Жаңалықтар

Көршіге көмек — көптің ісі

Ақтөбелік кәсіпкерлер Маңғыстау облысына тегін шөп дайындап жатыр. Алғашқылардың бірі болып облыстың ірі шаруа қожалықтары атсалыса бастады. Көрші облыстағы жағдайды көріп, бейжай отыра алмаған олар өз шаруа қожалықтарынан мал азығын дайындауға кіріскен. Бір тәуліктің ішінде 1350 орама, 1000 бума шөп жиналған. Бұл 16 шаруа қожалығынан  жиналған  көмек

«Маңғыстауға көмек» атты арнайы қор құрылды. Қордың жетекшісі Орынбай Жолмұратовтың айтуынша, Ақтөбе ғана емес, Қазақстанның барлық жылқы ұстаған шаруалары ынтымақтастықта. Осындай қайырымды істер бірден қолдау тауып кетеді екен.

WhatsApp желісінде «Қазақ жылқысы» және «Қазағымның жылқысы» деген тобымыз бар. Онда еліміз бойынша жылқы ұстайтындар жиналған. Жылқы шаруашылығына қатысты барлық тақырыпта сөйлесеміз. Маңғыстау облысында жылқының аштықтан арып, тіпті өліп жатқанын көріп, қарап отыра алмадық. Жылқыға жақын болғандықтан жанымыз ашиды. Сондықтан тамшыдай болса да үлесімізді қосқымыз келді, — дейді Орынбай Жолмұратов.

Ал бұл істің басы-қасында жүріп, ұйымдастыру жұмыстарына белсенді азаматтардың бірі «Жантізер» шаруа қожалығының басшысы Бақытжан Ержанов өз шабындығынан 100 дана орама дайындап қойғанын айтты.

Маңғыстау тұрғындарына көмек беру туралы ұсынысымызды бірден қолдай кеткен азаматтарға алғысымды айтамын. Барлығы да ірі шаруашылықтарды басқарып отырған жігіттер. Бұған дейін де көмектерін беріп, демеушіліктен тартынған емес. Маңғыстау облысынан келетін жүк көліктеріне өзіміз тиеп жібереміз. Ақтөбе облысының барлық азаматтарын көрші облыстың басына түскен істі жұмыла көтеруге шақырамыз. Әрине,барлығы бірдей мал азығын бере алмайды. «Каспий голд» арқылы ақша аударып, қаржылай көмек қолын созып жатқандар да бар. Біз оған шөп сатып аламыз, — дейді «Жантізер» шаруа қожалығының басшысы.

Әзірге бұл шараға Әйтеке би, Хромтау және Алға аудандарының азаматтары көбірек атсалысып отыр.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button