Жаңалықтар

Қолжетімді тұрғын үймен қамту — партияның басым бағыттарының бірі

Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Ғалымжан Елеуов, Аманғали Бердалин, Зүлфия Сүлейменова облыстық мәслихаттағы әріптестерімен бірге Алға ауданында салынып жатқан жалдамалы коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысын бақылады.  Олар тұрғын үй сапалы салынуы мәселесін көтерді, сонымен бірге тұрғын үйлердің, әсіресе  жетім балаларға қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөліну қажеттігін айтты.

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы негізінде Алға қаласында ауданы 3,5 мың шаршы метр бес қабатты 60 пәтерлі үш жалдамалы коммуналдық тұрғын үй салу көзделген. Қазір  2 үй салынып жатыр.  Бірінші үйдің қабырғалары өткен жылы көтеріле бастады, оған республикалық бюджеттен 256,3 млн теңге, облыстық бюджеттен 26,3 млн теңге қаражат бөлінді. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарына қосымша Ұлттық қордан 134 071,5 мың теңге, облыстық бюджеттен 43 885,0 мың теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарына 67 адам тартылды. Тұрғын үйдің құрылысы қыркүйек айында аяқталуы керек.

Іргетасы биыл сәуір айында қалана бастаған екінші үйдің құрылысын жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Оған ұлттық қордан 460,309 млн теңге, облыстық бюджеттен 108,960 млн  теңге қаражат бөлінді. Мұнда 35 адам жұмыс істейді. Құрылысшылардың  барлығы нысанды тапсыру мерзімін сақтау жауапкершілігін жақсы түсінеді. Өйткені бұл үйлердің құрылысының мерзімінде аяқталуы халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 120 отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Алға қаласында 21 000-ға жуық адам тұрады. 1610  адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Тұрғын үйге сұраныс соңғы 4 жыл ішінде 610 адамға артып отыр.

Іссапар барысында партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Ербол Данағұлов нұротандық депутаттарды партияның Жол картасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Мәжіліс депутаты Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, қазіргі уақытта Мәжіліс қабырғасында балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы талқыланып жатыр. Осы құжатта жалға берілетін коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы мәселесі өзекті болып отыр. Атап айтқанда, заң жобасында ерекше қажеттіліктері бар балалардың, жетім балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқығын қамтамасыз етуге бағытталған нормалар көзделген. Көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету де балалардың тұрғын үйге қатысты құқықтарын қорғауға жанама ықпал етеді. Сондықтан бұл нысан ерекше маңызды.

Депутаттар қабылданған заңнамалық жаңалықтар туралы айтып, сайлауалды бағдарламалардың жергілікті жерлерде қалай орындалатынын, өңірлердің өндірістік, ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыру үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын, халықтың әлеуметтік мәселелері қалай шешілетінін талдады.

Мәжіліс депутаты Аманғали Бердалин жұмыспен қамтудың Жол картасы бойынша қаржыландыру аясында облысқа 5,6 млрд теңге лимит жеткізілгенін айтты. Оның шеңберінде әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша 16 жобаның тізбесі қалыптастырылып, 1182 жұмыс орнын құру жоспарланды. Сондай-ақ  8,4 млрд теңге мөлшеріндегі қосымша лимит нәтижесінде қаржы институттары арқылы шағын және орта бизнеске микрокредит беру бойынша «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен және «Ақтөбе ӘКК» АҚ-мен бірлесіп құрылған микроқұрылым ұйымдарын қаржыландыру жоспарланып отыр.

Жұмыс сапары барысында нұротандықтар Ақтөбе-Қандыағаш жолы және Алға қаласындағы балалар алаңдарының құрылысымен де танысты. Сондай-ақ Nur Otan партиясы филиалында азаматтарды қабылдады.

М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button