Мәдениет

Халықаралық симпозиум тақырыбы — ұлы дала мұрасы

Облыстық өнер музейінде халықаралық «Дәстүрлер мен қазіргі заман» мүсіншілер фестивалі өтіп жатыр. Өнер мерекесіне 22 шебер қатысуға ұсыныс білдірген. 

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Ежелгі металлургия» бағыты аясында ұйымдастырылған шара тамыз айына дейін жалғасады. Алыс-жақын мемлекеттердің мүсіншілері де белсенділік танытып жатқан фестиваль онлайн форматта өтуде.

— Халықаралық фестивальға суретшілер де қатысып жатыр. Симпозиумның негізгі тақырыбы — Ұлы дала мұрасының бейнесі, Орта Азия мен Қазақстанның тарихы мен дәстүрлері,  қонақжай халықтың тұрмысы. Осы бойынша мүсіншілер өз жұмыстарын жасауы керек.

Қатысушылардың әрқайсысы бір туындыдан орындап, тас, металл материалдарын пайдалануы тиіс. Көлемі 22 сантиметрден аспасын деген талап қойдық. Дәнекерлеу, жону және кесу  әдісімен жасалатын мүсіндер кейіннен көпшіліктің назарына ұсынылатын болады, — дейді облыстық өнер музейінің қызметкері Іңкәр Әлібекова.

Симпозиум соңында туындылар музей қорына тапсырылады деп күтілуде. Сол арқылы өңірдегі көркемөнер мен мүсін саласын дамытуды көздеген ұйымдастырушылар бұның арадағы шығармашылық байланысты нығайтатынына бек сенімді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button