Экономика

Мемлекеттік бағдарлама кәсіпкерлердің тынысын ашып отыр

Кәсіпкерлік

«Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірінде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Жаңа кәсіптерін ашқандар да, бұрынғы кәсіптерін кеңейткендер де жетерлік.

Мәртөк аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында биыл жалпы аудан бойынша 54 жоба жоспарланған.

Қазіргі таңда ауданда 5 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 1 жоба мақұлданды.

Құлпынай — табыс көзі

Қазір жеміс-жидек пен көкөністің саудасы қызып тұрған шақ. Соның ішінде жазда алғаш болып пісетін жемістердің бірі — құлпынай. Бүгінде құлпынай егу ісін қолға алғандар қатары артуда.

Мәртөк ауданының тұрғыны Рахат Көпжан биыл 5 гектар алқапқа құлпынай егіп, одан 10 тоннадай өнім алды. 

Бағбан жігіт құлпынай өсірумен бірнеше жылдан бері айналысып келеді.

Өзінің қайрат-күшіне, қарым-қабілетіне, ең бастысы, еңбегінің түпкі нәтижесіне сүйенетін жігерлі аза­маттың басты қағидасы — адал еңбек ету.

Кәсіпті інім Нұрболат екеуміз бастадық. 2009 жылы «Экопродукты Мартука» деген атаумен құлпынай өсіруді қолға алдық.

Басты мақсатымыз — тек қана экологиялық таза өнім өндіру. Ең алғаш интернет дүкен арқылы құлпынайдың 10 түп көшетін сатып алып, оны үйіміздің ауласына ектік. Содан 5 түп өсіп, көбейе бастады. Ауладан шыққан өнімді облыс орталығына жеткізіп, сата бастадық. Өнім ақтөбеліктерге ұнады. Сұраныс та арта түсті, — дейді Рахат Көпжан.

Кәсіптің көзін тапқан ол уақыт өте келе далалықтан жер алып, кәсіби түрде айналысуды жоспарлайды. 2016 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 26 гектар жер алған. Осы орайда мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, бес жылға 6 пайызбен 6 миллион теңге несие алған.

Мемлекет тарапынан несиеге алған қаражатқа трактор және бірқатар құрылғылар сатып алдық. Биыл 5 гектар алқапқа құлпынай ектік. Бүгінде оның 2 гектары 10 тоннадай өнім берді. Қалған 3 гектары алдағы жылы өнім береді деп жоспарлап отырмыз. Негізінен, бұдан да көп өнім алу мүмкіндігіміз бар. Алайда біз химиялық қоспасыз өсіргендіктен, өнім көлемі аздау, — дейді ол.

Соңғы жылдары елімізде тамшылатып суару әдісі тәжірибеге енді. Кәсіпкер бұл әдіспен құлпынай өсіру тиімді екенін айтады. Себебі аққан су далаға кетпей, әрбір қоршалған құлпынай көшетінің бойына ғана тамады.

Құлпынай ерекше күтімді қажет етеді. Суын уақытымен беріп, арамшөбін түгелдей жұлып, жан-жағын тап-тұйнақтай етіп қою керек.  Ол жыл сайын өнім береді. Ең бастысы, барлық технологияны мұқият сақтаған жөн. Көпжылдық өсімдік болған соң, баптауын білсеңіз болғаны.
Алты ай жұмыс маусымында 3 адам тұрақты жұмыс жасайды. Барлық өнім көтерме сауда арқылы Ақтөбе қаласындағы коммуналдық базарларға жеткізіледі, — дейді кәсіпкер.

Жалпы, құлпынай хош иісті, дәмді жидек қана емес, тамаша десерт әрі емдік тағам болып саналады. Оны жеген адамның асқа деген тәбеті ашылады. Ас қорыту жүйесі жақсарады. Сол үшін құлпынай өсіру ауыл шаруашылығындағы табысты кәсіптің біріне жатады. Құлпынай иммунитетті нығайтып, адамды дәрумен жетіспеушілігінен құтқарады, қан тамыр жүйесін қорғайды. Өз уақытында желінген құлпынай сізді суық маусымдарда инфекциялық аурулардан да қорғайды екен.

Қалдықтарды қайта өңдеудің пайдасы мол

Мәртөк ауданындағы Сарыжар ауылының тұрғыны Әсел Қожашева да мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырғандардың бірі. Ол былтыр «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз 5 миллион теңге грантқа қол жеткізіп, қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинап, сұрыптау ісін қолға алды.

Осылайша кәсіпкер экологияны таза ұстауға айтарлықтай үлес қосып отыр.

— Шикізаттарды қайта өңдеу, ең алдымен, қоршаған ортаны таза ұстауға септігі мол. Өйткені полиэтилендер қоршаған ортаны ластайды. Әрі олардың түгел жойылуына қаншама жылдар керек. 

 Ең алғаш 2018 жылы бала күтімімен үйде отырып, қандай да бір іспен айналысуға ниеттендім. Мәртөктегі «Атамекен» кәсіпкерлік оқу орталығы туралы естідім. «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша курс оқып, сертификат алдым. 2019 жылы Сарыжар ауылынан тұрмыстық күл-қоқыс шығару қызметін аштық. Екі жыл аралығында ауыл тұрғындарынан қоқыстарды шығарып, Ақтөбе қаласындағы полигонға тасып жүрдік. Былтыр «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қайтарымсыз 5 миллион теңге грантқа ие болдым.

Бұл қаржыға ауыл шетіндегі полигон аймағынан арнайы ангар салып, 2 жарым миллион теңгеге кәсібімізге қажетті 50 тонналық гидравликалық пресс құрылғысын сатып алдық, — дейді Әсел.  

Оның айтуынша, негізінен, қайта өңдеуге келетін қағаз-картон, макулатура, пластмасса жәшіктер, қаңылтыр ыдыстар мен т.б тұрмыстық қалдықтар қабылданады. Мұның барлығын арнайы құрылғы арқылы жинақтап, зауытқа тапсырады.

— Біздің ауылда 5 мыңға жуық тұрғын бар. Келісімшартқа отырған тұрғындардың үйлерінен аптасына екі рет қоқыстарын тиеп әкетеміз. Алдағы уақытта аудан орталығына жақын басқа да ауылдарды қамту, тұрмыстық қалдықтарды өңдеп шығару жоспарда бар. Отбасылық кәсіпке жолдасым көмектесіп келеді. Еңбек еткен адамның алмайтын асуы жоқ екенін сезіндік.  

Жалпы, елімізде бизнес бастауға, сондай-ақ қолға алған кәсібіңді кеңейтуге барлық жағдай жасалған. Ол үшін ешқандай кедергі жоқ. Ең бастысы, жақсы идея болса болғаны, — дейді кәсіпкер.

Біз жарамсыз деп қоқыс жәшігіне лақтыратын тұрмыстық қалдықтарды шетелдіктер әлдеқашан кәдеге жаратуды қолға алды. Алайда біздің еліміздегі қоқысты сұрыптау мәдениетінің әлі күнге дейін оң жолға қойылмағаны рас.

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, өзге мемлекеттерде биологиялық қалдықтар, қағаз және арнаулы белгісі бар тез өңделетін заттар жеке-жеке контейнерлерге салынады. Ал батарейка, жиһаз, ескі көлік бөлшектерін, пайдаланылған иіссу құтыларын қоқыс жәшігіне тастауға мүлдем тыйым салынған. Өйткені мұндай заттарды қабылдайтын арнаулы мекемелер бар. Мысалы, бір қарағанда ұсақ болып көрінетін энергоүнемдеуші шамдар, батареялардың құрамында қорғасын, сынап сияқты ауыр металдар бар. Адам ағзасында жинақталған олар бауыр, бүйрек аурулары, онкология сынды дертке шалдықтырады. Жарамсыз болып қалған бір ғана батарея топыраққа түсіп, ыдырай бастаған соң, маңайындағы 20 шаршы метр жерді немесе 400 литр суды ауыр металдармен ластайды екен. Түптеп келгенде, мұның бәрі қоршаған ортаға зиянын тигізетіні айдан анық.

Кәсіпкерлердің қай-қайсысы да мемлекеттік бағдарламалардың тиімді екенін айтады. Себебі алты пайыздық үстемеақы мен қайтарымсыз гранттар қазіргі нарық заманында кәсіпкер шаруасының түзеліп кетуіне септігін тигізуде. Ісі алға басқан кәсіп иелері енді оны кеңейтуді көздейді. Осылайша бағдарлама өз нәтижесін беруде.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button