Жаңалықтар

Жарнамалар тиісті талапқа сай ма?

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан Ақтөбе қаласындағы сауда орындары мен мейрамханаларда «ҚР Тіл туралы» Заңының 21-бабын түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Сәрсенбі күні басқарма басшысы Медет Ысқақов бастаған топ қаладағы бірқатар сауда орындарында болды.

Алдымен түсіндіру тобы «Анвар» гипермаркетіне барды. Басқарма басшысы аталған сауда орнында осыдан бір ай бұрын олқылықтар анықталғанын, сауда орнының басшылығына ескерту жасалғанын айтты.

— «Қазақстан Республикасы Тіл туралы» Заңының 21-бабында көрсетілгендей, көрнекі ақпараттардың жазылуының өзіндік реті бар. Нақтылап айтар болсақ, алдымен ақпарат мемлекеттік тілде жазылуға тиіс.  Содан кейін бірдей өлшемдегі әріптермен орыс тілінде жазылады. Қажеттілігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа тілдерге аударылуы мүмкін. Осы және өзге де ақпараттарды түсіндіру үшін осыдан бір ай бұрын «Анвар» сауда орнында болғанбыз. Көп ақпарат тек орыс тілінде ғана жазылғанын көріп ескерту жасадық. Міне, аз ғана уақыттың ішінде сауда орнының әкімшілігі барлығын екі тілге аударып үлгерген. Тіпті сөредегі тауарлардың бағасы жазылған кішкентай қазаздар да қазақ және орыс тілдерінде жазылыпты. Жарнама жасаудың қомақты қаражатты қажет ететінін жақсы білеміз. Сондықтан жарнама агенттігінің өкілдерінен, кәсіпкерлерден, шағын және орта бизнеске жаңадан қадам басқан азаматтардан жарнамаларында грамматикалық, стилистикалық қателер кетіп қалмас үшін біздің басқарма мамандарына хабарласып, бір нақтылап алуларын сұраймыз, — деді басқарма басшысы.

«Анвар» гипермаркетінің директоры Сара Медиева сауда үйінде ілінген жарнамаларға қатысты тұрғындар тарапынан да шағымдар болғанын, дегенмен барлық олқылықтарды дер кезінде түзеткендерін айтады.

Бұдан соң басқарма басшысы бастаған топ электр тауарларын сататын «Энергия» сауда үйінде болды. Сауда үйінің кеңсе меңгерушісі Альбина Шоқанова ашылған уақыттан бері мұндағы барлық жарнама, тауар атаулары қазақ және орыс тілдерінде қатар жазылатындығын мәлімдеді.

— Бізде тұтынушы құқығы қатаң сақталған. Сатып алушыларға қай тілде қызмет көрсету ыңғайлы болса, сатушыларымыз сол тілде сөйлейді. Ал сауда үйіне ілінетін жарнамаларда үлкен қателер кетіп қалмас үшін облыстық тілдер басқармасымен тығыз байланыста жұмыс жасап отырамыз, — дейді Альбина Шоқанова.

Ал түсіндірме жұмыс тобы барған «Алтай» базарында «ҚР Тіл туралы» Заңының 21-бабында көрсетілген талаптарға сай келмейтін олқылықтар анықталды.

Базар ішіндегі жеке дүңгіршектердің көбінің атауы, қандай қызмет ұсынатындары тек орыс тілінде жазылыпты. Басқарма басшысы базардың әкімшісіне қате және тек орыс тілінде жазылған жарнамалар мен маңдайшаларды көрсетіп, оларды түзету үшін бірге жұмыс жасауға шақырды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button