Жаңалықтар

Облыста көптілді лагерьлер жұмыс істейді

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында депутаттар облыстық тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырып жатқан жобаларын талқылады.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысы Медет Ысқақовтың айтуынша,  аталған бағытта іске асырылып жатқан бірқатар ұзақ мерзімді жобалардың мақсаты —  Қазақстанда тұратын этностар өкілдерінің ана тілін үйренуіне жағдай жасау.

— Этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептерде этнос өкілдері мемлекеттік және кәріс, украин, татар, башқұрт, әзірбайжан тілдерін оқиды.  Басқарма тарапынан этнос өкілдері мен қазақ және этникалық тіл оқытушыларына әдістемелік көмек көрсетіледі, — деді ол.

Жобаларды қоғамдық этномәдени бірлестіктер орындайды.

Облыс жастары арасында «Атаулар сыр шертеді», «Тіл тазалығын сақтаймыз» секілді акциялар жүзеге асырылып келеді, биыл қыркүйек айында «Сауатты жарнама — тіл тазалығының көрінісі» тақырыбында акция өткізу жоспарланып отыр.

Облыста мемлекеттік және өзге этнос тілдерін оқыту үшін жазғы тілдік лагерь ұйымдастырылады. Көптілді лагерьде басқа ұлттардың балалары қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша тілдік дағдыларын жетілдіреді, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырады, азаматтық белсенділіктерін дамытады. Осы жоба аясында 12-15 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдерінің 60 баласы көптілді жазғы лагерьмен қамтылды.

2019 жылы Алға, Қобда, Мәртөк аудандары бойынша ономастикалық атаулар, сондай-ақ олардың шығу тарихы бойынша ғылыми анықтамалық жарық көрді.

— Үкіметтік емес ұйымдармен де жұмыс одан әрі жалғасады, — деді Медет Ысқақов. Шара барысында баяндама талқыланып, депутаттар тиісті қаулы қабылдады.

                                                                                                          Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button