Басты жаңалықтар

Жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр

«Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен отын-энергетикалық кешенінің алдағы жылыту маусымына дайындығы талқыланды», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жылыту маусымы басталғанға дейін облыс бойынша 630 жылу қазандығы, 268 шақырым жылу құбыры, 61 шақырым су-кәріз құбыры, 148 электр желісі жөнделуі керек.

Облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов қазір облыста жөндеу жұмыстарының кестесі бойынша шаруалар атқарылып жатқандығын айтты.

Облыс әкімі жылыту кезеңіне дайындық барысын, соның ішінде көмір бағасын баса назарда ұстауды тапсырды.

«Бағаны бақылап, негізсіз үстеме бағаға жол бермеу керек. Арадағы алыпсатарлар толығымен алынып тасталуы қажет», — деп міндет қойды О.Оразалин.

Жалпы, көмір облыс халқына тамыз айында беріле бастайды.

Жиында сондай-ақ суармалы жерлерді пайдалану мәселесі талқыланды.

Атап өтейік, қазіргі таңда өңірде 10,6 мың гектардан астам суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, оның 4,6 мың гектары биыл пайдалануға берілмек. Облыс әкімі пайдалануға берілген және бұған дейін берілген суармалы жерлерді толық игеретін түбегейлі шараларды қабылдауды талап етті. Бұдан өзге ауыл шаруашылығына арналған жерлердің оңтайлы пайдаланылуын қадағалауды күшейтуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы қолданылмайтын жерлерді қайтарып алуды тапсырды. Барлық мүмкіндікті пайдалану керек, бірақ жер бос тұрмауға тиіс, әсіресе суармалы жерлер тиісінше пайдаланылуы қажет», — деді О.Оразалин.

Жиында  COVID-19-ға қарсы екпе алу мәселесі де сөз болды. Коронавирустың алдын алу мен екпе алудың маңыздылығы бойынша түсіндірме жұмыстарды, соның ішінде облыс аудандарында күшейту тапсырылды.

Сондай-ақ отырыста Ақтөбе қаласы мен облыстың тыныс-тіршілігін тиімді қадағалап, бақылау, басқарушылық шешімдерді  жедел қабылдау мақсатында құрылған ахуалдық орталықтың қызметі туралы мәселе қаралды.

Облыс тұрғындары ахуалдық орталыққа «109» нөмірі арқылы хабарласып, өздерін толғандырған сұрақтарымен жүгіне алады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button