Тарих

Түркологияға түрен салған тарланбоз

Ғұбайдолла Айдаровтың туғанына — 100 жыл

Қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, Ғ.Айдаров еңбектерінде көне түркі ескерткіштерінің мәтіндерін транскрипциялап, оларды лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты талдаған, ескерткіштер тілінің қазіргі түркі тілдеріне, әсіресе қазақ тіліне жақындығын тиянақты зерделеген.

Түркітану ғылымы табиғи арнаға түсіп, шынайы қанат жайып дамуы үшін қилы заман, қиын кезеңді бастан кешкені – кешегі күннің шындығы. Дауылға қарсы тұрған арыстар атылып-айдалып, әсіресе Баку конгресіне қатысқан күллі түркологтер жаппай қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін бұл саланың беломыртқасы үзіліп қалғандай болғаны ақиқат. Бүгіндері белгілі ғалымдар В.М.Алпатов, Ф.Д.Ашнин, Д.М.Насиловтар «Репрессированная тюркология» деген арнайы еңбек жазып, түркологиямен шұғылданудың кеңестік дәуірде қандай қатерлі де қауіпті болғанын ашынып айтуы көп шындықты аңғартады.

Отандық түркология тарихында соқтықпалы соқпақсыз заманда тыңға түрен салған, жасқанып мұқалып қалмай, өз бетімен өрге ұмтылып, табанды ізденістерге барған, Орхон мұраларының қазақ тіліне қатысын зерделеп ізашар еңбек жазған, көрнекті ғалым, тіл білімінің алдыңғы алыптар буыны өкілдерінің бірі – бүгіндері 100 жылдық мерейтойы аталып отырған, Қазақстанның ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғұбайдолла Айдаров. Ол отандық түркологияда көне түркі бітік жазбаларын алғаш зерттеп, мезгіл өзгерісінің хабаршысы болған қарлығаштардың бірі еді.

Тағдырдың айдауымен Түрікменстанда ашаршылықпен арпалысып өсіп, білім алып, қанаты қатайған соң Алматыға келіп, кездейсоқ жағдайда қалмақтың әйгілі ғалымы Цэнд-Доржи Номихановтан көне түркі бітігін үйренген, докторлық ғылыми еңбегін әзірбайжан тілінде Бакуде қорғаған, фашизмге қарсы соғыста Солтүстік Кавказ, Украина, Шығыс Еуропада болған майдангер Ғ.Айдаровтың өмір жолы өзгеге ешқандай ұқсамайтын өрнек-бедерге ие екенін танытады.

Жеті жұрт келіп, жеті жұрт желіп өткен киелі Маңғыстауда, Емір-Тортыда 1921 жылы 18 маусымда туған ол жеті жасында атамекенінен босып түрікмен еліне Жаңғақтың ойына, Шағадам шаһарына қоныс аударуға мәжбүр болады. Бұл кезде қазақ ауылдарын аштықпен бірге індет жайлап, көп адам ажал құшқан еді. Үріккен елдің алды Иран, Ауғанстанға жетсе, Жем, Сағыз, Ақтөбе бойынан ауған ел Бесқала, Тәжікстан, Өзбекстан өңіріне аяқ іліктіреді. Алапат аштық, зобалаң зұлмат арандай аузын ашып, босқындарды аждаһадай жалмайды. Сол шейіт болғандардың қатарында Ғұбайдолланың әкесі Айдар мерт болып, шешесі Томан да кешікпей өмірмен қоштасып, інісі Тортай екеуі «өлмегенге өлі балық» дегендей, әупірімдеп «детдомға» түсіп, тірі қалады. Алғыр Айдаров 1934-1935 жылдары Түрікмен КСР-інің Ташауыз қаласы педагогикалық училищесінің дайындық бөлімінде білім алып, 1935-1937 жылдары Красноводск қаласындағы Бауман атындағы техникумында оқиды. Ол 1937-1938 жылдары Мары қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдап, еңбек жолын ауылдағы жетіжылдық мектепте мұғалім ретінде бастайды. Ақыры 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, 1944 жылға дейін жаһандық соғыстың қан майданында от кешеді. Туған інісі Тортай майданда қаза табады. Осылайша Айдар әулетінің ошағының отын өшірмей, қаусап қалған шаңырағын қайта тіктеу тауқыметі оның иығына түседі. Бұл тағдырдың ауыр сынағынан сүрінбей өткен ол Айдар әулетінің ғана емес, бүкіл түркінің қамын жеген ғұлама абызға айналады. Түрікменстан, Қарақалпақстанға зұлмат жылдарда босып барған қазақтардың қайтадан біраз шоғырының атамекеніне оралуына 1958-1970 жылдары тың игеру науқанына еңбек күші қажет деген бағдарды тиек етіп, бейнетқорлықпен қам жасап, ақжолтай көшті бастауы ата дәстүр шежіреге адалдығының, бауырмалдық сезімінің тағы бір айғағы еді.

Соғыста майдангер, бейбіт күнде қаламгер болған ізденімпаз әрі қажырлы ғалымның қаламынан ұзын саны 25 ғылыми зерттеу еңбек, 250-ден астам ғылыми, ғылыми-көпшілік туындылар туған екен. Қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, Ғ.Айдаров еңбектерінде көне түркі ескерткіштерінің мәтіндерін транскрипциялап, оларды лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты талдаған, ескерткіштер тілінің қазіргі түркі тілдеріне, әсіресе қазақ тіліне жақындығын тиянақты зерделеген.

Кеңес Одағында 1926 жылы Бакуде алғаш рет ұйымдастырылған Түркологиялық Бірінші дүниежүзілік конгрестен кейін жаппай қуғын-сүргін басталып, көрнекті ғалымдар тұтастай нәубетке ұшырағаны жас буын мамандардың түркологиямен шұғылдануына ауыр кедергі болған еді. Саясаттың тоңы жібіп 1950 жылдары «жылымық кезең» басталған тұста аштықтан, соғыстан аман қалған жас жігіт Ғұбайдолла Айдаров отандық түркологияның қақпасын батылдықпен айқара ашып, арнайы зерттеулер арқылы көне жазудың сырына бойлаған көрнекті ғалымдардың бірі болады.

Ол соғыстан кейін барлық қажыр-қайратын білім беру саласына арнайды. Қатардағы мұғалімдіктен директорлық қызметке дейін көтеріледі. 1948 жылы денсаулығына байланысты дәрігерлердің кеңесімен жасыл желекті Жамбыл облысына қоныс аударады. Елге келген соң Шымкент оқытушылар институтында оқып, 1949 жылы Жамбыл облысы Свердлов ауданында орта мектеп директоры қызметін атқарады. 1952 жылы ҚазПИ-ді (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) бітіреді. Мұнда Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин секілді алыптардан дәріс тыңдайды. Институттың аспирантурасында оқып жүргенде болашақ жолына қадам басып, көне түркі жазуларына ден қояды. Бұл туралы Ғ.Айдаров өз естелігінде былай дейді: «1956 жылы ҚазМУ-дің аспирантурасын бітіргеннен кейін алғашқы ғылыми еңбегім «Орыс тілінен енген сөздердің қазақ тілінде игерілуі» деп аталатын. Жетекшім Мәулен Балақаев болды. Кейін Қалмақ АССР-ін басқарған көрнекті ғалым Цэнд-Доржи Номиханов сол кездерде Қазақ мемлекеттік университеті мен Ғылым академиясының ғылыми қызметкерлері үшін арнайы үйірме ашып, көне түркі және моңғол жазбалары жөнінде дәріс оқи бастаған еді. Үйірмеге үзбей қатысып, алдымнан жаңа бір ғылыми әлем ашылғалы тұрғанын түсіне бастадым. Өйткені мен қазақ тілімен қатар түрікмен, әзірбайжан сияқты бірқатар түркі тілін түсіне бастаған едім. Зерек шәкірт болсам керек, аз уақытта Орхон-Енисей және көне ұйғыр жазуларының белгі-таңбаларын толық үйреніп, небір қиын жазулардың өзін еркін оқи алатын дәрежеге жеттім. Түркологияның бізге беймәлім болып келген мөлдір бастауы шөліркетіп, сиқырлай арбап, талмас ізденістерге, қажымай еңбектенуге бастады. Мұның соңы «VIII ғасырдағы Тонықұқ ескерткіштерінің тілі және оның кейбір түркі тілдеріне қатысы» деген ғылыми еңбектің жазылуына алып келді. Ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының докторы Ц.Д.Номихановтың жетекшілік етуімен, академик И.А.Батманов пен профессор Ғ.Г.Мұсабаев сынды белгілі ғалымдардың оппоненттігімен кандидаттық еңбек 1959 жылы үздік қорғалды. Сөз орайында Ц.Д.Номинханов туралы аз-кем айта кетейін. Ол 1927 жылдары Ленинградта (Санкт-Петербург) Шығыстану университетінде көрнекті орыс түркологтерінен білім алған. Әлкей Марғұлан, Ісмет Кеңесбаевтармен бірге оқыған, сталиндік куғын-сүргін құрығына ілігіп, Сібірдің де дәмін татқан қайтпас қайсар, терең білімді қайраткер азамат еді. Біздің бағымызға тағдыр оны кейін Алматыға алып келді ғой».

Өткен өмірінен осылай сыр шерткен Ғұбайдолла Айдаров 1959 жылдан Қазақстан Ғылым академиясының Тіл білімі институтында кіші, аға ғылыми қызметкері болады. «Әлі есімде, Тіл білімі институтының ғылыми кеңесінде өткен бір талқылауда марқұм Мәулен Балақаев «Бұл ғылым емес, шатпақ» десе, оны іліп әкеткен марқұм Ісмет Кеңесбаев «Мен – академикпін. Балақаев – мүше-корреспондент. Біз қолдамаған дүниені, қане, қайсың қолдайсың?» деп тұрып алды. Шынын айтсам, мен сол сәтте еш ренжіген жоқпын. Байсалды кейіппен: «Бұл жұмыс өз орнын табады деген үміттемін. Ғылыми жұмысты одан әрі дамытамын» дедім де, шығып кеттім. Текке тәжікелесіп, босқа арамтер болатын не жөнім бар? Кеңес заманының «ойыны» бөлек еді ғой. Оның үстіне көне түркі жазуларының бір білгірі Сергей Ефимович Маловтың мен туралы көзі тірісінде айтқан: «На Востоке очутился казачонок. От него можно кое-что ожидать» деген сөзіне кәдімгідей қанаттанып, сенімім әбден орнығып, талабым ұлғайып жүрген кез. Сыртымнан айтылып жүрген сан түрлі сыпсың сөздерге мойымай, жатпай-тұрмай еңбектенудің нәтижесінде докторлық жұмысымды қайтадан сүзіп, сын көзіммен өткізіп шықтым да, колтығыма кысып алып: «Баку, қайдасың?» деп тартып кеттім. Әзірбайжан мемлекеттік университеті және осы республиканың Ғылым академиясында жасалған хабарламаларым жылы қабылданып, бірден қорғауға жіберілді. Иә, сөйтіп, 1974 жылы докторлығымды әзірбайжан тілінде қорғаған қазақпын мен».

Ғұбайдолла Айдаровтың ғылыми зерттеулерінің маңыздылығы мен құндылығын бүгінгі әлемдік түркология мен көне түркі бітіктану саласының жетістіктері деңгейінен сараптауға да болар. Алайда, осыдан 50 жыл бұрынғы зерттеулер мен қазіргі зерттеулер аралығында жер мен көктей айырмашылықтар бар. Мәселенің өзектілігі де сол, оны V-X ғасырларда Еуразиялық кеңістікте құдіретті алып Түркі мемлекетінің тарихына қатысты төлтума жазба мәдениетін зерттеудің жолында «коммунистік идеологияның кесір-кесапатына» қарамастан, батыл ерлікпен қадам басқан алғашқы қазақстандық түркологтің бастама еңбектерінің бірі деп бағалауға болады.

Ғұбайдолла Айдаровтың еңбектерінде түркологияның лингвистикалық, атап айтқанда, морфологиялық, лексикалық, фонетикалық қыр-сырларын айқындауға, қазіргі түркі тілдерімен байланыстарын ашуға ерекше көңіл аударылды. Әлбетте, Ғ.Айдаров өзінен бұрынғы зерттеушілердің еңбектерінен хабардар болды. Айталық, түркиялық ғалым Хусейн Намык Орхун, В.В.Радловтың көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысты ғылыми еңбектерін толық көшіріп, түгелімен қазіргі түрік тіліне аударып, 1936-1941 жылдары жариялады. Ал бүкіл ресейлік түркологияның көне түркі жазба ескерткіштері жайында үстелдегі бірден-бір хрестоматиялық оқу құралына айналған әйгілі түрколог С.Е.Маловтың «Көне түркі жазба ескерткіштері» атты іргелі еңбектері (1926, 1936, 1951, 1952, 1959 жылдары жарыққа шығарды) де бар еді.

С.Е.Маловтың да түркі тілдерін топтастырғанда «тірі тілдер» және «өлі тілдер» деген «жасанды» шарттарды, оған қоса «көне тілдер» (оғұз, ұйғыр, тофа, тыва, хакас, шор), «жаңа тілдер» (әзірбайжан, құман, қыпшақ, түркі, түркімен, т.б.), «жап-жаңа тілдер» (башқұрт, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, құмық, ноғай, татар, ойрат, чуваш, якут) қойған болатын. Бұл түркологияда тарихи-лингвистикалық дәстүрлі сабақтастықтарды жоққа шығарған «идеологиялық мәселе» болатын. Сондықтан да белгілі қазақ ғалымы Сәрсен Аманжолов «Ежелгі түркі жазба ескерткіштері және олардың қазіргі түркі тілдеріне қатысы қандай?» деген өзекті мәселелерді көтерген еді.

Сайып келгенде, көне түркі жазуына әрі сол ежелгі тілде сөйлеушілерге «жап-жаңа тілдер өкілдерінің қатысы жоқ» деген кеңестік шовинистік пиғыл, астыртын шектеу бүркемеленіп жатқан еді. Сол себептен Қазақстанда түркология саласының, әсіресе жазба ескерткішті оқитын мамандар даярлауға мәскеулік билік рұқсат бермей келген еді, тіпті ескерткіштерге барып көзбен көріп зерттеуге мүлдем тыйым салған еді. Бұл бөгеттерге қарамастан, ағысқа қарсы жүзген Ғ.Айдаровтың «Тониукук ескерткішінің тілі және оның қазіргі кейбір түркі тілдеріне қатысы туралы» атты ғылыми кандидаттық диссертациясы «өлі тілдерді» тірілткен алғашқы қадам, байыпты талдау болатын.

Осы саланы кеңейтіп, докторлық диссертация етіп «Енисей-Орхон және Талас ежелгі түркі жазбасы тілінің лексикасы» атты тақырыпта түркологияның дәстүрі үзіле қоймаған, әйгілі Түркологиялық бірінші конгресс өткен, кейіннен 1970 жылдардан «Советская тюркология» журналы жарық көре бастаған Әзірбайжан астанасы Баку қаласында әзери тілінде қорғап шығады. Ресми оппоненттері Әзірбайжан ҒА-ның корреспондент-мүшесі А.М.Демирчи-Заде, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Э.И.Фазылов, М.А.Хабичев, Т.И.Гаджиев бастаған ғалымдар ғылыми еңбекке жоғары баға береді.

Ғ.Айдаров түркология туралы айтқан сұхбаттары мен естеліктерінде «Біз осында… менің зерттеу салам бойынша үш-ақ адамбыз. Ал бұл жастарды ойланту керек емес пе?!» деуі осы салаға мамандар аса қажеттігін ескерткен дабылы еді. Қазақстандық «рунологтер» қатарында Алтай Аманжолов, Адай Есенқұлов сынды саусақпен санарлық қана ғалымдар көне түркі жазбаларын зерттеуді нысан еткені белгілі.

Ғ.Айдаров көне түркі жазбаларына қатысты «Язык Орхонского памятника Бильге-кагана» (1966), «VIII ғасырдағы көне түркі жазулы Орхон ескерткіштерінің тілі» (1971), «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» (1986), «Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі» (1991), «Күлтегін ескерткішінің тілі» (1995) сынды он шақты монографиялық және жоғары оқу орындарына арналған бірнеше оқулықтардың, 250-ден астам зерттеу мақаланың авторы. Ол ЖОО-да оқытылатын студенттерге арнап көптеген оқу бағдарламасы мен оқу құралын дайындап жариялаған, ғылыми еңбектерінде көне түркі ескерткіштерінің мәтіндерін қазіргі графика бойынша транскрипциялап, олардың тілін лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты талдаған, ескерткіштер тілінің қазіргі қазақ тіліне жақындығына жіті назар аударып зерттеген ғалым.

Еңбек жолын Түрікменстанда ұстаздықпен бастаған педагог ғалым тәлімгерлікті ұлағаттылықпен ұштастырғаны байқалады. Оның жоғары оқу орындарына арнап түрлі бағдарламалар мен оқу құралдарын жазуы жастардың талабын ұштауға деген қолғабысы еді. Көне түркі жазуы жайында Түрікменстан, Башқұртстанда жастарға дәріс оқып, жас буынға баба мұраны насихаттауға айрықша ден қояды. 1967 жылы Түрікмен жоғары оқу орындарының филология факультеттері үшін «Ежелгі түркі жазба ескерткіштерін зерттеп, оқып үйрену курсының программасын» жазады. 1968 жылы Түрікмен мемлекеттік университетіне арнап Ғ.Айдаров, М.Хыдыровпен бірге түрікмен тілінде «Орхон-Енисей ядыгерликлериниң дили» деген оқулық жазады. Бұл кітаптың ғылыми маңызы туралы филология ғылымдарының докторы С.Куренов, А.Нұрмұхаммедовтер «Яш коммунист» газетінің 1969 жылғы 1 ақпандағы нөмірінде көлемді мақала жариялап, жоғары баға береді. Оның бұл саладағы еңбектері бағаланып, Түрікменстан мен Қазақстанның білім беру ісінің үздігі белгісімен марапатталады.

Жалпы, Ғ.Айдаров туысқан Түрікмен елін екінші анасындай санап, рухани байланысын өмір бойы үзбеуі – нағыз бауырмалдықтың көрінісі. Ол соғыстан кейін Шағадам өлкесінде шығатын «Жұмысшы» газетінде редактор болғанда түрікменнің даналарын қазақтарға танытуға тиянақты үлес қосады, бір ғана Мақтымқұлы Пырағы туралы отызға жуық мақала жазады. Түрікмен классиктері Даулет-Мамед Азади, Кемине, сонымен бірге «Шахсенем-Ғаріп» дастаны туралы, түрікменнің жаңа дәуір әдебиетінің көрнекті өкілдері Б.Кербабаев, Б.Сейтаков т.б жайында танымдық мақалалар жазады. Түрікмен жазушысы Ақмұрат Сарығұлыевтің «Зөхре» әңгімесін аударады. Ғалым 1966 жылы түрікмен халқының 53 ертегісі енген «Түрікмен ертегілері» кітабын аударып қазақ тілінде бастырады. Көзкөргендер естелігінде Алматыдағы Ғ.Айдаровтың үйінің төрі түрікмен зиялыларынан босамаса, түрікмендер төрін Ғ.Айдаровқа ғана берген деген сөз тегін емес. Ғұбекеңнен Сейілхан мен Жайылханның шежіресін суыртпақтап сырлас болған түрікменнің белгілі ғалымы, ақын Ахмед Мәммедов былай деп жыр толғапты:

Ғұбайдолла үйіндемін, төрлет, жігіт, бөгелме!

Жайылхан кім, Сейілхан кім деп сұраса егер де,

Жайылхан – сен, Сейілхан – мен, жауап бір,

Тұрма былай! Қонақ жігіт, іркілместен төрге жүр.

Түрікмендердің текеметі төсеулі екен жағалай,

Пәк көңілмен төрге өрледім, ата салтын бағалай…

Жайылхан мен Сейілхандар айырылысқан сәттегі,

Сезілгендей жүректердің қимас сезім, әттеңі!

Қуғын-сүргін зұлматты, аштық пен қанды соғысты көрген Ғ.Айдаров бауырлас түркі елдерінің тәуелсіздігіне де куә болып, шуаққа бөленеді. Азаттықтың ақ таңы атқан соң да ардагер ғалым ғылыми жұмыстарын пәрменді жалғастырады. Соның нәтижесі – «Орхон ескерткіштерінің тексті» (1990), «Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі» (1991), «Күлтегін ескерткішінің тілі» (1995), «Білге қаған ескерткішінің тілі» (1996) деген іргелі еңбектер. Осы ретте Халықаралық Түркі академиясы тарапынан ғылыми-танымдық маңыздылығын жоғалтпаған Ғ.Айдаровтың «Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VIII века» атты құнды еңбегін баспаға әзірлеп, қазіргі түркологиялық жетістіктермен байытып, жаңадан басып шығарды. Әйгілі түркологтің «Күлтегін ескерткішінің тілі», «Түрікмен ертегілері» секілді құнды мұралары өз кезегінде жарияланатын болады. Түгел түркінің түпкі жазуына бойлаған, түркологияға түрен салған тарланбоз ғалымның өшпес мұрасы жалғаса береді.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

egemen.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button