Жаңалықтар

Тергеу амалдары жүріп жатыр. Мектеп басшылығы қызметінен уақытша шеттетілді 

Кеше облыс әкімдігі ғимаратында ақтөбелік оқушыға зорлық көрсетілген оқиға бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі құрған комиссияның отырысы өтті.

Бірінші боп сөз алған Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев:

— Осы жылдың наурыз айында Ақтөбе қаласындағы мектептердің бірінде кәмелет жасына толмаған балаға қатысты зорлық жасау фактісі орын алған. Соған байланысты кезектен тыс отырысқа жиналып отырмыз.  

Алдын ала дерек бойынша бұл оқиға мектептің әжетханасында болған. 29 наурыз күні оқушының анасы өрескел жағдай туралы мектеп басшылығына шағымданады. Бірақ мектеп басшылығы тарапынан бұған қатысты ешқандай шара қолданылмаған. Осы орайда білім, медицина, әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері белгілі бір заңбұзушылық, соның ішінде зорлық оқиғасына куә болса немесе ол туралы өзгелерден біліп тұрып ешқайда хабарламаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескерте кетсем деймін. Тіптен зорлық дерегі расталмаса да, оқиға туралы құзырлы органдарға хабарлануы қажет. Осы жағдайға байланысты министрлік оқиға кезінде қалыс қалған мектеп директорын қызметінен босатуды тапсырады. Екіншіден, осындай сұмдыққа жол берген мектеп педагогтері арасында зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Артынша зерттеу жұмыстарының соңында жоғарыда аталғандарға қатысты тәртіптік, әкімшілік шараларды қолдану қажет. Төртіншіден, бала мен оның отбасына психологиялық көмек көрсетілуі шарт. Бесіншіден, кәмелет жасына толмағандардың істері жөнінде комиссияның кезектен тыс отырысын өткізу керек, — деді.

Нұр-Сұлтан қаласынан келген тағы бір өкіл — жоғарыда аталған ведомствоға қарасты республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры — ҚР Білім және ғылым министрінің балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Раиса Шер өңірдегі білім саласын сынға алып, жыл өткен сайын Ақтөбедегі балалар арасындағы қылмыстың, соның ішінде зорлық фактілерінің артып отырғанын атап өтті.

— Осы өрескел оқиға туралы хабарлаған журналистерге рақмет. 4 ай бойы оқиға жайында тіс жармаған мектеп әкімшілігінің ісі заңмен қудаланатынын айтқым келеді. Олар бірінші боп дабыл қағуы керек еді. Алайда біз бұны БАҚ өкілдерінен білдік. Сорақысы сол — баланың ата-анасы 29 наурызда арызданса, мектеп директоры оқушының әжесімен тек 25 мамырда ғана кездескен. Бұл — ақтауға келмейтін жағдай.

Біз жайдан-жай келгеніміз жоқ. Зардап шеккен балаға дер кезінде көмек көрсетпегендерге қатаң шаралар қолданылатын болады.

Бас прокуратураның дерегіне сүйенсек, балалар арасында жасалатын қылмыс жағынан Ақтөбе облысы өте жаман көрсеткішке ие. Зорлық оқиғалары да артпаса, кемімей тұр. Соңғы жылдары бұл тіптен үдей түсті. Бұл — ресми деректер. Сондықтан өңірде балаларға қатысты жұмысты қайта қарау керек деп есептеймін. Мәселе шаш етектен. Бірер жыл бұрын осындағы жоғары сынып оқушыларының бір-бірін аяусыз соққыға жыққаны да есте. Бұл бүкіл республиканы шулатты. Жалпы, білім, балалар тәрбиесі бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантарлық емес. Бүгінгі отырыс — соның көрінісі. Ақтөбедегі төтенше жағдай қызметінің жұмысына да сын көп, суға кетіп жатқан кішкентай жерлестеріңіз біршама. Бұның барлығын мен республикалық көрсеткішпен салыстырып, зерттеп барып айтып отырмын.

Қазіргі таңда бақылау жұмыстары басталып кетті. Баланың отбасымен, мектеп басшылығымен кездесу ұйымдастырылды. Мәселе — министр мен құзырлы органдардың тікелей бақылауында. Ешкім де жазасыз қалмайды, — деді Раиса Шер.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қазіргі таңда мектеп директоры, оның орынбасары уақытша қызметінен шеттетілгенін, оқиғаға қатысты тергеу амалдарының жүріп жатқанын баян етті. Құзырлы органдардың шешімінен соң нақтылы шаралар қабылданатын болады.

Жергілікті полиция департаменті, облыстық білім басқармасы, басқа да құзырлы органдардың басшылары қатысқан жиын соңында ешкімнің де, ештеңенің де жазасыз қалмайтыны айтылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button