Басты жаңалықтар

Вагонда тұратындарға  жер телімі берілді

Ақтөбеде ондаған жылдар бойы темір вагондарды паналап келген отбасыларға жер телімі және ақшалай өтемақы берілді.

Қарғалы ауылында осыдан 30 жыл бұрын геолог мамандар үшін қойылған бұл темір вагондарды 77 адам паналап келген. Баспана деген аты ғана, жазда ыстық, қыста салқын. Көгілдір отын кіргізілмеген.

Уақытша пайдалануға арналған тұрғын үйлер соңғы жылдары қирауға шақ қалған. Бұл жердің тұрғындары бірнеше рет жергілікті билік өкілдерінен баспана немесе ақшалай өтемақы беруді сұрап жүгінді.

Жақында Алматы ауданының әкімдігі қала басшылығымен бірлесіп, тұрғындардың жағдайларымен танысты. Нәтижесінде бұл мәселе оң шешімін тапты.

Темір вагондар бұзылып, ондағы 23 отбасыға «Ақжар плюс» бау-бақша ұжымынан жер телімі бөлінді. Сондай-ақ 1,5 миллион теңге көлемінде ақшалай өтемақы (ескі тұрғын үйдің есептік құны) берілді.

Жайнагүл Кәрібаева баспана мәселесінің шешілгеніне дән риза.

— 25 жылдан астам уақыт темір вагонда тұрып келдік. Осында балалық шағымыз өтті. Отбасымда төрт адам бір бөлмеде тұрдық. Мұнда өмір сүру қауіпті еді. Себебі үйлер апаттық жағдайда тұрды. Осы орайда осындағы барлық тұрғындардың атынан облыс әкімі Оңдасын Оразалинге және қалалық әкімдікке ризашылығымды білдіргім келеді, — дейді ол.

 А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button