Жаңалықтар

Маңғыстау облысына шабындық жер берілді

Биыл көршілес Маңғыстау, Қызылорда облыстары қуаңшылықтан қатты зардап шегіп отыр. Қыстың қары мен көктемнің жаңбыры аз түсіп, шөп шықпай қалды. Әсіресе Қызылорда облысының Арал ауданы Құланды өңірінің жайы былтырғыдан қарағанда тым қиын. Осыған байланысты Ақтөбе облысынан Маңғыстау облысының бес ауданына көмек ретінде шабындыққа жер берілді.

Мал азығын дайындауға байланысты облыс әкімдері меморандумға қол қойды.

Қобда ауданынан 10 мың гектар жер беріліп,Байғанин, Темір аудандарынан да маңғыстаулықтар келіп мал азығын дайындайтын болды.

Биыл өзімізге 246 тонна шөп дайындау жоспарымызда тұр. Өткен жылдан қалған 18 мың тонна қорымыз бар. Маңғыстау облысының Шетпе, Мұнайлы, Форд-Шевченко аудандарынан келіп мал азығын алатын болды. Негізінен, шаруа қожалықтары сондай ұсыныс жасап отыр. Біздің шаруа қожалықтары мал азығын дайындап қояды. Олар өз көліктерімен тиеп әкетеді. Ортақ бағаға келіседі. Бұған дейін 2014 дана орама (руллон), 8000 дана бума (тюк) жіберілді,  — дейді Қобда аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бағдәулет Түктібаев.

Ал Байғанин ауданынан Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы шөп тасымақ. Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаровтың айтуынша, ауданда 6 миллион гектар жер бар. Оның 2,5 миллион гектары шаруа қожалықтарына берілген.

Бейнеуліктерге Дияр, Үстірт, Доңызтау жағынан жер бердік. Солжерлерден мал азығын дайындап ала береді. — дейді Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров.

Темір ауданы Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына мал азығын дайындайтын болды. Жергілікті шаруа қожалықтары шабындықтың басынан сатады. Аудан бойынша бір көлік шөптің бағасы 40-50 мың теңге аралығында. Айта кетсек, Маңғыстау облысында бір бума шөптің құны — 1200 теңге.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button