Басты жаңалықтарЭкономика

Облыста дамудың оң қарқыны сақталып отыр

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен бейнебайланыс арқылы өткен жиында өңірдің 6 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы қаралды.

— Өңірдің макроэкономикалық жағдайы тұрақты,— деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес есептік кезең ішінде өнеркәсіптің физикалық көлем индексі 105,1%-ды құрайды деп болжанып отыр.

Қаңтар-маусым айлары ішінде 955 млрд теңгеге өнім өндіріліп, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 101,8 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 2,3%-ға көп.

Алдын ала есептеулер бойынша осы жылдың алты айы ішінде облыс экономикасына жалпы алғанда 276 млрд теңге инвестиция тартылып, 367 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Жиын барысында қысқы жемшөп дайындау мәселесі де қаралды.

Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Өңірдің басым бөлігінде бұл күндері жаңбырлы ауа райы сақталуда. Ал ауа райы құрғақ болып тұрған Байғанин, Шалқар және Ырғыз аудандарының әкімдері қуаңшылыққа қарамастан, қысқа жемшөп дайындау жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын және күзге қарай толық көлемде орындалатынына сендірді.

— Әдетте қысы суық болмайтын аудандар биылғы жылы да мал жайылымда болады деп үміттеніп жүрмеңіздер. Мал азығын толық жинау керек. Әрбір ауылдық округ, әрбір шаруа қожалығы бойынша қажетті көлемнен кем дайындамағанын нақты білу үшін талдау жүргізу керек. Соңғы жылдары облыста мал басының өсу үрдісі байқалады. Біз мұны сақтап қалуға міндеттіміз, — деді облыс әкімі.

Оңдасын Оразалин аудан басшылары жемшөп дайындау барысына жеке басымен жауапты екенін атап өтіп, жұмысты қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ өңір басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жемшөп дайындауға субсидия төлеуді барынша жеделдетуді және қазірден бастап оларға осы төлем түріне құжаттар рәсімдеуге көмектесуді тапсырды.

Биылғы жылы барлығы 2,7 млн тонна қысқы жемшөп жинау жоспарлануда. Бұл қор 1,5 жылға жетеді. 3 шілдедегі жағдай бойынша жоспар 30%-ға орындалған.

Сонымен қатар жиында COVID-19-ға қарсы вакциналау мәселесі де талқыланды. Коронавирустың алдын алу және вакциналаудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстарын, оның ішінде еңбек ұжымдарында күшейту тапсырылды.

— Екпе алу — пандемияны жеңудің жалғыз жолы. Екпеден бас тартқандар басқаларға қауіп төндіретінін түсінуі керек. Тек жаппай екпе алу ұжымдық иммунитетті дамытуға және қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті О.Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button