Басты жаңалықтарСпорт

Көптен күткен Олимпиада

Спорт жанкүйерлері ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарын бес жыл күтті. 2020 жылы өтуге тиіс Олимпиада, коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға кейін шегерілген еді. Ойындардың жаңа мерзімі 2021 жылдың 23 шілдесі мен 9 тамызы аралығы болып бекітілді. Осы мерзімде өту-өтпеуінің өзі күні кешеге дейін күдікті болып келді. Өйткені пандемия әлі аяқталған жоқ, ал әлемнің көптеген елдерінде коронавирус індетіне шалдыққандар саны азаяр емес.

Дегенмен бұл мәселеде ХХХІІ жазғы Ойындардың иесі — Жапония табандылық танытып отыр. Сейсенбі күні, Ойындардың басталуына 10 күн уақыт қалғанда, Токиода Олимпиада қалашығы өз жұмысын бастады. Мұнда жапон дәрігерлері спортшылардың денсаулығын 24 сағат бойы бақылауда ұстамақ.

96 жолдама, 95 спортшы

Олимпиадаға 200-ден астам ел, 12 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Қазіргі жағдайда бұл деректерді нақтылау қиын. Індетке байланысты Олимпиадаға шетелдік көрермендер жіберілмейді.

Олимпиадада спорттың 33 түрі бойынша барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Каратэ, спорттық құзға өрмелеу, бейсбол, серфинг және скейтбординг секілді спорт түрлері Олимпиада бағдарламасына бірінші рет енгізілді. Біздің еліміздің спортшылары да жаңадан енгізілген осы бес спорттың екі түрі бойынша жарысқа қатысады. Олар — Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев, Мөлдір Жаңабай мен Софья Берульцева сынды каратэшілер және құзға өрмелеуші Ришат Хайбуллин.

Жалпы, қазақстандық спортшылар бұл Олимпиадаға спорттың 27 түрі бойынша 96 жолдама ұтып алды. Ал қатысатын спортшылардың саны — 95.Командалық ойын түрлері бойынша Олимпиада жолдамасына бір ғана қазақстандық құрамақол жеткізді. Ол — су добынан ерлер құрамасы (13 спортшы). Қазақстандық ватерполшылар Рио Олимпиадасына жолдама ала алмады, ал 2012 жылы Лондонда өз тобында ең соңғы орында қалған болатын. Тоғыз жыл уақыттан кейін Токиода олар сәтті өнер көрсетеді деп үміттенеміз.

Қазақстандық делегация Жапония астанасына ертең аттанады. Біз үлкен додада кімдерге үміт артатынымызды тағы бір ой елегінен өткізсек…

Үздіктерге құрмет

Биыл Олимпиадаға баратын ұлттық құраманың ту ұстаушысы ретінде екі бірдей спортшы таңдалды. Олар — Қамшыбек Қоңқабаев пен Ольга Рыпакова.

Бұл спортшылар тегіннен-тегін таңдалған жоқ: жеңіл атлетші (үш қарғып секіру) Ольга Рыпакова — Олимпиадаларда қол жеткізген табыстары бойынша еліміздің бүгінге дейінгітарихындағы ең үздік спортшы. Ол үш бірдей Олимпиадада жүлдегер атанды. 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының күміс жүлдесін алса, 2012 жылы Лондонда ең үздік нәтиже көрсетіп, Олимпиада чемпионы атанды, ал 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қола медаль иеленді. Ольга — үш бірдей Олимпиадаға қатысып, жүлде алған әзірге бірден-бір қазақ спортшысы. Ол — басқа  спортшыларымызға үлгі. Ольга өзінің төртінші Олимпиадасында да сәтті өнер көрсетеді деп үміттенеміз.

Ал Қамшыбек Қоңқабаев — ұлттық бокс құрамасының капитаны. Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атағы бар Қамшыбектің өзі Олимпиадаға алғаш рет қатысқалы отыр. Дегенмен ұлттық бокс құрамасы, Олимпиадалардағы нәтижелері бойынша, еліміздегі ең үздік құрама саналады. Тәуелсіз Қазақстанның спортшылары осы кезге дейін Олимпиадаға алты рет қатысқан болса, солардың бәрінен де боксшыларымыз Олимпиада алтынымен оралды. Бүгінге дейінгі Олимпиадаларда еліміздің спортшылары иеленген 15 алтын медальдың 7-еуін (яғни жартысын) боксшылар әперіпті. Сондай-ақ қазақ боксшылары 69 кг салмақ дәрежесінде қатарынан 4 рет — Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев және Данияр Елеусінов — Олимпиада чемпионы атанып, бұл ерекше жетістік ретінде бокс тарихына енді.

Кімдерге үміт артамыз?

Кімдерге үміт артамыз дегенде де, сөзді алдымен боксшыларымыздан бастасақ: олардың қатарында қазіргі әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов (81 кг), Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері Василий Левит (91 кг), Әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг),Әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегеріАбылайхан Жүсіпов (69 кг), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2017 жыл) Әбілхан Аманқұл (75 кг) бар. Токио Олимпиадасында бокстан ерлер — 8, ал әйелдер 5 салмақ бойынша өнер көрсетеді. Қазақстанның ерлер құрамасы барлық 8 салмақ бойынша Олимпиада жолдамасын Иорданияның Амман қаласында өткен ең алғашқы іріктеу турнирінде жеңіп алған еді. Ал боксшы қыздарымызда бір ғана жолдама бар: оның иесі — Надежда Рябец (75 кг).

Әдеттегідей дзюдошылар мен таэквондошылар жарысқа алғашқы күндерден бастап қосылады. Дзюдошыларымыз алты жолдама (ерлер — 5, әйелдер — 1) иеленді. Олардың арасында 2016 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Елдос Сметов (60 кг) және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2018 жыл) Ерлан Серікжанов бар.

Таэквондодан Олимпиадаға екіқазақстандық спортшы қатысқалы отыр, олар — Азия чемпионатының күміс және Азия ойындарының қола жүлдегері Руслан Жапаров (80 кг) пен Түркиядан келген қандасымыз Жансель Дениз (67 кг). Рио Олимпиадасында екеуінің де жолы болмады. Ал Токиода олар Мұстафа Өзтүріктің ізбасаралары деген атқа лайық өнер көрсетеді деп сенеміз.

Күрес түрлері бойынша балуандардың қоржынында 11 жолдама бар. Балуандарымыздың бірқатары — Әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері. Бәрі де Олимпиада жүлдесін иеленуге мүмкіндігі бар спортшылар. Біз осы 11 балуанның үшеуінің Ақтөбеден екенін айта кеткіміз келеді: олар — Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), Нұрислам Санаев (еркін күрес) және Юсуп Батырмырзаев (еркін күрес).

Каратэшілердің арасында Дархан Асәділов (60 кг) — өз салмағында рейтингтік жарыстарда әлем бойынша ең жоғары ұпай жинаған спортшы. Сондай-ақ ол — әлемдік деңгейдегі жарыстарға 2008 жылдан бері қатысып жүрген өте тәжірибелі спортшы.

Жүзу спортынан Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин Токиода екі қашықтықта жарысқа түседі.

Құзға өрмелеу спортынан еліміздің атынан Олимпиадаға бірінші болып қатысқалы отырған Ришат Хайбуллин де осал емес. Ол 2019 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатында көпсайыстан қола жүлде алды. Сондай-ақ біз велошабандоздарымыз мен теннисшілеріміздің де халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстарда жетістіктерге жетіп жүргенін білеміз.

Арманы асқақ жастар

Олимпиадаға алғаш рет қатысқалы отырған жастардың арасында да үміт артуға, сенуге лайық спортшылар бар.

Ұлттық құрамадағы ең жас спортшы — 19 жастағы Алина Әділханова. Ол — Токиода көркем гимнастикадан өнер көрсететін жалғыз спортшымыз. Алина 16 жасында жазғы Азия ойындарында топ жарған болатын. Жалпы, құрлықтық жарыстарда ол ұстазы Әлия Жүсіпованың, барша жанкүйерлердің үмітін ақтап жүр. Сарапшылар мен мамандар Алинаны Токио Олимпиадасы жүлдегерлерінің қатарына қоспайды, дегенмен ол қазақтың көркем гимнастикасын алға сүйреп жүрген ұстазының еңбегіне лайық жарқын өнер көрсетеді деп үміттенеміз.

Токиоға аттанатын спортшылар арасындағы тағы бір гимнасшы (спорттық гимнастика) Милад Карими жөнінде ерекше айту керек. Ол — Олимпиадаға бір өзі жеті бірдей жолдама ұтып алған спортшы. Миладтың әкесі ирандық азамат,ал анасы орыс қызы болғанымен, өзі Алматыда туып-өскен. Спорттың әліпбиін Алматыда үйреніп, осында жаттығып келеді. Сондықтан да ол өзін легионер санайтындармен мүлде келіспейді. «Мен өз Отанымның атынан өнер көрсетіп жүрмін», — дейді. Олимпиадада Милад көпсайыс, еркін жаттығу, қоссырық, қол тіреп секіру, керме, шығыршық және гимнастикалық ат-снаряды секілді жаттығу түрлерінен сынға түседі.

Олимпиадада жүлдеге ілігуі мүмкін жастардың бірі — жеңіл атлетші Надежда Дубовицкая. Биыл ол биіктікке секіруден Азия рекордын (2,0 метр) жаңартты. Ал бұған дейінгі рекорд та (1,99 метр) біздің отандасымызға, атап айтқанда, Марина Айтоваға тиесілі болатын.

Боксшы Серік Теміржанов, каратэші Нұрқанат Әжіқанов, ауыр атлетші Игорь Сон мен балуан Әлішер Ерғали да бүгінге дейін талай жарыста ел үмітін ақтаған жастар.

Біз барлық спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button