Жаңалықтар

Кәсіподақ құқығыңды қорғайды

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен биыл «Бастауыш ұйым» жылы деп жарияланды.

Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығында 132 мыңнан астам  кәсіподақ мүшесі бар. Оның 1181-і бастауыш, 15 жергілікті және 10 салалық кәсіподақ ұйымы. Осы ұйымдарда жұмысшы жастар саны 45  мыңнан асады.

Соңғы үш жыл ішінде кәсіподақ ұйымдарының саны артып, 47 жаңа бастауыш және жергілікті кәсіподақ ұйымы құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 6 мыңға жуық адаммен жаңадан толықты. Құрылыс салалық кәсіподақ ұйымына екі жарым мың кәсіподақ мүшесі бар 11 жаңа кәсіподақ ұйымы құрылған болатын.

Біз бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен  тікелей байланыстамыз. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарына арналған Whatsapp әлеуметтік желісіндегі  топтарына қосылып,  олардың төрағаларымен тікелей байланыс орнатып, сұрақтарын шеше аламыз.

Жыл басынан бері 80-нен астам мекеме ұжымдарымен кездесу өткіздік.

Мұғалжар мен Темір аудандарына іссапар барысында «Кентавр», «Арал Петролеум Компани», «Урихтау Оперейтинг», «Базальт-А», «Силикат-А», «КТП» сияқты кәсіпорындарда кәсіподақ ұйымдарын құру жөнінде мәселе қаралып, еңбек ұжымдары тарапынан қолдау тапты.

Тағы бір айта кетерлігі, мұнайсервистік компаниялардың  жұмысшылары өздері Кәсіподақ орталығына келіп, бастауыш ұйым құруға ниет етіп отыр. Жыл басынан бері «ТУ-ХА», «КНЛК», «Арал Петролеум» серіктестіктерінің жұмысшылары өз еріктерімен бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құрып , жұмыстарын бастап кетті. Сонымен қатар «Каспий нефть», «Батыс мұнай», «Алтиес Петролеум» серіктестіктерінің жұмысшылары да  кәсіподақ ұйымын құруға талпынып жатыр. Бұл Ақтөбедегі мұнай сервистік компания жұмысшыларының еңбек құқықтарын қорғауда кәсіподаққа деген сенімінің артқаны. Осыған дейін көпшілікке мәлім «КМК Ақтөбе» серіктестігінің жұмысшылары жаңадан кәсіподақ ұйымын қайта құрып, жұмыстарын сәтті жалғастырып отыр.

Үш жыл ішінде әлеуметтік әріптестік жөніндегі үш жақты комиссияның 142 отырысы өткізіліп, онда 224 сұрақ қаралып, 127 жұмыс беруші тыңдалды.

Ағымдағы жылдың басынан бері облыста еңбек қатынастарындағы жағдай тұрақты деп айтуға болады, — дейді облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев.

Жалақыны уақтылы төлеуді қамтамасыз етпеген кәсіпорындар штабтың отырыстарында және үш жақты комиссияларда жедел қаралады.

Облыста 6 мекеме 150 қызметкердің алдында 44 миллион теңге қарыз.  Оның екеуі банкроттық рәсімінен өтуде. Қарызы бар мекемелерде кәсіподақ ұйымдары құрылмаған. Бірақ Кәсіподақ орталығының араласуымен 45,6 миллион теңге берешек өтелген.

Жалақыны көтеру мен жұмыс орындарын сақтап қалудың тиімді шараларының бірі — үшжақты меморандум.

Бүгінгі күнге дейін облыста 5 455 меморандумға қол қойылды, бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар санының 51%-ын құрайды.

Кәсіподақтар орталығы еңбекті қорғау мен еңбек жағдайларын жақсартуға байланысты қоғамдық бақылау жасайды. Келісім комиссиясы  және өндірістегі келеңсіз жағдайларды тексеру жөніндегі комиссиялар арқылы кәсіподақ мүшелерінің мүдделері қорғалып, құқықтық мәселелер жөнінде ақысыз кеңестер береді.

Самат ЕСЕНҚҰЛ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button