Экономика

 «Еңбек» жұмыссыздықты азайтады 

Облыстағы оқу орталықтарында жұмыссыздар еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша білім ала алады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшылары берген дерек бойынша, жыл басынан бері осындай орталықтарда 800 жұмыссыз білім алып, соның 140-тан астамы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімі өкілдерінің айтуынша, бүгінде мамандар даярлау бағытында көптеген жұмыс атқарылып жатыр.

2017 жылы Ұлттық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бастамасы бойынша нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасына өзгерістер енгізілген болатын. Бұл өзгеріске сай, жұмыс беруші өз кәсіпорнында оқу орталығын ашып, оны ҰКП жанындағы оқу орталықтары реестріне енгізе отырып, өз мамандарын даярлай алады.  Бүгінде аталған реестрге облыс бойынша 41 білім беру ұйымы енгізілген, оның ішінде 19-ы — кәсіпорын жанындағы оқу орталықтары, 18 колледж және 4 жеке оқу орталығы. Бұл жерлерде 88 жұмысшы біліктілігі бойынша білім алуға болады.

  • Биыл реестрге «Нұрайым» ЖК жанындағы тігін ісі бойынша оқу орталығы және жол құрылысы саласындағы Ақтөбе автомобиль-жол колледжі секілді екі білім беру ұйымы енгізілді. Сонымен бірге төрт оқу орталығы қосымша 11 мамандықты енгізді. Екі оқу орталығының реестрде болу мерзімі ұзартылды. Алты ай ішінде бұл орталықтарда 152 адам білім алып, 141-і жұмысқа орналасты. Қазіргі уақытта 628 адам білім алып жатыр, — дейді ӨКП сарапшысы Азамат Бұрымбаев.

Оның айтуынша, кәсіпорын ішінде құрылған оқу орталықтары сол кәсіпорынға нақты қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы «ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС, «Касиет – АБИ» ЖШС, «Азая» ЖШС, «Нұрайымм» ЖК секілді мекемелер өздері ашқан оқу орталықтары ақылы қажетті мамандарын өздері  оқытып алып отыр.

2017 жылы мемлекеттік бағдарлама аясындағы қысқа мерзімді кәсіби оқу курстарында 10 мыңнан астам адам оқып, оның 77 пайызы жұмыс тапқан. Палата өкілдерінің айтуынша, оқу курстарына қатысушылар саны жыл сайын артып келеді.

  • «Еңбек» бағдарламасына былтыр енгізілген өзгерістерге сай, онлайн білім алуға рұқсат етілді. Ал офлайн оқулар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізілді. Былтыр білім алғандардың 99 пайызы жұмысқа орналасты. Бұл — өте жақсы нәтиже. Биыл да мыңға жуық жұмыссыз адамды оқыту жоспарланып отыр, — дейді ӨКП адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Айнұр Баймұратова.

2017 жылы «Атамекен» ҰКП жоғары оқу орындары мен техникалық, кәсіптік оқу орындары студенттері мен жоғары сынып оқушыларына кәсіпкерлік пен бизнес негіздерін үйрету бойынша бастама көтерген болатын. Нәтижесінде 2019-2020 оқу жылы таңдау бойынша оқуға болатын пән ретінде «Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері» пәні енгізілді. 2019 жылдан бастап бүгінге дейін облыста осы оқу пәні 150 мектепте енгізілген. Биыл 93 мектеп мұғалімі кәсіпкерлік пен бизнес негіздері бойынша біліктіліктерін арттыру курстарында білім алмақ.

Бизнесті бір бағытта шоғырландыру мақсатында жаңа қауымдастықтар мен одақтар құру жұмыстары да жүргізіліп келеді. ӨКП берген дерек бойынша, бүгінде осындай 4 бірлестік құрылған. Олар: «Ақтөбе облысының мейрамхана және қонақүй бизнесі қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, «Ақтөбе облысының тігіншілері мен дизайнерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, «Сұлулық индустриясының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі және HR менеджерлер клубы. Қазіргі уақытта «Аймақтық үздіксіз білім беру қауымдастығы» қоғамдық бірлестігін құру құжаттары әзірленіп жатыр.

  • Бүгінде тігіншілері мен дизайнерлері қауымдастығы облыстық білім басқармасымен бірлесіп, 2021-2022 оқу жылына арналған әлеуметтік әлсіз және аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп оқушылары үшін мектеп және спорт формаларын тігу мәселесін қарастырып жатыр, — дейді палата өкілдері.

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБА:  ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕЙТІН ФАБРИКА САЛЫНАДЫ

Дөң тау-кен байыту комбинатында өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бағытындағы бірегей жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы жылы құрылысы басталатын қалдықтарды қайта өңдейтін байыту фабрикасы әлемдегі ең озық технология бойынша салынады және заманауи автоматтандырылған құралдармен жабдықталмақ. Бұл туралы аталған компанияның корпоративтік коммуникация қызметі хабарлады.

«Қалдықтар-2» атты бірегей жоба маңызды екі мәселені шешуге ықпал етеді: өндіріс қалдықтарын қайта өңдейді және кәсіпорынның шикізат базасын ұлғайтады. Жаңа фабриканың шикізаты – Дөң тау-кен байыту комбинатында 1973 жылдан бастап сақталған қалдықтар қоры болмақ. Оның құрамында 18-ден 34%-ке дейінгі хром оксиді бар. Әзірге комбинатта қолданыста жүрген технологиялар бұл қалдықтарды тиімді өңдеуге мүмкіндік бермейді. Себебі олар өте ұсақ («жұқа») класты. Жаңа фабриканың іске қосылуымен жылына екі миллион тоннаға жуық қалдықтар өңделіп, 500 мың тоннаға дейін қосымша тауарлы өнім – үш кластық концентрат алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 400-ге дейін қосымша жұмыс орнын құру ұйғарылған.

–  Жобаның біздің компания үшін маңызы зор. Бұл — біздің активтеріміздің қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған тағы бір қадам. Біз бұрыннан сақталған өндіріс қалдықтарының көлемін едәуір азайтуға мүмкіндік беретін, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған өндірістердің үнемі пайда болатын қалдықтарын қайта өңдеуге мүмкіндік беретін, қолданыстағы қалдықтарды да қайта өңдеуге септесетін кешенді бағдарламаны жасап бекіттік. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде қосымша тауар  өнімін аламыз, сәйкесінше, аудан және облыс бюджеттеріне салықтық және әлеуметтік аударымдарды көбейтеміз, — деді «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов.

Жаңа фабрикада байыту процесі бірегей: флотация әдісімен жүзеге асырылмақ. Бұл — ерекше инновациялық жоба, себебі шикізаттың бұл түрінен хром оксидін алу әлемнің ешбір жерінде қолданылмаған. «Қалдықтар-2» жобасы сәтті өткізілген сынақтар мен жетекші компаниялардың тәжірибесін ескере отырып жасалды.

Дәл қазіргі сәтте негізгі жабдық орналасатын №1 ұсатып-байыту фабрикасының бас ғимаратында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жабдықтар негізінен Еуропаның, Түркияның және АҚШ-тың Thyssenkrupp Industrial, Metso Outotec, т.б.  жетекші өндірушілерінен жеткізіледі. Сондай-ақ жоба аясында шикізатты орталату немесе араластыру процесі жүретін арнайы қойма салынады.

– Бұл өндірістің автоматтандыру деңгейі өте жоғары болады. Ол іске қосылған кезде әлемдегі ең заманауи байыту фабрикасы болатынына сеніміміз мол, —  деді ERG Capital Projects стратегиялық жобалар блогының бас инженері Иван Лысенко.

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ — БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІ

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің Алматы ауданы прокуратурасымен бірлесе өткізген шара барысында табиғи монополиялар субъектілері тарапынан  жекелеген кәсіпкерлердің құқығының бұзылуы, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне ақы төлеудің қолданыстағы ережелеріне («BIOS» ЖШС мысалында) өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Руслан Күйшіновтің айтуынша, еліміздің Бас прокуратурасы 2016 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, яғни олардың қызметіне лауазымды тұлғалардың негізсіз араласуынан қорғау бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп келеді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекеттік құры­лымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекет­ке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретін­де ба­ғалануы керек. Кәсіпкерлер шенеу­нік­тер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бір­ден прокуратура органдарына жүгінгені жөн», — деген еді. Осы Жолдауда белгіленген міндеттер аясында кәсіпкерлердің құқығының бұзылуы мәселелері талқыланып, оларды шешу бойынша нақты шаралар әзірленген. Аталған шаралар аясында  Ақтөбе қаласы Алматы ауданының Кәсіпкерлер палатасы мен прокуратурасы тұрақты негізде кәсіпкерлік саласында заңдылықтың сақталуына мониторинг жүргізеді.

Мониторингті жүзеге асыру барысында табиғи монополия субъектісі тарапынан жекелеген кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылғаны анықталған.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімі берген анықтамаға сүйенсек, «Aqtobe SU – ENERGY GROUP» АҚ жеке кәсіпкерлердің бірінің атына гидравликалық сынақ жүргізуге және жылу желілерін жууға 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін өтінім беру және техникалық әзірлік актісін алу қажеттігі туралы хабарлама жіберген, олай болмаған жағдайда жылу энергиясын беру жүргізілмейтінін айтқан. Тағы бір мысал: «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі «Aqtobe SU – ENERGY GROUP» АҚ атына жылу жүйесін гидравликалық сынақтан өткізу үшін бөгде ұйымдарды тартуға рұқсат беру өтінішімен хат жолдаған. Алайда «Aqtobe SU – ENERGY GROUP» АҚ гидравликалық сынақтар жүргізу үшін бөгде ұйымдарды тартуға тыйым салынатынын айтып, өтініштен бас тартқан.

Кәсіпкерлік палатасы өкілдерінің айтуынша, облыста гидравликалық сынау және жылу желілерін сығымдау бойынша қызметтерді жүзеге асыратын 174 ұйым тіркелген, бұл қызметтерді кез келген заңды немесе жеке тұлға ұсына алады. Осыны ескерсек, аталған акционерлік қоғамының ісі тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасау, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама талаптарын өрескел бұзу болып есептеледі. Оған қоса былтыр аталған қоғам жеке тұрған объектілердің меншік иелеріне гидравликалық сынақтар жүргізу қажеттілігі туралы 460 хабарлама жіберген. Осы мәселелерге қатысты тергеу жұмыстары жүргізілген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы С.Ерғалиевтің айтуынша, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама талаптарын өрескел бұзғаны үшін аталған мекемеге айыппұл салынды.

Сондай-ақ шара барысында денсаулық сақтау субъектілері қызметтеріне ақы төлеудің қолданыстағы қағидаларына өзгерістер енгізуге байланысты мәселе де айтылды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button