Жаңалықтар

Екі күнде екі айлық жауын жауған

Ақтөбеде екі күннен бері толассыз жауған жаңбырдан қала көшелері суға толды.

Синоптиктердің мәліметіне сүйенсек, соңғы бір тәулікте жауған жаңбыр мөлшері 54,7 миллиметрді құраған. Шілде айындағы болжам бойынша жауын-шашын мөлшері 29 миллиметр болуға тиіс. Яғни Ақтөбеге екі күнде екі айлық жауын-шашын мөлшері түскен.

Тұрғындар бір айға жуық уақытқа созылған аптап ыстықтан кейін жаңбыр жауғанына қатты қуанғаны рас. Алайда күні-түні толассыз жауған жауыннан қала көшелері суға толып, жаяу жүргіншілерді біраз әбігерге салды. Сондай-ақ көлік жүргізушілері су сорғылаумен айналысатын мекемелердің жұмысына көңілі толмайтындарын айтып наразылық танытуда.

Ақтөбе қалалық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, екі күнде қала аумағында жаңбыр суын арнайы техниканың көмегімен және насостар арқылы сорғылау, суағарлар арқылы Саздыға қарай ағызу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 100-ден астам техника жұмылдырылған. Қазір 40-тан астам адам арықтарға судың бағытын бұру жұмыстарымен айналысуда. Сондай-ақ 5 насостық станция жұмыс істеп тұр, 10 стационарлық насос шұғыл іске қосылған.

Түнде жауынмен қатар, қала аумағында қатты жел тұрып, соның салдарынан тұрғын үйлер мен көшелердегі ағаштар құлап, бірқатар көліктерді басып қалған. Ал бірнеше ауданда қатты желдің кесірінен жарық өшкен. Сондай-ақ қала ішіндегі қоғамдық көліктердің қозғалысы баяулаған.

Соңғы бір тәулікте Ақтөбе қаласынан бөлек, облыс аудандарында да едәуір жауын-шашын болған. Оның ішінде өткен тәулікте Қарғалы ауданының Петропавловка ауылына 34, Қосестек елді мекеніне 35 миллиметр жауын-шашын түскен.

  • Соңғы екі күнде Алға ауданының Бестамақ ауылында 52,9 миллиметр, ал Қарабұлақ ауылында 44 миллиметр жауын-шашын түсті. Сондай-ақ Мәртөк ауданына қарасты Родниковка елді мекеніне 30 миллиметр жауын жауды. Бұдан өзге Әйтеке би, Қобда, Темір аудандарында аздаған жауын-шашын болды, — дейді «Қазгидромет» РМК Ақтөбе облысы бойынша филиалы өкілі Елена Благодарь.

Оның айтуынша, облыстағы аудандар арасында Ырғыз ауданында ғана биыл сәуір айынан бастап ешқандай жаңбыр жаумаған. Басқа аудандарда жаз айларында аз да болса жауын-шашын болған.

Айта кету керек, синоптиктердің болжамынша, облыс орталығында бүгін тағы жаңбыр жауады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button