Басты жаңалықтар

Басты мақсат — экономиканы өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Бейнебайланыс режимінде өткен жиынға Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.

Экономика өсімі қарқынын арттыру — негізгі міндет

Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шара барысында биылғы бірінші жартыжылдықтағы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер анықталатынын айтты.

— Басты мақсат — экономиканы өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру. Індетке және шектеу шараларына қарамастан, ел экономикасы жарты жыл ішінде 2,2 пайызға өсті. Бұл — қуантарлық жайт. Былтыр пандемияның салдарынан ішкі жалпы өнім 2,6 пайызға төмендеді. Біз оны тезірек қалпына келтіруіміз керек. Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралармен және карантиндік шектеулермен бірге әлемдік экономиканың жандануы іскерлік белсенділіктің қайта қалпына келуіне септігін тигізді. Біздің міндетіміз — екінші жартыжылдықта экономика өсімінің қарқынын арттыру, — деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа штамдардың бітпейтін толқындары коронавирустың біздің өмірімізге мықтап енгенін көрсетеді. Мұндай жағдайға бейімделіп, өмір сүруді үйрену қажет. Індет таралған ірі ошақтардың пайда болуын азайту және денсаулық сақтау жүйесіне шектен тыс салмақ түсуіне жол бермеу — өзекті міндет.

— Күрделі жағдайлар мен өлім-жітімді азайту, сондай-ақ ауыр халдегі науқастарды емдеуге баса мән беру керек. Коронавирусқа қарсы күресте өзгеше әдістерді пайдалану тек медициналық аспектілерге ғана емес, бизнестегі шектеу шараларына да қатысты. Мониторинг жүргізу топтарының жұмысын қайта қарап, Ashyq жүйесі сияқты цифрлы шешімдерді белсенді пайдалану қажет. Шағын және орта бизнес қызметкерлерін вакциналау мерзімін науқаншылыққа ұрындырмай, шынайы жүргізу керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент вакциналауға қатысты жалған құжаттар жасау деректеріне назар аударып, оның қоғам үшін өте қауіпті жағдай екенін атап өтті. «Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселеге баса назар аударуға тиіс», — деді Мемлекет басшысы.

— Біз пандемиямен күрестің негізгі жолы вакциналау екенін түсінуіміз қажет. Бұл — айқын нәрсе. Үкімет еліміздегі вакциналау бойынша қазіргі көрсеткіштерді маған баяндады. Алайда ашығын айту керек, бұл жұмыстың қарқыны әлі де мардымсыз. Нақты қадамдар жасау қажет. Түптеп келгенде, азаматтарымыз өздерінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек. Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Ал кейбір жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажет болады. Бұл үшін заңнамалық та, конституциялық та негіз бар. Турасын айтсақ, бұл — әркімнің өз отандастары алдындағы міндеті, парызы.

Сондай-ақ мынадай екі мәселеге тоқталғым келеді. Біріншіден, міндетті екпе салу кезінде асыра сілтеу болмауға тиіс. Медициналық себептерге және белгілі бір жағдайларға байланысты екпе салдырмайтын адамдар бар. Мемлекеттік органдар, әсіресе мониторинг жүргізу топтары осы мәселені ескеруі керек.

Екіншіден, осыған дейін де айттым, вакциналау туралы жалған сертификаттар жасау нарығы пайда болды. Мұндай деректерді тұтас қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп деп түсіну қажет. Демек, жазаға тарту шарасы да қатаң болуға тиіс. Бұл Әкімшілік кодекске сәйкес заңбұзушылық екені айдан анық.

Бірыңғай тестілеу базасының үлгісімен Екпе салудың цифрлы картасын шұғыл түрде іске қосу керек, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар үшін қолжетімді вакцинаны, соның ішінде халықаралық деңгейде мойындалған екпенің көлемін ұлғайту қажет екенін айтты.

— Былтыр мен тиісті тапсырма бердім. Бірақ компанияның Қазақстанға бөлген Pfizer вакцинасын жеткізу ісі тоқтап қалды. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Pfizer компаниясы Қазақстанға биыл мамыр айында 2 миллион доза вакцина жеткізуді жоспарлаған. Үкімет екпе жеткізу ісінің тоқтап қалуын Pfizer қойған бірқатар талаппен байланыстырады. Бірақ аталған шарттар — вакцина сатып алатын барлық ел үшін бірдей стандарт. Жуырда жаңа ұсыныс келіп түсті. Онда бүкіл іс-қимыл алгоритмі қамтылған. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қоюы керек дейді. Егер қажет болса, мұны істеуге дайынмын. Үкіметке, Президент Әкімшілігіне қалыптасқан ахуалды тексеріп, біздің нарық үшін қажетті осы екпенің жеткізілуіне кедергі келтірген лауазымды тұлғаларға қатысты шара қабылдауды тапсырамын. Түптеп келгенде біз азаматтарымыздың өздері қалаған екпені салдыруына мүмкіндік беруіміз қажет. Pfizer вакцинасына қолжетімділік мәселесін қысқа мерзім ішінде шешу керек, — деді Президент.

Мемлекет басшысы коронавируспен күрес кезінде денсаулық сақтау көрсеткіштері күрт нашарлап кеткендігін, атап айтқанда, аналар өлімі — үштен бірге, жүрек ауруларынан қайтыс болу 40 пайызға ұлғайғандығына назар аударды.

— Бұған әсіресе жансақтау және жедел жәрдем бөлімшелерін жарақтандырудың деңгейінің төмендігі әсерін тигізіп отыр.

Денсаулық сақтау ұйымдарын қажетті жабдықтармен жедел қамтамасыз етуге көбіне басы артық бюрократтық процедуралар мүмкіндік бермейді. Медицина өнімдерінің сараптамасы мен тіркеуіне жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері тән болып отыр. Жарақтандыру деңгейінің төмендігіне сондай-ақ жабдықтар бағаларының арасындағы қисынсыз үлкен алшақтық әсерін тигізуде. Бір бұйымның әр өңірдегі, ал кейде бір өңірдегі клиникалардың өзіндегі бағасы бір-бірінен тым өзгешеленіп тұрады. Мысалы, жүректің жасанды қан жолы тетігінің бағасы 165 мыңнан 600 мың теңгеге дейін бағаланады, ал қан тамыры стенттерінікі 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейін. Дәрілік заттар сияқты медициналық жабдықтарды сатып алуды да орталықтандыруға тура келетін болар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, пандемия білім сапасына теріс әсерін тигізді. Сондықтан өткен оқу жылындағы жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, жаңа оқу жылында көштен қалып қоймауымыз керек.

— Мұның бірден-бір жолы — оқытудың бұрынғы форматына көшу. Үкіметке жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Коронавирустың жаңа штамдары пайда болып жатқан кезде бұл міндетті орындау оңай емес екенін түсінемін. Сол себепті оқушылар мен мұғалімдерді барынша қорғайтын кешенді тәсіл әзірлеу қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе ретінде биыл күзде елімізде үшінші Ұлттық халық санағы өтетіндігіне тоқталды.

— Бұл санақ індетке байланысты күрделі кезеңде өтетін болды. Сондықтан Үкіметке, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұлттық санақты белгіленген мерзімде сапалы өткізуді тапсырамын. Бұл ретте санақ жүргізетін қызметкерлердің бәрі вакцина алып, қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуге тиіс, — деді Президент.

 

Азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеу қажет

Президент дағдарысқа қарсы қабылданған шараларға байланысты қаржының тым көп салынуы және жеңілдетілген ақша-несие саясаты инфляцияның қарқынын күшейтіп жіберді деп санайды. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымдарының мәліметі бойынша азық-түліктің әлемдік бағасы 40 пайызға өскен. Бұл — он жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Осындай жағдайда еліміздегі инфляция деңгейі бірінші жартыжылдықта 7,9 пайызға жетті. Азық-түлік бағасының қымбаттауы аса өзекті проблемаға айналды. Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан еліміздің осал тұстарын айқындап берді.

— Отандық ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ете алмауына қатысты айтылып жатқан сын өте әділ. Өндірістік шығындардан бөлек, маусымдық қымбатшылық пен делдалдық әрекеттердің ашық болмауы баға белгілеудің негізгі факторлары болып табылады. Аты айтып тұрғандай, тасымалға маусымдық болжам жасауға болады. Демек, оны реттеуге де болады деген сөз. Аталған мәселені шешудің жолы — келесі маусымға дейін өнім сақтайтын заманауи әрі қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру. Көкөніс сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жөнінде бірнеше рет тапсырма берілді. Бірақ жағдай жақсарған жоқ. Бұл проблеманы жүйелі шешу керек. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, көкөніс сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Осы мақсатты қолдау үшін біздің көптеген бағдарламаларымыздан қаржы бөліңіздер, — деді Мемлекет басшысы.

Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұрудың қазіргі тетіктерінің тиімділігін бағалау және жаңа әрі тиімді шаралар топтамасын ұсыну тапсырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев нарықты өзіне ыңғайлап алатын, өндірушілер мен тұтынушылардың есебінен үстеме пайда табатын жасырын делдалдардың көбеюіне жол бермеу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, өңірлерде осындай делдалдық әрекеттерді тергеп-тексеру бойынша комиссиялар құру қажет.

Мемлекет басшысы шаруаларды жемшөппен қамтамасыз етуді тағы бір алаңдатып отырған мәселе ретінде атап өтті. Оның айтуынша, ауа райының қолайсыздығынан және болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен ахуал ушығып кеткен. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде 3 мыңға жуық мал қырылып қалған.

— Әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан дұрыс шешім қабылданбаған. Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтуда. Әрине, қуаңшылық — табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл мәселенің бір жағы ғана. Ең алдымен, осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді. Бірақ министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ. Сондықтан осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін.

Үкіметтің төтенше жағдайға арналған резервін пайдаланыңыздар, қажетті көмекті беріңіздер. Жалпы, Республикалық штаб жедел жұмыс жүргізуі керек. Қабылданған шаралардың барлығы фермерлерге анық әрі түсінікті болуға тиіс.

Мына нәрсеге назар аударғым келеді: мемлекет міндетті түрде қажетті көмекті көрсетеді, сондай-ақ шаруалар да ортақ жұмысқа атсалысуы қажет. Ең алдымен, қиындыққа тап болған өңірлерге жемшөпті жедел жеткізіп, малдың қырылуын тоқтату керек. Төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігін қарастырған жөн. Өкінішке қарай, біздің елімізден бөлек, басқа аймақтардағы ауа райы да қолайсыз болып тұр. Соның салдарынан көршілес мемлекеттерде жемшөпке деген сұраныс күрт артуы мүмкін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкімет пен әкімдерге «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл түрде кешенді шаралар әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ жемшөпті елден тысқары жерлерге шығаруға уақытша тыйым салу мәселесін қарастыруды тапсырды.

Мемлекет басшысы құрылыс материалдары мен жылжымайтын мүлік бағасының өсуі байқалып отырғандығын, кейбір позициялар бойынша жыл басынан бергі өсім 100 пайызға жуықтағанын атап көрсетті.

— Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттік құрылыс материалдары нарығына талдау жүргізеді. Тексеріс барысында қазірдің өзінде өзара ымыраласушылық пен бәсекелестікке жатпайтын іс-әрекеттер анықталып жатыр. Агенттіктің оған ден қоюы барынша қатаң болуға тиіс. Менің Әкімшілігім бұл мәселені бақылауда ұстайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жайылымдық жерлерді пайдалану мәселесіне де тоқталды.

— Жалпы, бұл өте күрделі мәселе болып тұр. Негізгі себеп — әкімдіктер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы.

Қазір мал жаю үшін 29 миллион гектар жер қажет. Соған қарамастан, шаруа қожалықтары 33 миллион гектар жерді пайдаланбай отыр.

Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы. Бұл әсіресе Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында айқын сезіліп отыр.

Үкімет пен облыс әкімдері прокуратура органдарымен бірлесіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру ісін қолға алуы керек. Осыған баса мән берген жөн.

Үкімет ғарыштан мониторинг жүргізу тәсілін жетілдіріп, оның ауқымын кеңейтуі керек. Осы маңызды жұмысты Президенттің тапсырмасымен ғана емес, тұрақты түрде атқару керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін де көтерді.

— Бүгінде 700 мыңнан астам тұрғыны бар 1922 ауыл таза ауызсуға зәру болып отыр. Қостанай облысы тұрғындарының 35 пайызы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғындарының 20 пайызға жуығы сапасыз су ішіп отыр.

Суды тұтыну көлемі артқан сайын су инфрақұрылымы да ескіріп бара жатыр. Еліміз бойынша сумен қамтамасыз ететін нысандардың 22 пайыздан астамы тозған.

Атап айтқанда, Алматы қаласында — 58 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында — 42 пайыз, Жамбыл облысында — 36 пайыз, Қарағанды облысында — 34 пайыз.

Жауапсыз кәсіпкерлердің кесірінен ауыл тұрғындары суға мұқтаж болып отыр. Мұндай деректер жиілеп кетті. Өкінішке қарай, бұған жергілікті атқарушы органдар жол беруде.

Мысалы, Түркістан облысында Біркөлік, Екпінді және Қорған ауылдарының тұрғындарына арналған ауызсуды демалыс орындары бассейнді толтыру үшін пайдаланған. Сөйтіп, халыққа су бермей қойған. Бұған тиісті бақылау жасамаған жергілікті билік кінәлі.

Ауызсудың тапшылығына жер қойнауын пайдаланушылардың әрекеті де себеп болып отыр. Кен орындарын игеру кезінде ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отырған өзендер тартылып, бұлақтар сарқылып жатыр. Мұндай жағдайға Батыс Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстары тап болуда.

Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, осындай деректерді түгел анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ болашақта оған жол бермеу үшін бақылау жүйесін әзірлеу қажет.

Тиісті ұлттық жоба аясында сумен қамтамасыз ету мәселелері кешенді түрде шешіледі деп сенемін, — деді Президент.

Мемлекет басшысы елді мекендерді қоқыстан тазарту мәселесіне де назар аударды.

— Бір жыл бұрын мен бейберекет үйілген қоқыс орындарына қатысты жүйелі шаралар қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр.

Кейбір тұрмыстық қалдықтарды көмуге тыйым салып, тығырыққа тірелдік: көмуге де болмайды, арнаулы орындар да жетіспейді. Осы түйткілді шұғыл әрі жүйелі түрде шешу қажет.

Үкіметке рұқсатсыз қоқыс төккендерді анықтау және жазалау шараларын күшейтуді тапсырамын.

Әсіресе құрылыс компаниялары мен қоқыс шығаратын компанияларды жіті бақылауда ұстау қажет. Бұл жұмысқа қоғам өкілдерін және экобелсенділерді тартқан жөн. Телефон арқылы «жедел хабар» желісін іске қосу қажет. Сондай-ақ келіп түскен хабарламаларды шұғыл өңдеп, атқарылған жұмыстың нәтижесі туралы ақпарат беру үшін цифрлы тәсілдерді қолдану керек.

Бұған қоса Үкімет әкімдермен бірлесіп, ірі көлемді және құрылыс қалдықтарын заңды түрде шығаруға қажетті жағдай жасауға тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тұрғындардың нақты әрі номиналды табысының өсімі азайып, табыс түрлеріндегі өзгерістер де көңіл көншітпейтінін айтты. Сондай-ақ Президент зейнетақы, жәрдемақы және шәкіртақы сияқты әлеуметтік трансферттер артқанымен, еңбек табысы азайып бара жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытта шұғыл әрі ауқымды шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шаралар еңбек табысы мен кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін табысты арттырып, көлеңкелі экономиканың ауқымын азайтуға және басқа да бастамаларды қамтуға тиіс.

— Ауылдың ахуалына баса назар аудару қажет. Менің тапсырмам бойынша Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі қанатқақты жоба жүзеге асырылды. Нәтижесі жаман емес — ауыл шаруашылығы өнімін өндіру екі есе артты, мал басы 24 пайызға өсті. Жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, тіркелмей өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны азайды. Үкімет бұл жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігін қарастыруы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, жол жөндеу жұмыстарының сапасына байланысты айтылатын сындар орынды. Бұл әсіресе ақылы жолдарға қатысты өзекті болып отыр.

— Жуырда алысқа жүк тасымалдайтын жүргізушілер наразылық білдірді. Ақылы жолдарды енгізу — әлемдік тәжірибеге сай дұрыс шешім. Алайда біз сияқты жер көлемі үлкен елде тек бюджет есебінен жол салу мүмкін емес. Оның үстіне Қазақстан жүк тасымалынан пайда табуы керек. Бірақ ол үшін сапалы жолдар салынып, жол бойында жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі керек. Бизнес пен азаматтар жол инфрақұрылымының жаңа сапасын сезінуі қажет. Үкімет аталған мәселені ерекше бақылауға алғаны жөн, — деді Мемлекет басшысы.

Президент Энергетика министрлігі мен «Самұрық Қазына» қорына, соның ішінде «Қазмұнайгаз» компаниясына жанар-жағармай нарығына ықпал ететін мұнай өңдеу зауыттарындағы ахуалды қатаң бақылауға алуды, сондай-ақ Үкіметке Қормен бірлесіп, Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспардан тыс тоқтап қалуына байланысты жағдайға кінәлілерді жауапқа тарту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Қаржылық мониторинг агенттігі мен Есеп комитеті қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында қаржыны жылыстатуға байланысты астыртын әрекеттердің бар-жоғын тексеріп, оның нәтижесі туралы қыркүйектің басында есеп беруге тиіс.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы туралы айтты. Мемлекеттік қызметшілер еліміз үшін осындай сын сағатта жұдырықтай жұмылып, батыл қадамдарға барып, өздерінің қарым-қабілеттерін көрсетіп, шұғыл шешімдер қабылдауы қажет екенін мәлімдеді.

 

Экономикада оң серпін бар

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин биыл бірінші жартыжылдықта Үкімет экономиканы қалпына келтіру және оны оң әрі орнықты өсу серпініне шығару, халық пен бизнеске қажетті қолдау көрсету жұмыстары жайлы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі жаңа болмыста экономиканы ынталандырудың барлық құралын кешенді түрде пайдалану экономикалық белсенділікті қолдауға мүмкіндік берді.

— Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры сынды халықаралық ұйымдар биыл әлемдік экономиканың қалпына келу қарқыны жоғары болады деп жоспарлап отыр. Осы тұрғыдан тауар нарықтарындағы бағалар өсуде. Жыл басынан бері мұнай 44%-ға қымбаттап, барреліне 73 долларға дейін жетті. Металл бағасы да өсті.

Жаһандық және өңірлік өндірістік пен сауда байланыстарының бұзылуына климаттық жағдайлардың өзгеруіне байланысты соңғы 10 жылда азық-түліктің әлемдік бағасы қарқындап өсуде. Маусым айының қорытындысы бойынша азық-түліктің әлемдік бағасы шамамен 34%-ға өсті, — деді Үкімет басшысы. Ол әлемдік инфляцияның өсуі, қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық, сондай-ақ вирустың жаңа мутацияларының пайда болуы жағдайында жаһандық экономикадағы белгісіздік жоғары деңгейде қалып отырғанын да тілге тиек етті.

Дер кезінде қабылданған шаралар нәтижесінде биыл сәуірде экономиканың өсу қарқыны былтырғы наурыз айынан бері тұңғыш рет оң нәтиже беріп, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 2,2% болды.

— Инвестициялар тартудың нысаналы бағыттарының өзгеруі кен өндірмейтін салалардағы инвестициялық белсенділіктің жоғары болуын қамтамасыз етуде. Нәтижесінде негізгі капиталға инвестициялар 23,9%-ға өсті. Халықтың нақты кірісі, инфляцияны шегергенде қаңтар-мамырда 1,7%-ға ұлғайды, — деді А.Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, жылдық инфляция 7,9%-ды құрады. Инфляцияны жеделдеткен негізгі фактор — азық-түлік тауарлары бағасының өсуі.

— Сыртқы нарықтардағы ахуал тұрақтанып келе жатқандықтан, импорт алмастыру және экспортты дамыту бойынша қабылдап жатқан шаралар биыл алғашқы 5 айда сауда балансынын оң сальдосын 7 миллиард доллар деңгейінде сақтауға мүмкіндік береді. Сыртқы сауда айналымы 36,4 миллиард доллар деңгейінде қалыптасты. Экспорт көлемі 21,7 миллиард доллар, ал импорт көлемі 14,7 миллиард долларға жетті. Ал өңделген тауарлар экспорты 23,4%-ға өсіп, 7,2 миллиард долларға дейін жетті.

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік бюджет кірістері жоспарға қатысты 107,5% орындалды. Ал республикалық бюджет кірістері — 101%, жергілікті бюджеттер 120,3% орындалды.

Мемлекеттік бюджет шығыстары жоспарға қатысты 99,6% орындалды. Республикалық бюджет шығыстары — 99,9%, ал жергілікті бюджеттер 99,6% орындалды.

Пандемия жағдайында нақты сектор экономиканың тұрақтылық факторына айналып, өзінің бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Өңдеуші сектордың 5,6%-ға өскенінің арқасында өнеркәсіптің оң өсу қарқыны 1,5% деңгейінде қамтамасыз етілуде.

Фармацевтикалық өнім — 31,1%, машина жасау — 22,1%, оның ішінде автомобиль жасау — 32%, вагондар мен локомотивтер — 37,5%, құрылыс материалдары — 19,5%, киім 19,5% және жиһаз өндірісінде 19% пайыз деңгейінде серпінді өсу қамтамасыз етілді, — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы келтірген деректерге сәйкес ОПЕК плюс келісімі бойынша міндеттемелерді орындау аясында мұнай өндірудің 5,3%-ға қысқаруына байланысты тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі серпіннің 3%-ға шектелуі байқалды.

— 2004 жылдан бері алғаш рет экономика құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібінен асып түсті. Құрылыс секторында жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өсім 11,9% болды.

6,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,3%-ға жоғары. Ауыл шаруашылығындағы 3,2% деңгейіндегі өсім мал шаруашылығындағы өндіріс көлемін 3,4% ұлғайту есебінен болып отыр, — деді А.Мамин.

 

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы артады

Үкімет басшысы кеңейтілген отырыста 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 4,4 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы тартылғанын атап өтті.

— Биыл алдымызға өршіл міндет жүктеп отырмыз. Ол — негізгі капиталға инвестиция көлемін ІЖӨ-нің 20 пайызына дейінгі деңгейге, тікелей шетел инвестициясын 19 миллиард долларға жеткізу. Жартыжылдықтың қорытындысында өңірлердің басым бөлігінде жоғары инвестициялық белсенділік байқалады. Ең үздік көрсеткіш Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сонымен қатар Алматы қаласында. Төмендеу Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында тіркелді, — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының атап өтуінше, тұтастай алғанда негізгі капиталға инвестиция көлемі осы жылдың 6 айында 5,2 трлн теңгені құрап отыр. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижесінде тікелей шетелдік инвестицияның көлемі 4,4 млрд долларға жетіп, 10 пайызға өскен.

Ауылдық жерлерде тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 2021 жылы 480 ауыл жаңғыртылады. 106 млрд теңгеге 1140 жобаның іске асырылуы жоспарланған.

Жобалардың басым бөлігі Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында қолға алынбақ. Үкіметтің экономиканы сапалы цифрландыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатқаны да мәлім болды.

— Интернет трафигі 2020 жылы 6 800 петабайт болса, есепті кезеңде 132 пайызға артып, 15 800 петабайтқа дейін өсетін болады. Азаматтар смартфон арқылы алатын қызметтердің түрлері 3 есе өсіп, 150 қызметті құрайды.

Жыл соңына дейін әлеуметтік қызметтер 100% проактивті форматта берілетін болады. Жоспарланған шараларды іске асыру нәтижесінде, биыл қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 80%-ға дейін ұлғайтылады. Нарықта 150 жаңа стартап жұмыс істемек. Датаорталықтарды дамытуға 88 миллиард теңге инвестицияланады, — деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту үшін биылғы жылдың соңына дейін 1015 мектеп жаңғыртылып, 200 мектептің құрылысы аяқталмақ. 14,3 мың орынға арналған 48 жатақхана пайдалануға беріледі.

— Ғылымды дамыту мақсатында ғалымдардың тағылымдамасы үшін 500 грант, ғылыми жобалар үшін 1000 грант беріледі. 535 колледж, 5,5 мың кәсіпорын мен ұйымдар дуальды оқытумен қамтылады, жалпы студенттер саны — 58 мың, — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы педагогтер мен денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы көбейтілетінін мәлімдеді.

— Бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру биыл да жалғасатын болады. 600 мың педагогтің жалақысы 25 пайызға, 247 мың медицина қызметкерінің еңбекақысы біліктілік деңгейіне байланысты 20-дан 30 пайызға дейін көтерілуі қамтамасыз етіледі, — деді Премьер-Министр.

— Үкімет басшысының мәлімдеуінше, әлеуметтік қызметкерлердің, нақты айтқанда, 21 мың адамның лауазымдық жалақысы 50 пайызға артады.

Үкімет биылғы жылы бірқатар нысаналы көрсеткішке қол жеткізу үшін белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл — экономиканың өсу деңгейін 3,7-4% аралығында қамтамасыз ету. Осы ретте 8 трлн теңгеге 415 инвестициялық жобаны іске асыру, 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ауызсумен қамту да басты назарда, — деді Асқар Мамин.

 

Вакцина салдырудың оң әсері бар

Бұдан кейін Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев сөз алып, елдегі қаржылық ахуалға қатысты бірқатар маңызды мәліметпен бөлісті.

— Жыл басынан бастап, жекелеген тұтыну нарықтарындағы теңгерімсіздік нәтижесінде инфляция 2021 жылғы маусымда 7,9 пайыз болды. Орта мерзімді перспективада инфляцияны тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк наурызда монетарлық негіздерді күшейтуге, қаржы нарығын дамытуға және экономикада құрылымдық реформалар жүргізуге бағытталған ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын бекітті.

Макроэкономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк биылғы бірінші жартыжылдықта ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етті. Сіздің тапсырмаңыз бойынша «Жұмыспен қамту — 2021» жол картасын іске асыруға қосымша 200 миллиард теңге бөлінді. Ұлттық қор мен зейнеттік қор активтері бойынша оң кірістер қамтамасыз етілді. Қаржы секторын цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жалғасады, — деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ Ұлттық Банк төрағасы елімізде және жалпы әлем бойынша вакцина салудың қарқын алуы экономиканың өсіміне оң әсер ете бастағанын атап өтті. Осыны ескерген Еуропа қайта құру және даму банкі де Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсуі жөніндегі болжамын жақсартқан.

Ұлттық Банк төрағасының айтуынша, келесі жылы инфляция деңгейі бұрынғы қалыпқа қайта оралмақ. Елімізде базалық мөлшерлеме өткен жылғы шілде айынан бастап 12 ай ішінде 9 пайыз деңгейінде сақталған.

«Биылғы маусым айында азық-түлік бағасының 10,6%-ға өсуіне және бірінші кезекте көкөніс өнімдері бағасының айтарлықтай өсуіне байланысты инфляция 7,9%-ға дейін жеделдеді. Бағаның күрт өсуі жағдайында Үкімет, Ұлттық Банк және жергілікті атқарушы органдар үшін осы жылдың екінші жартысында азық-түлік инфляциясын тежеу — басты басымдық», — деді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар Ұлттық Банк төрағасы бірінші жартыжылдықта Ұлттық қордың кірісі 2,6 пайыз болғанын атап өтті. Атап айтқанда, Ұлттық қордың активтері бюджетке 2,1 трлн теңге сомасында трансферттер бөлу есебінен 57,5 млрд долларға дейін төмендеген. Осы уақыттағы түсім 942 млрд теңгені құраған.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов елдегі эпидемиялық ахуал туралы есеп берді. Оның айтуынша, «Дельта» штамының елімізде тіркелуіне байланысты Үкімет эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша кешенді алдын алу шараларын қабылдады.

— Біріншіден, денсаулық сақтау жүйесінің барлық ресурсы жұмылдырылды. Материалдық-техникалық жабдықтар, дәрі-дәрмектің екі айлық қоры, кадрлық резерв дайындалды. Екіншіден, қалыптасқан эпидемиялық ахуалға байланысты барлық өңірлерде карантиндік шаралар қатаңдатылды. Үшіншіден, бүгінде 32 мың инфекциялық төсек-орын бар, оның 37 пайызы қолданыста. Дегенмен ең күрделі жағдай Нұр-Сұлтанда, кеше қалада қосымша төсек-орындар ашылды. Қабылданған шараларға қарамастан, мұнда инфекциялық орындардың 62 пайызы, реанимациялық орындардың 85 пайызы науқастарға толып отыр. Оның себебі — елордада соңғы айда науқастану саны төрт есе ұлғайды, — деді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, барлық өңірде, оның ішінде Алматы, Шымкент қалаларында, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарындағы жағдай қатаң бақылауда. Эпидемиялық ахуал ушыға түскен жағдайда қосымша 50 мың төсек-орын қоры дайын.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan» газеті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button