Спорт

Ақ жол, ақтөбеліктер!

Токиода өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына біздің өңірден 6 спортшы қатысады. Олар — Мейрамбек Айнағұлов, Нұрқанат Әжіқанов, Диана Назарова, Юсуп Батырмырзаев, Нұрислам Санаев және Виталий Худяков.

Облысымыздың тарихында бірінші рет Олимпиадаға алты бірдей спортшы аттандырғалы отырмыз. Осал спортшының Олимпиадаға бара алмайтыны белгілі. Біз жерлестерімізге сәттілік тілей отырып, олардың әрқайсысының спорттағы бүгінге дейінгі жетістіктеріне, жүріп өткен жолына аз-кем тоқталмақпыз:

Алғашқы жолдаманың иесі

Мейрамбек — қазақ балуандарының арасынан Токио Олимпиадасының жолдамасын бірінші болып иеленген спортшы. Жолдамаға ол 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен күрес түрлері бойынша әлем чемпионатында ие болды. Осы чемпионатта грек-рим күресінен 60 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мейрамбек алдымен Бразилияның атынан шыққан қазақ балуаны Марат Гариповты, одан соң литвалық Юстас Петравикиусты, ал ширек финалда хорват балуаны Иван Лизатовичті жеңіп, жартылай финалға дейін жетті.

2019 жылғы әлем чемпионаты лицензиялық жарыс болып жарияланған еді, сондықтан мұнда жартылай финалға дейін жеткен спортшылардың бәріне де Олимпиада жолдамасы берілді. Мейрамбек жолдамамен қатар, осы чемпионаттың қола жүлдесін де иеленді.

Жалпы, Мейрамбек Айнағұловтың жарқын жеңістеріне 2011 жылы Венгрияда өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатынан бастап куә болып келеміз. Осы жарыста ол алтын жүлде алып, қазақстандық бапкерлер мен жанкүйерлердің назарына ілікті. 2015 жылы Оңтүстік Кореяда өткен VI Дүниежүзілік әскерилер ойындарында да алтын медаль алды.

Ересектер арасында ол, халықаралық деңгейдегі түрлі турнирлерді айтпағанда, алты ірі жарыста еліміздің намысын абыроймен қорғады. Соның ішінде екі рет әлем чемпионатының жүлдегері атанды: 2017 жылы Мейрамбек Айнағұлов Парижде өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Бұл жарыста финалға дейін өте сәтті жеткен жерлесіміз, өкінішке қарай, ақтық сында жапон балуаны Кенитиро Фумитодан 2:1 есебімен жеңілді. Ал 2019 жылғы әлем біріншілігіндегі Мейрамбектің жүлдесі жөнінде жоғарыда айттық.

Мейрамбек үш жыл қатарынан Азия чемпионатының жүлдесін иеленді. Атап айтқанда, 2016 жылы Бангкокта өткен құрлықтық біріншілікте — қола, 2017 жылы Нью-Делиде — күміс, 2018 жылы Бішкекте қола жүлде алды. Сондай-ақ 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен жазғы Азия ойындарында да қола жүлдегер атанды.

Мейрамбектің өнер көрсетіп жүрген салмағында елімізде мықты балуандар өте көп. Мысалы, Лондон және Рио Олимпиадаларында осы салмақта Алмас Кебіспаев өнер көрсетті. Ол — әлем және Азия чемпионаттарының бірнеше мәрте жүлдегері, 2011 жылғы Азия чемпионы. (34 жастағы балуан әлі де боз кілеммен қоштасқан жоқ, қазір 67 кг салмақ дережесінде күреседі.)

Осы салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қызылордалық Айдос Сұлтанғали да — мықты балуан. Ол 2018 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген. Бұл салмақта шетелдік құрамалардың қатарында жүрген балуандарымыз да бар.

Күрес түрлерінен Олимпиада жолдамасы нақты спортшыға емес, ұлттық құрамаға беріледі. Ойындарға жолдаманы ұтып алған спортшыны апару міндеттелмейді, құраманың бас бапкері балуандардың Олимпиада қарсаңындағы бабына, дайындығына қарап, шешім қабылдай алады. Осы тұрғыдан келгенде, 2019 жылы ұтып алынған жолдама Мейрамбекпен бірге, Айдосқа да Токио Олимпиадасына қатысуға үміт сыйлағаны түсінікті. Сондықтан грек-рим күресінен биылғы маусымда Түркияда өткен халықаралық жарысқа бапкерлер осы екі спортшының екеуін де қатыстырды. Жарыста Мейрамбек те, Айдос та қола жүлде алды, яғни бірдей нәтиже көрсетті. Мұндай жағдайда жолдаманы бастапқы иесіне бұйырту, әрине, әділеттірек болар еді. Ұлттық құраманың бапкерлері де осындай шешімге келсе керек.

Мейрамбек Айнағұлов — Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Цеханович атындағы Шалқар балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі. Бапкерлері — Рақымжан Бақытжанов, Қайыржан Бекенбаев.

Грек-рим күресі — Олимпиада бағдарламасында 1896 жылы Афиныда өткен алғашқы ойындардан бастап келе жатқан спорт түрі. Токио Олимпиадасының кестесіне сай 60 кг салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлер 2 тамызда анықталатын болады.

Екі халыққа ортақ ұлдар

 Күрестің тағы бір түрі — еркін күрестен Олимпиадаға екі бірдей ақтөбелік спортшы барады. Олар — Нұрислам Санаев пен Юсуп Батырмырзаев. Екеуі де — Ресей еліндегі туыстас түркі халықтарының өкілі.

Нұрислам Қазақстан атынан жарыстарға 2014 жылдан бері шығып жүр. Ұлты — тыва (тува), елімізге алғаш келгенде аты-жөні Артас Санаа болатын. Кейіннен ислам дінін қабылдауына байланысты аты-жөнін өзгертті. Тывалар — арғы ата-бабалары Орталық Азиядан кеткен түркі жұрты.

Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Нұрислам (57 кг) көптеген жетістіктерге жетті: 2018 жылы әлем чемпионатында — күміс жүлде, 2019 жылы қола жүлде алды. 2018 жылы Азия чемпионы атанды. Мейрамбек секілді ол да Олимпиада жолдамасын 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында ұтып алды.

Ноғай — қазақпен бергі ғасырларға дейін Отаны (Алтын Орда, Ноғай Ордасы) ортақ, ата-бабасы бір болған халық. Дағыстанда туған ноғай баласы Юсуп Батырмырзаев та бірнеше жылдан бері Қазақстанның ұлттық жастар құрамасының сапында жүр. 2019 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанды, сондай-ақ жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде алды.

Юсуп Олимпиада жолдамасына биылғы сәуірде Алматыда өткен құрлықтық лицензиялық турнирде қол жеткізді. Ол 125 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

Олимпиадада бұл спорт түрінен аталған салмақ дәрежелері бойынша шешуші сындар 5 және 6 тамыз күндері өтеді.

Жолың болсын, жас дарын!

Белгілі боксшы, жерлесіміз Галиб Жафаров бір сұхбатында: «Біз, қазақтар, жекпе-жек түрлерінен мықтымыз», — деген еді. Сол айтқандай, Олимпиадаға біздің өңірден қатысқалы отырған алты спортшының төртеуі — жекпе-жек түрлерімен шұғылданатын спортшылар. Олардың үшеуін жоғарыда айттық, төртіншісі — каратэші Нұрқанат Әжіқанов. Нұрқанат 20 жаста, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқып жүр.

Ол — Ақтөбедегі №11 шығыс жекпе-жек түрлері бойынша облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі. Бапкері — Тимур Шатаев.

Жалпы, Ақтөбенің каратэ мектебі мықты екені белгілі. Осы спорт түрінен Әшім Қали КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, 1994 жылы әлем чемпионы атанды. Ал Андрей Ақтауов төрт дүркін Азия чемпионы, 2014 жылы Инчхонда өткен жазғы Азия ойындарының жеңімпазы болды. Токиодағы Олимпиада бағдарламасына каратэ енгізілгенде, біз бұл Ойындарға ақтөбелік спортшылардың, соның ішінде Андрейдің де қатысуынан үмітті болғанбыз. Бірақ жарақатына байланысты болса керек, оны Олимпиадаға қатысуға ұпай жинайтын рейтингтік жарыстардан көп көре алмадық…

Дегенмен ұлттық каратэ федерациясы осы көктемде ақтөбелік дарынды каратэші Нұрқанат Әжіқановқа 11-13 маусымда Парижде өтетін лицензиялық турнирге қатысуға жолдама берді. Таңдаудың Нұрқанатқа түсуі тегіннен-тегін емес: ол — бүгінге дейін жастар арасындағы көптеген турнирлердің, соның ішінде халықаралық турнирлердің де жеңімпазы атанып үлгерген спортшы. Жасөспірімдер мен жастар арасында бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Парижде де ақтөбелік каратэші өз жанкүйерлерінің үмітін толықтай ақтады. Ол 75 кг салмақ дәрежесінде Олимпиада жолдамасымен қатар, турнирдің алтынын да ұтып алды.

Олимпиада кестесіне сай, Нұрқанат жарысқа 7 тамыз күні шығады.

Ғажайып сый

Олимпиадаға төрт спортшымыз жекпе-жек түрлерінен қатысса, қалған екеуі — жүзушілер. Оның ішінде Диана Назарованың жолдамасын тағдырдың ғажайып сыйына теңеуімізге болады.

Өйткені спортшымыз оны ұтып алған жоқ, халықаралық жүзу спорты федерациясынан (FINA)… тікелей алды. FINA-ның ережесіне сай, қандай да бір елде «А» және «В» нормативтерін орындаған спортшылардың қатарында ер адамдар саны басым болса, онда сол елден бір әйел адамға (немесе керісінше: әйел адамдар саны басым болса, бір ер адамға) Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беріледі. Осыған байланысты біздің Диана халықаралық федерацияның өзінен Олимпиадаға шақырту алған. Диана Олимпиадаға қатысуға қажетті нормативті орындай алмағанымен, бұл жолдамаға еш еңбегі сіңген жоқ деуге де болмайды. Ол лицензиялық турнирлерде қазақстандық қыз-келіншектердің арасынан ең үздік нәтиже көрсеткен, бұл жерде осы нәтиже ескерілген болса керек.

Диана шалқалап жүзу әдісімен 100 метр қашықтықта жарысқа қатысады. Жарыс 25 шілдеде басталады.

Ыстықкөлден басталған жол

 Қырғызстанда туып-өскен, Ыстықкөл жағасында жаттыққан Виталий Худяков 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына біздің еліміздің атынан қатысты. Риода спортшы төрешінің шешімімен жарыс жолынан шеттетілген.

Спортшы мен оның бапкері төрешінің бұл шешімін әділетсіздік деп біледі, алайда оны дәлелдеу мүмкін болмаған. Барлық спорттық жарыстарда, соның ішінде Олимпиаданың өзінде де әділетсіз шешімдер кездесетінін біз білеміз. Мысалы, Рио Олимпиадасындағы бокстан 91 кг салмақ дәрежесі бойынша ақтық сынның (Василий Левит пен Евгений Тищенконың жекпе-жегі) нәтижесін еске алсақ та жеткілікті.

Ал Риодан бергі уақытта Виталий Худяков өзінің деңгейі өте жоғары спортшы екенін дәлелдеп келеді. 2019 жылы ол ашық суда жүзу спортынан екі бірдей қашықтықта (5 шақырым және 10 шақырым) Азия чемпионатының жеңімпазы атанды және Кувейтте өткен осы жарыста ол Олимпиадаға жолдама да ұтып алған болатын.

Жарияланған Олимпиада кестесіне сай, ашық суда жүзуден 10 шақырым қашықтықта ақтық сын 5 тамызда өтеді.

Индира ӨТЕМІС.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button