Жаңалықтар

Тоғызда жаңа клуб ашылды

Елорда күні мерекесі қарсаңында Шалқар ауданындағы Тоғыз ауылдық округінің орталығында жергілікті бюджет есебінен салынған ауылдық клуб ғимаратының ашылуы өтті.

Теміржол бойында орналасқан стансаға сән берген жаңа мәдени нысанның ашылу салтанатына ауыл тұрғындары ертемен жиналып, ортақ қуаныштың куәсі болды.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов тұрғындарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілгелі тұрған клубтың ашылуымен құттықтады. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, жаңа клубқа  компьютер тарту етті.

Ауыл тұрғындары Әбдуәли Жақанов пен Мәдина Қалқаева мәдени орынның ашылу лентасын қиып, ақ жаулықты аналарымыз «Өрісі кең, өнерлі орда болғай!» деп, жақсы ырымға балап шашу шашты. Ардагер теміржолшы Қасқырбай Сарбасов бірер жыл бұрын ауылдан жаңа мектеп ғимараты бой көтергенін, бүгінгі жақсы жаңалық соның жалғасы екенін жеткізіп, осы іске мұрындық болған азаматтарға алғысын білдірді.

Пайдалануға берілген клубта 100 орындыққа шақталған көрермен және оқырман залдары, үйірме,  т.б. қосымша бөлмелері бар.

Осы ауылда кітапханашы болып жұмыс істегеніме он төрт жыл болды. Қазір бізде 5 848 кітап қоры, 482 тұрақты оқырманымыз бар.  Кітап оқуға әсіресе, жастар мен ардагерлердің қызығушылығы жоғары. Енді, міне, жаңа ғимараттан бізге екі бөлме беріліп отыр. Кең әрі жарық осы бөлмелерде түрлі рухани шараларды ұйымдастыруға мүмкіндіктер арта түсті, — дейді Тоғыз ауылдық округінің  кітапханашысы Жұмабай Әбішев.

Жаңа клубтың жалпы жоба құны 57 027,9 мың теңгені құрайды. Құрылысты мердігер «РБ СТРОЙ» ЖШС  жүргізген.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button