайлаушысы дауыс бермек.

2 шілдеде партияның Мәртөк аудандық филиалы кезектен тыс XXXV конференциясын өткізіп, Қызылжар ауылдық округі әкімі лауазымына кандидатын ұсынған. Үміткер қазір 20-дан астам үгіт-насихат жұмысын жүргізіп үлгерген.

Партиядан Ойыл ауданындағы Көптоғай ауылдық округі әкіміне де бір кандидат тіркелді. Оның сайлаушылармен жүздесулердің маңыздылығы мен өзектілігін арттыруды мақсат еткен, әр түрлі салаларды қамтитын желілік кестесі жасақталған. Мұнда 1230 сайлаушыны толық қамтитын барлығы 90 шара енгізілген. Пандемиялық жағдайды ескере отырып, жоспарланған насихат жұмыстарының 65-і — офлайн, 25-і онлайн форматта өтеді.

«Nur Otan» партиясы сайлауда тек қана жеңіске жетуді  ғана мақсат етпейді, ауылдардың дамуына жүйелі жағдай жасауды, азаматтардың нақты мәселелерін шешуді де өз міндетіне алып отыр. Партияның нақты бағдарламалары мен құралдары бар.

«Nur Otan» қиындықты еңсеріп, жеңіске халықпен бірге жетуге ниетті.

Меңтай Бектұрсынова.

Басқа жаңалықтар

Back to top button