Басты жаңалықтарЭкономика

Қарғалы қамсыз қалмайды

Баспасөз мәслихаты

Қарғалы ауданыауылшаруашылық саласы бойынша 5 айда 5 миллиард теңгенің өнімін алыпты. Бұл туралы Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихатында айтты. Аудан басшысының дерегіне сүйенсек, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі жылбасынан бері 2 миллиард 514 миллион теңгені құраған.

Көшпелі баспасөз мәслихатында журналистерге ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралыбаяндаған аудан әкімі жел электр станциясы құрылысының екінші кезеңі іске асатынын айтты. «ARM WIND» ЖШС қолға алатын жобаның құны — 37 миллиард теңге. Бұдан ауданға түсетін инвестиция көлемі 20 миллиард теңге болады.

Қарғалы жер көлемі жөнінен шағын болғанымен, аудан орталығы қала іспеттес. Ресми қала атауы болмаса да, Хромтау, Алға, Қандыағаш қалаларындағы секілді көп қабатты үйлер баршылық. Орталықта 50-ге тарта көп қабатты үй бар. Қосымша тағы бес қабатты үйлер бой көтеріп жатыр. Биыл бес қабатты 60 пәтерлі үй, екі қабатты 8 пәтерлі екі тұрғын үйдің қабырғасы қаланып жатыр. Бұл құрылыс нысандары жыл аяғына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Бадамша селосындағы көше жолдарының дені жөнделген. Ендігі кезекте ауылдық округтерге баратын жол мен ауылішілік жолдар кезең-кезеңімен жаңаратын болады.

Ауданның жалпы жағдайы тұрақты. Көшу тоқтаған. Мал бағып, егін салған ауылдар тұрмыстарын түзеп алған. Ал мамандар жағына келетін болсақ, облыс орталығынан 1 сағаттық жерде орналасқан Бадамшаға келіп жұмыс істеушілер көп екен.

Бізде маман тапшылығы жоқ. Ауруханаларымыздың барлығында штатқа сай дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Аудан бойынша 1 емхана, 54 кереуеттік аурухана, 6 дәрігерлік амбулатория және 7 медициналық пункт бар. Медициналық қызметкерлеріміздің саны жеткілікті, дәрігер тапшылығы байқалмайды. Бұған дейін Петропавл ауылындағы дәрігерлік амбулатория ескі әрі тар болатын. Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының тікелей қолдауымен бұл мәселе оң шешімін тауып, жаңа ғимаратқа көшірілді. Ал аудан бойынша бірде- бір мал ұрлығы  болмады, — дейді аудан әкімі Асқар Жүсібалиев.

Бадамшадағы Мәдениет үйінің ауласы жергілікті шеберлердің қолымен жасалған әсем бұйымдарға толыпты. Әдемі безендірілген клубтың іші де көз тартады. Ал орта мектептердің бірінің ауласында жазғы балалар бассейні орналастырылған. Бау-бақша егіліп, жеміс ағаштары отырғызылыпты. Көшенің сәнін келтіретін ғимараттар салынып жатыр. Денешынықтыру-сауықтыру кешені, 150 орындық балалар өнер мектебі және 70 орындық интернаты бар 300 орындық мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Егінді ауданның ауылдық округтерінің ажары кіре бастады. Ащылысай мен Әлімбет ауылдарына газ құбыры тартылып жатыр. Қашықтығы 36 шақырым болатын оның құны — 1 миллиард 97 миллион теңге.

Табысын егіспен еселеп отырған аудан биылғы жылы 160,6 гектар жерге тұқым септі. Бұл науқанға 14 ЖШС, 1 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі және 117 шаруашылық кіріскен. Жыл басынан бері барлығы 13  жаңа техника сатып алынды. Облыс бойынша суармалы жері көп Қарғалының игерілген жерлерінің жалпы аумағы — 4763 гектар. Алайда жайылым тарылып отырған жоқ. Ауданда асылтұқымды малды көбейту көзделген. Биыл 1100 аналық сиыр сатып алуды жоспарлап отыр. Қой басын көбейту мақсатында «Богдан», «Абыл» шаруа қожалықтары «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы несие алды.

Наны арзан ауыл

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Степной ауылына барып, «Степное» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Округ әкімі Гүлмайра Нұреділованың айтуынша, округте 268 түтін бар. Степной ауылында 600-ге жуық адам тұрады. Оның 200 адамы «Степное» ЖШС-ында жұмыс істейді. Өйткені бұл округте табыс көзі көп. Еншісі бөлінбеген Қайрақты елді мекенін қосқанда 2 ЖШС, 11 шаруа қожалығы бар. Соның бірі  «Степное» ЖШС мал өсіріп, егін салады. Шұжық, күнбағыс майын дайындайтын цехы бар. Шағын наубайханасы жұмысшыларын да, ауыл тұрғындарын да нанмен қамтып отыр. Облыстағы ас атасы ең арзан ауыл — осы. Мұнда бір бөлке нанның бағасы — 50 теңге.

Серіктестіктің басшысы Аманқос Төлеуов шаруашылықтың тізгінін 36 жылдан бері ұстап келеді. Оның айтуынша, жұмысшы күші қартайып барады. Алайда жалақысы, істеген жұмысына қарай маусымдық табысы көп болғасын күнкөріске жетеді. Оның үстіне қосымша азық-түлік, малына жемшөп тегін беріледі.

— Мал бағатындарға тәулігіне тамақ беріледі. Жалақыдан ұстап қалмаймыз. Бізде ең төменгі жалақы — 68 мың теңге. Ал ең көбі егін орағы кезінде істеген жұмыстарына қарай, тапсырған жопсарларына сай 650-700 мың теңгеге дейін табады. Бұл кезде комбайншылардың қалтасы қалыңдайды. Серіктестік жұмысын адал атқарғандарға ақша аямайды. Әрине, адамдардың бәрімен тіл табысып жұмыс істеу оңай емес. Әркімнің жеке мәселесі бар, көмек сұрап келеді. Менің ұстанымым — ешкімді ренжітпеу. Қолымнан келсе, көңілін табуға тырысамын. Әрбір жұмысшымен тең адамдай сөйлесемін. Қалай болғанда да, жұмысты жүргізу керек. Міне, биыл жаңбыр жоқ. Шаруалар алаңдаулы. Бірақ үміт үзбейміз. Егініміздің әлі көктігі көңіліміздібірлендіріп тұр. Осы жылы да табыссыз қалмаймыз, — дейді серіктестіктің басшысы.

Биыл Степной ауылдық клубы105 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтеді. Ал 96 миллион теңгеге 5 көшеге асфальт төселеді.

Бекіреде береке бар

Балық өсіріп, бизнесін жалғап отырған «Ардағым» шаруа қожалығы бұл кәсіппен 30 жылдан бері айналысып келеді. Осы жыл ішінде тәжірибежинаған шаруашылық балықтардың бабын табуды әбден меңгерген. Кәсіпкер Қали Исмайыловтың ісін баласы кейін немересі жалғастырып келеді. 2006 жылы Атырау қаласындағы балық зауыттарының бірінен тұқым әкеліп, жыл сайын көбейтіп отыр. Алдымен шабақтарды арнайы орынға бағып, өсіріп алғаннан кейін тоғанға жібереді. Шабақ күйінде екі сағат сайын тамақтандырып отыру керек. Өте ұсақ болғандықтан мәпелеуді қажет етеді. Судыңда бірқалыпты тұруы сағат сайын қадағаланады. Қазіргі таңда балықтың 10 түрі бар. Ақ амур, бекіре секілді балықтары сұранысқа ие. Облыс орталығына жіберіледі.

Балық аулау қызық болғанымен, оны бағудың бейнеті көп. Бармақтай шабақтар өсіп, аулап жеуге келгенше 3-4жыл керек. Әзірге үлкенді-кішілі 20-дан астам тоғанымыз бар. Тоғандағы су арнайы құрылғымен тазаланып тұрады. Жылына 10 тонна бекіре балығын сатамыз. Көбіне мейрамханалар мен ауыл тұрғындары сатып алады, — дейді шаруашылықтың жас басшысы Момынжан Қалиев.

Оның айтуынша, шаруашылық жылына 100 тоннаға дейін балық өндіруді жоспарлап, 5 тоннаға дейін уылдырық алуды көздейді. Алайда бұған оншақты жыл керек. Жоспары құлаққа жаққанымен, қомақты қаражатты қажет етеді. Әзірге балық шаруашылығына субсидия берілмейді.

Еліміздегі тоғанда өсірілетін тауарлы бекіре балығын  сататын жалғыз шаруашылық облыстың мақтанышы десе болады.

«Ардағым» шаруа қожалығына қонақтар көп келеді. Әсем табиғаты, биік талдар өскен тау етегімен аққан өзен бойы демалуға қолайлы орын. Сол үшін де келушілер үшін арнайы үйшіктер жасалған. Бұл жерден  балық аулауға құмартсаңыз, кіру ақысы — 5 мың теңге. Ұзын жолдың жиегінде шаруашылықтың жолаушыларға  арналған асханасы бар. Ас мәзірінен қуырылған балық еті мен дәмді сорпасы үзілген емес. Сондықтан да жүргіншілер осы жерге жиі тоқтайды.

P.S. Биыл жауын-шашынның аз түсуінен Қарғалы ауданының шабындығы сирек, түсімі аз. Шөпшілер шөпті 30-40 шақырым жерге дейін ұзап шабуға мәжбүр. Сол себепті шөптің бағасы ұшып тұр. Бір бумасы (тюк) — 600-700 теңге. Тұрғындар шөпті Хромтау ауданынан көптеп келедідеп отыр. Сол кезде бағасы сәл түседі. Алайда Хромтау, Әйтеке би аудандарында да шабындық шөлдеп тұр. Сол себепті қарғалылықтар мал азығын ерте қамдағаны жөн.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button