Жаңалықтар

Еңбек адамдарына ерекше құрмет керек

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары кеше «Ақтөбе металлқұрастыру зауыты» ЖШС жай-күйімен танысты.

Мәжіліс депутаттары — Аманғали Бердалин, Ғалымжан Елеуов, Зүлфия Сүлейменова, Дания Еспаевалар іссапар барысында осындағы сайлаушыларымен кездесіп, партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» бағдарламасының жергілікті жерлерде іске асыру сапасын тексеруді жоспарлаған. Сондай-ақ кәсіпорындардың, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің аужайымен танысу бағдарламаға енгізілген. Соның аясында елордадан келген делегация «Ақтөбе металлқұрастыру зауыты» ЖШС-ында болды.

50 жылдан астам тарихы бар аталған өндіріс орнында, аты айтып тұрғандай, түрлі металл бұйымдары дайындалады. Қазіргі таңда мұнда 200 адам еңбек етеді. Олардың орташа еңбекақысы — 140-180 мың теңге. Пандемия кезінде де тынбай жұмыс істедік деген кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта жалақы мөлшерін өсіру жоспарда барын, еңбек адамдарына барынша жақсы жағдай жасауға мүдделі екенін баян етті.

Зауыттың бірнеше цехы мен жұмыс барысымен танысқан депутаттар еңбек ұжымында қарапайым қызметкерлердің жағдайы жақсара түсуіне тілектестігін білдірді.

— 7 шілдеден бері Ақтөбедегі бірқатар кәсіпорынды аралап жүрміз. Бүгін де осындағы еңбекақы мөлшері қалай, жұмысшыларға қандай жағдай жасалған, соны білу үшін келдік.

Мұндағы әлеуметтік жағдайдың жақсы екеніне көз жеткіздік. Қызметкерлер үш ауысымда күні-түні жұмыс істейді екен. Яғни өнімдеріне сұраныс жоғары.

Сондай-ақ Парламентте өндіріс туралы заң қабылданғалы жатыр, соған байланысты ұсыныс-тілектер жинап жүрміз. Хромтау ауданындағы зауыттарда да осыны айттық, — дейді Аманғали Бердалин.

Айта кету керек, Мәжілістің VII шақырылымының бірінші сессиясында Палатаның қарауына 86 заң жобасы түсіп, оның 49-ы мақұлданып, Сенатқа жіберілген. Индустриялық-инновациялық даму, қаржы, банк жүйелері, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, өңірлік даму, т.б. мәселелерге қатысты 94 депутаттық сауал жолданыпты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button