Тәуелсіздік — 30

Мәңгілік елдің жастары

Жас мамандар арасында мемлекеттік тіл, ұлттық тарих пен өнер ұлықталған байқау өтті 

 «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы филиалдары қызметкерлері арасында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Нұр-Сұлтан қаласы күніне арналған  «Мәңгілік ел — Қазақстан!» атты байқау ұйымдастырылды. Компанияның тіл саясаты және аудармалар бөлімінің ұйытқы болуымен өткізілген шараға акционерлік қоғамның барлық филиалдарынан келген командалар қатысты.

Әр филиалдағы мықты деген жастар іріктелді

Бұл байқаудың рөлі де, маңызы да ерекше болды. Біріншіден, аталған шара қазақ тілін, оның мәдениеті мен өзіндік ерекшелігін, ұлттық салт-дәстүрді, ұлт өнерін, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын білуге арналған патриоттық бағытта өтті. Екіншіден, былтырдан бастап карантиндік шектеулер салдарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан іс-шараларды өткізуге тыйым салынып, компанияның жас мамандары біраз уақыттан бері өзара танысуға, жұмыстан тыс кездері тығыз достық қарым-қатынас орнатуға жол ашатын осындай бейресми шараларды әбден сағынып-ақ қалғаны байқалады.

Қала сыртындағы «Жеті қазына» демалыс орнында — ашық аспан астында ұйымдастырылған байқау барысында барлық санитарлық-эпидемиологиялық талап қатаң сақталды.


Бұл — көптен бері ойда жүрген, дайындығы әбден піскен байқау. Екі жылдан бері елімізде болып жатқан жағдай бәрімізді қажытты: осындай шаралар өткізуге қатысты жоспарымызға өзгеріс енгізуге тура келді, карантиндік шектеулер жұмысымызға тежеу болды. Мұндай іс-шаралар ұжымдағы достық, татулық тінін берік етеді, жастардың өзара араласуына, танысуына септігін тигізеді. Биыл жалпы компанияда өткізіліп жатқан шаралардың барлығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр.  Бұл шара да осы мерейлі датаға және астана күніне орай ұйымдастырылды, — дейді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы тіл саясаты және аудармалар бөлімінің басшысы Күләнда Тұрғанбаева.

Байқауға «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының басқару аппараты және 10 филиалы — Ақтөбе мұнай сервис, Қоғамдық тамақтандыру және сауда,

Ақтөбе мұнай энергия, Жаңажол мұнай газ өндіру, Ғылыми зерттеу институты,

Октябрь мұнай газ өндіру, Кеңқияқ мұнай газ өндіру, Мұнай және мұнай өнімдерін сату және Өндірістік техникалық құралдармен жабдықтау және жеткізу басқармасынан келген барлығы 11 команда қатысты.

— Әр филиалдағы мықты деген жастар іріктелді. Біздің жас мамандарымыз өте білімді, талантты. Жалпы, акционерлік қоғамда 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Соның ішінде жас мамандардың барлығын осындай іс-шараларға тартуға тырысамыз. Және әр іс-шара кезінде бұрын қатыспаған жастарға мүмкіндік береміз. Бұл байқауға әр филиалдан 5-6 адамнан бірікті. Барлығы да «сен тұр, мен атайын» білімді мамандар, — дейді Күләнда Тұрғанбаева.   

Тарихқа қатысты 30 сұрақ, отандық кино және патриоттық ән

80-ге жуық жас қызметкердің қатарында инженер-программистер, экономист- бухгалтерлер, инженер-электрик, техник, инженер-есепші, инженер-химик секілді жан-жақты мамандар бар. Бірнеше турдан тұратын байқау барысында жеңістен үмітті боп келген жастарға ана тілін меңгерудің жоғары деңгейін, еліміздің тарихы мен мәдениетін білу сапасын растауға тиіс болды.

Бірінші тур «Жасампаздыққа толы жылдар» деп аталды. Бұл кезеңде еліміздің тарихына, тәуелсіздік жылдары еліміздің қол жеткізген жетістіктеріне, астана күніне, мемлекеттік рәміздер мен ұлт мәдениетіне, қазақ әдебиеті мен өнеріне қатысты 30 сұрақ қойылды.

— Екінші тур «Өнер жолындағы жетістіктер» деп аталды. Бұл кезеңде үлкен экранда көрсетілетін отандық кинофильмдерден алынған стоп-кадрлар арқылы фильм атауын табуға тиіс. Негізінен, ұлт тарихынан сыр шертетін фильмдерді жасыруға тырыстық. Себебі қазіргі жастар шетелдік киноларды көп көреді. Бұл турдың мақсаты — кино өнері әлеміндегі ұлттық мұрамызды насихаттау, — дейді тіл саясаты және аудармалар бөлімінің аудармашысы Жамал Жакупова.

Сайысқа қатысушылар «Амангелді», «Құнанбай», «Жамбыл», «Біржан сал», «Көксерек», «Менің атым Қожа» секілді бірнеше фильмдерден алынған стоп-кадрлардан фильм атауын тауып, ол туралы ақпарат алды.

Қоғамдық тамақтандыру және сауда басқармасында технолог болып жұмыс істейтін жас маман Шырынгүл Балапанова бұл байқауға тыңғылықты дайындалғанын айтады.

— Ана тіліміздің дамуына, қолданылу аясының кеңеюіне барлығымыз да мүдделіміз. Әрі бұл шара қасиетті тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына, елорда күніне арналып отырғандықтан, барымызды салып дайындалдық. Алдын ала байқау шарттары туралы айтылды. Өз басқармамыздың ішінде қазақ тілі маманы ұлттық тарихымызды, ұлттық өнерімізді қаншалықты білетінімізге қатысты тестілеу жүргізді. Нәтижесінде 5 адам іріктелді. Осы бес адам тарихи материалдарды, тарихи деректерді қайтадан бір шолып шықтық. Оған қоса әр жылдары жарыққа шыққан отандық фильмдерді қарадық. Бұл біз үшін ұлттық тарих пен өнер алдында емтихан тапсыратындай үлкен жұмыс болды. Екінші жағынан мұндай шаралар — әр филиалда жұмыс істейтін жас мамандардың өзара танысуына, жақын қарым-қатынас орнатуына септігін тигізеді. Осындай шара өткізуге қолдау білдірген басшылыққа, ұйтқы болған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, — деді Шырынгүл Балапанова.

Ал Мадияр Қозыбақов Октябрь мұнай-газ өңдеу кешенінде инженер энергетик болып жұмыс істейді екен. Бұл додаға ол да өз басқармасының ішінен суырылып алға шыққан алты жолдасымен бірге келіпті.

— Ана тілімізге, ұлттық тарих пен мәдениетке қатысты шараларға қуана-қуана қатысамыз. Мұндай іс-шаралар біздің мекемеде жиі өткізіліп тұрады. Осы компанияда 11 жылдан бері еңбек етіп келемін. Жас мамандарға деген қамқорлық жоғары деңгейде. Мұндай басқосулар жастар арасындағы татулықты берік қылады. Ұжымымыз өте тату. Бұл байқауға да бір кісідей жұмылып дайындық жүргіздік: тарихи кітаптарды ақтарып, отандық фильмдерді қарап шықтық, — дейді ол.

Үшінші кезең «Шырқа, дауысым» деп аталды. Бұл кезеңде жастар қазақша әндер орындады. Караоке арқылы, негізінен, тыңдағанның рухын көтеретін патриоттық әндер орындауға тырысты: бірі «Атамекенді» шырқаса, екіншілері «Мен қазақпын», «Көк тудың желбірегені» секілді әндерді орындады.

Күләнда және оның командасы

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, қолданыс аясын кеңейтуге қатысты жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл игі істің басы-қасында жүрген компанияның тіл саясаты және аудармалар бөлімінің басшысы Күләнда Тұрғанбаеваның айтуынша, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатындағы жұмыстар бірнеше жылдан бері үзіліссіз іске асырылып келеді:

— Осы компанияда жиырма жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келемін. Менен бұрын еңбек еткен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының ардагері Өтеміс Әкімов ағамыз тіл саясатын 1990 жылдары қолға алып, осында 2002 жылға дейін жұмыс істеді. Сонда ағамыз мені шақырып алып: «Тіл саясатын жүргізу — өте күрделі, жауапты іс. Бұл істе бір тіл білу жеткіліксіз, бірнеше тілді білу керек және патриоттық, өжеттік қажет», — деп айтқаны есімде. Шынында, әуелгі кезде оңай болмады. «Мемлекеттік тіл бізге не үшін керек? Бұл — ұлтшылдық» деген пікірлерді де естідік. Дегенмен осы мемлекетте өмір сүріп жатқасын мемлекеттің заңдарына бағынамыз және оларды бұлжытпай орындаймыз. Осылайша құжат айналымын мемлекеттік тілде жүргізуге қол жеткіздік. Бұл оңай шаруа болған жоқ: 10 жылдай қиналдық. Қайта-қайта бұйрық шығарылып, талапты орындамағандар жазаланған кездер де болды. Бастапқыда қазақ тілі сабақтарын да өткіздім. Ең алдымен кадр бөліміндегі қызметкерлерді үйреттім. Себебі құжаттың барлығы сол жерден басталады. Бірнеше жылдан бері құжаттың мемлекеттік тілдегі айналымын реттеуге қол жеткіздік.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін ғана мемлекеттік тіл саясатының дұрыс жүргізіліп жатқанын түсініп, әуелгіде түсінбеген адамдар, керісінше, бізбен бірге жұмыс істеуге көшті, — дейді ол.

Бүгінде акционерлік қоғамда тіл саясаты заңға сәйкес жүргізіледі: құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізіліп, келген хаттарға мемлекеттік тілде жауап қайтарылады. Бұл — тастай қағида.

— Бұған қоса әр филиалдағы аудармашылар жыл сайын бірігіп мұнай-газ өндірісі саласындағы терминдердің орысша-қазақша сөздік-анықтамалығын шығарамыз. Бұл өте ауқымды жұмыс әрі үлкен жетістік деп айта аламыз. Себебі басқа ірі өндірістік мекемелерде мұндай жұмыс тек бізде ғана жүргзіледі.  Бұл ретте республикалық терминология комиссиясымен, облыс әкімі жанындағы ономастикалық комиссиямен тұрақты байланыс орнаттық. Бұл — іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың бір парасы, — дейді ол.

Күләнда Тұрғанбаеваның айтуынша, компанияда қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жолға қойған. Аудармашылар да жыл сайын бірнеше рет облыстық, республикалық деңгейдегі біліктілікті арттыру курстарына қатысады.

— Біздің аудармашылар тек тіл мәселесімен ғана айналысып қоймайды, сонымен бірге жастарға бағыт-бағдар беріп, түрлі шаралардың ұйытқысы да болады. Мәселен, қазақ КВН-ы, театрландырылған көріністер, барлық мемлекеттік мерекелер қарсаңында тақырыптық шаралар өткіземіз. Бұл жолғы шараға тек ұлты қазақ балалар қатысты. Себебі қазақ тарихына, мәдениетіне қатысты сұрақтар өте күрделі, қиын сұрақтар. Тарихты білмеген, тілді қадірлемеген жерде ұлттық сана-сезім туралы айту қиын. Қазір қазақ тілінде шала-пұла бір сөз айтқанға қуанатын уақыт емес. Сондықтан әр шара белгілі бір мақсат-мүддемен ұйымдастырылуға тиіс, —  дейді Күләнда Тұрғанбаева.

P.S. «Мәңгілік ел — Қазақстан!» байқауы өте тартысты өтті. 11 филиалдан келген жас мамандар топтасқан алты команда барын салды: бағы мен бабын сынады. Нәтижесінде басқару аппараты, Ақтөбе мұнай сервис және Октябрь мұнай газ өндіру кешені филиалдары мамандары қосылған «Қыран» командасы басқа командалардан қара үзіп кетті: басқалардан 12 ұпай жоғары болды. Осы команда мүшесі  Ақтөбе мұнай сервис басқармасының бас техникалық жетекшісінің орынбасары, эколог Ербол Тасмағамбетовтің басқа әріптестерін жеңіске жақындатқаны байқалды. Бірнеше жоғары білімі бар жас маман қазақ тарихы тақырыбындағы шығармаларды ізденіп жүріп оқиды екен. Өзі домбырада күй шертіп, ән салғанда кәнігі домбырашы секілді. «Барлық команда мүшелері жақсы дайындықпен келген: қазақ тарихына шолу жасап, отандық кино жауһарларын қарап, ұлттық салт-дәстүрге қатысты білімін шыңдағаны байқалды. Байқаудың негізгі мақсаты да осы еді», — дейді ұйымдастырушылар.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button