Жаңалықтар

Ардагерлер ұйымының жиыны өтті

Облыстық ардагерлер ұйымының мүшелері жастарға рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беру ісін жандандыра түсуді көздейді.

Бұл жөнінде кеше облыстық ардагерлер кеңесінің пленум отырысында айтылды. Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен жиынға түрлі салалар бойынша ардагерлер ұйымдарының жетекшілері мен белсенді мүшелері, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, V және VI шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова және бірқатар облыстық басқармалардың басшылары қатысты.

Күн тәртібіне сай, алдымен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов ұйымның 5 жыл ішінде жасаған істері және биылғы қыркүйек айында өтетін VIІІ облыстық конференцияға әзірлік, алдағы жоспарлар туралы баяндады.

— Бүгінгі ардагерлер екі қоғамда өмір сүріп, еңбек еткен жандар, олар тәуелсіздіктің қадірін жақсы түсінеді. Біз тәуелсіздікті нығайта түсуге өз үлесімізді қосуды көздейміз. Осы тұрғыда қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізу, жастарға рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беру бағытындағы істерді жандандыра түсу қажет. Сондай-ақ жаңа бастауыш ұйымдарын құрып, өз қатарымызды толықтыра түсуді ойлаймыз, — деді Серік Шаңғұтов.

Бүгінгі күні ардагерлер қолға алған игі істің бірі — республикалық «Дәнекер» жобасы. Осы іске облыста 157 ардагер тартылған. Олар медиатр қызметін атқарып, түрлі мәселелер бойынша дауласушы тараптарды сотқа жеткізбей ымыраға шақыруды, татуластыруды көздейді.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов те сөз сөйлеп, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін кеңінен насихаттаудың маңыздылығын атап көрсетті. Ол республикалық ардагерлер кеңесі атынан осы ұйымның алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға белсенді атсалысқан бір топ ардагерлерге марапаттар табыстады. Соның ішінде Кеңес Бірманов, Әлізақ Низамутдинов, Қажымұқан Сәтеновтер ұйымның Орталық кеңесінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, белгілі ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Түрікпенбай Айжарықов, т.б. сөз сөйледі.

Түрікпенбай Айжарықов еліміздің, халқымыздың тірегі — ауыл екенін айта келіп, ауыл жұртына қолдау көрсету мен ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар енгізу бағытындағы жұмыстардың басты назарда болу керектігіне тоқталды және ардагерлерді осы істерді жандандыра түсуге белсенді араласуға шақырды.

Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова ардагерлердің қоғам өміріне жанашырлықпен атсалысатынын атап көрсетіп, оларға алғысын жеткізді:

— Ардагерлер Мемлекет басшысының саясатын қолдап, әсіресе мемлекеттік бағдарламаларды халыққа таныстырып, түсіндіруге зор үлес қосып келеді, — деді Бұлбұл Ораққызы.

Соңынан жиынның күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылданды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button