Мәдениет

Ашық аспан астындағы концерт

Бүгін Өнер орталығы ғимаратының алдында «Роктан шансонға дейін» деген тақырыпта «Muzic Fest Open Air» музыкалық фестивалі одан әрі жалғасады.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымы ұйымдастыратын кеште жоғарыда аталған мекемеге қарасты камералық оркестр өнер көрсетеді. Сағат 21.00-де басталатын концертке кіру тегін, яғни бұл ашық алаңда өтеді.

— Мамыр айынан бері демалыс күндері қаламыздың ашық алаңдарында түрлі мәдени ұйымдардың өнер көрсететіні белгілі. Соны жалғастыру үшін біздің филармония маусым айында Өнер орталығы ғимаратының алаңында, «Music Fest Open Air» атты музыка фестивалін өткізуді қолға алды.  Екі сағатқа созылатын концерт аясында бірінші боп «Классика түні» атты концерт ұсынылды. Кешке Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, классикалық музыка ансамблінің әншілері және «Аққу» би ансамблі атсалысты. Сол сияқты өткенде киноәуендері қамтылған концерт өткіздік.

Аталмыш фестиваль маусым мен шілде айларында әр аптаның сенбі күнінде өтеді. Мәдени шара жаз бойы қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі бағыттағы концерттік бағдарламаларды ақысыз ұсынуға бағытталған. Арасында әлемдік деңгейдегі композиторлардың шығармалары да болады. Тек ауа райы қолайлы болуын тілеп отырмыз. Әйтпесе дайындығымыз жақсы, — дейді мәдениет мекемесінің басшысы Елубай Кенжалиев.

Сондай-ақ филармония ұжымы дәстүрлі симфониялық, вокалдық музыканы ұнататын жандар үшін көрерменнің әртүрлі талғамына сай бір жылдық абонементтер топтамасын сатуды қолға алмақ. Осы мақсатта 24 шілде күні Өнер орталығы ғимаратының алаңында алғаш рет абонементтердің жәрмеңкесі өткізіледі. Жәрмеңкеге келген адам әр абонементті 50 пайыз жеңілдікпен сатып ала алады.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button