Жаңалықтар

Бір айда қысқы мал азығының 30 пайызы дайындалды

Биыл еліміздің көп бөлігінде қуаңшылық болып тұр. Сол себепті облыстағы шаруалар қуаңшылықтың зардабын тартамыз ба деп алаңдаулы.

Алайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары биыл өңірде жемшөп пен жайылымның жайы бірқалыпты екенін айтады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, бүгінгі таңда облыста ауыл шаруашылығы мақсатына бекітілген 26 970,2 мың гектар жер бар. Оның ішінде жайылым жер көлемі 25 294,1 мың гектар болса, 464,6 мың гектары — шабындық жер.

  • Биыл өңірімізде мал азығын дайындауға қатысты жұмыстар маусым айында басталды. Жалпы облыс бойынша 1 миллион 700 тоннадай шөп керек болса, біз биыл бұл көлемді 1,5 есеге арттырып, қысқа 2 миллион 270 тонна шөп шабуды жоспарлап отырмыз. Қазір бір айда бұл бағыттағы жұмыстардың 30 пайызы орындалды. Өкінішке қарай, биыл шөптің шығымы төмендеу, былтырғыдан қарағанда шөп сұйықтау. Мәселен, биыл шөптің шығымы бірқатар аудандарда гектарына 2 центнер, кейбіреуінде 2,5-3 центнер болады деп жоспарлап отырмыз. Аудан әкімдеріне тапсырма берілді.

Биылғы жылдың ауа райының ерекшелігін және көршілес өңірлерде болып жатқан қуаңшылықты ескере отырып, мал азығын дайындау барысында уақытты және қолда бар мүмкіншіліктерді барынша тиімді пайдаланып жатырмыз. Сондай-ақ қазір көрші өңірлерге қолдау көрсетіп жатқан шаруаларымыз да бар, — дейді ол.

Бүгінгі күні облыста Қобда, Байғанин, Темір аудандары көршілес Маңғыстау, Қызылорда облыстарына көмек беріп жатыр. Мәселен, маңғыстаулықтарға Қобда, Байғанин, Әйтеке би, Темір, т.б. аудандардан мал азығын дайындауға мүмкіндік жасалуда. Жергілікті шаруалар бұл өңірлерге шөпті шабындықтың басынан сататын болды.

Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы Қызылорда, Атырау облыстарымен шектесетін аудандарда соңғы 2-3 жылда жауын-шашын болмауы себебінен жерлердің 3/1 бөлігі тозған. Осы орайда биыл «Жайылымдар туралы» ҚР Заңының 13-бабы 2-тармағына сәйкес «Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар» және «Жайылымдарды геоботаникалық зерттеп-қарау негізінде жайылым айналымдарының схемасы» жайылымдарды геоботаникалық зерттеп-қараудың жай-күйі туралы мәліметтерді ескере отырып, жайылым жерлерді тиімді пайдалану көзделген.

— Ол үшін қолда бар малды бір жерде ұзақ жыл бақпай, жайылым жерлерді кезекпен орнын ауыстырып отыру, мемлекет меншігінде бос жатқан жерлерді уақытша пайдалану, шабуға жарайтын қосымша жерлерді анықтау керек. Қазіргі уақытта облыстың он бір ауданында 2021-2022 жылдарға арналған жайылым айналымдарының схемасы әзірленіп, әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтті. Олардың қатарында Әйтеке би, Алға, Байғанин, Ырғыз, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Хромтау, Шалқар аудандары бар, — дейді ол.

Өткен жылы облыста шаруалар бір бума шөпті 5 мың теңгеге сатты. Биыл да шөп бағасы осы шама болады дейді басшылар. Дегенмен нақты бағаны шөп дайындаған шаруалар қоятыны анық. Ең бастысы, қарапайым тұрғындарға мал азығы жетсе болғаны.

Айта кету керек, биыл Мәртөк, Қарғалы ауданындағы шаруалар шөптен бөлек жоңышқа, түйіршік жем, жүгеріден сүрлем дайындап жатыр. Ірі қара, қой жейтін бұл жемшөп түрлерінің бағасы әлдеқайда арзан. Қазір мұндай мал азығына көрші Маңғыстау, Қостанай облыстарынан тапсырыс көп түсіп жатыр.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button