Жаңалықтар

Мал азығын дайындауда Ақтөбе облысы алда тұр

Облысымызға арнайы жұмыс бабымен келген Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Аманғали Бердалин, Ғалымжан Елеуов және Зүльфия Сүлейменова жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалығы басшыларымен кездесті.

Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалының ғимаратында өткен кездесуде кәсіп иелерінің сауалдары, ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Басты мақсат — қазіргі ахуалға байланысты ауылшаруашылығы саласындағы мәселелерді шешу жолдарын қарастыру, сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасындағы бекітілген жұмыстардың орындалуы барысымен танысу.  Бұл туралы депутат Аманғали Бердалин Үкіметке бірнеше депутаттық сауал жолдағанын айтты.

Мемлекеттік қызметшілерді 25 пайызға қысқартамыз дегенде ауылшаруашылық, жер қатынастары және ветеринария саласын бір басқармаға біріктіру туралы сөз болды. Біз бұған келіспейміз. Ветеринария — бөлек сала. Біз ветеринарлық қауіпсіздікті сақтау үшін оны қысқартпай, керісінше,  агенттік қып құруды ұсындық. Қазір бұл мәселе қызу талқыланып жатыр, — дейді А.Бердалин.

Депутаттар бұдан кейін кәсіпкерлердің сауалдарына құлақ түрді. «Бұтақ» өндірістік кооперативінің төрағасы Берген Ғаббасов суармалы алқапты кеңейту керектігін айтты, оны «Бексұлтан» шаруа қожалығының төрағасы Батырбек Шәуленов те құптады. Өйткені 300 гектар суармалы жерден 2 мың гектардың шөбін шауып ала аласың. Бұл шаруалардың уақыты мен шығынын азайтады. Әрі қай жағынан да тиімді. Себебі шаруа қожалығы басшыларының айтуынша, жыл сайын түсім азайып барады. Былтыр 500 орама шөп дайындаған жерден биыл 120 орама алған.

Ал «Пригородный» ауылшаруашылық фермасының төрағасы Генрих Холодзинский екінші деңгейлі банктерде қабылданған құжаттарды тексеру ұзақ жүретінін айтты. Сол себепті көбі уақытында ақша ала алмай қалады. Бұдан басқа да мәселелер көтерілген жиында облыста мал азығының дайындалу барысы сөз болды.

— Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы жағдайды естіп, біліп отырсыздар. Әрине, оған  қуаңшылық себеп болып отыр. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Ол — бөлінген қаржының дер кезінде шаруаның қолына тиюі. Бұл — өте маңызды жайт. Қолға ақша тиіп болмағасын, шаруа да кешеуілдей береді.  Көрші облыстар осы жағынан ақсап отыр. Бұл жағынан Ақтөбе облысының әкімдігі жіті қимылдаған.  Былтыр осы мақсатқа  5,200 миллиард теңге қаржы жұмсалып, шаруалардың қолына тиген. Қазір  мал азығын дайындауда Ақтөбе облысы алда келеді, — дейді Мәжіліс депутаты Аманғали Бердалин.

Самат ЕСЕНҚҰЛ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button